Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы мәдениет күндеріне орай К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында көрерменге Е.Төлеубайдың «Жеңгетай», Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» шығармалары бойынша қойылған спектакльдерді ұсынды.
Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы мәдениет күндеріне орай К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында көрерменге Е.Төлеубайдың «Жеңгетай», Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» шығармалары бойынша қойылған спектакльдерді ұсынды.
Бағдарламадағы барлық қызықтан құр қалғың келмейді. Облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойған Р.Кунидің «Он үшінші нөмір» қойылымы, Конгресс-Холдағы «Шырайлы оңтүстіктің шежіресі» атты Оңтүстік Қазақстан облысы мұражайларының және қолөнер шеберлері мен суретшілерінің кеңейтілген көрме-экспозициясы, балаларға базарлық ретінде «Оңтүстікфильм» мекемесінің Астана қаласындағы балалар үйлеріне алып келген «Қазақстан барысы», «Қанатты барыс туралы аңыз», «Қазақстан бренді», «Толағай», «Сапа олимпиадасы», «Ертегілер еліне саяхат», «Мұңлық пен зарлық» анимациялық фильмдері, Астана циркіндегі «Оңтүстік-цирк» мекемесінің «Алақай, Балақай» қойылымы және осының бәрінің түйіні іспетті Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің «Ән-шашуым өзіңе, мерейлі Астанам» концерті сияқты өнер тартуының қай-қайсысын алып қарасаңыз да қоғам үшін өте қажет рухани құндылықтар.
Соның бірі, мысалы Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының «Жеңгетай» комедиялық қойылымы қазіргі таңдағы өте бір өткір мәселеге ден бұрғызады. Авторы – белгілі кино және театр актері, режиссер, драматург Ерсайын Төлеубай, ал қоюшы режиссері – Иманәлі Сапаров.
Өмірден әркімнің де өз бақытын тапқысы келеді. Бірақ сол бақыт деген нәрсені кім қалай түсінеді? Байлық па, қызмет пе, мансап па...? Мұндайда ақын Мұхтар Шахановтың:
«Талайларға байлық жинау болса-дағы бас арман, Кейде Бақыт байларға да қолын бермей қасарған. Әлде Бақыт сұлулық па, олай дейін десем мен, Сұлулар жүр бай аяққа кілем болып төселген...» деген жыр жолдары еріксіз еске оралады. Ал Жұмекен Нәжімеденовтің:
«Бақыт деген немене? сұлу қыз ба деп қалам, әр жігітпен бір билеп, бір жігітке тоқтаған. Менімен де бір билеп кетпеді деп күймеңіз: шақырушы көбейсе шықпайды ғой биге қыз» деп келетін өлеңі өз алдына бір төбе. Спектакль авторлары осы бір үлкен тақырыпты әзіл-қалжыңмен езуге күлкі үйіре отырып, терең ойға батыра баяндайды.
Өмірде жұмыр басты, жұлын өзекті жандардың қай-қайсысы да бақыт құсын бақшасына қондыруды армандап өтеді емес пе? Екі жастың үйлену тойында жалпақ қауым жабылып тағы да бақыт тілеп жатады. Іңгәлап жаңадан дүние есігін ашқан сәбиге де сол тілек. Біреулер адамның бақытты болуының бес түрлі бағытын айқындап шығыпты. Бірінші байлық – денсаулық алғашқы кезекті иеленсе, екінші орында махаббат пен отбасы тұрады екен. Содан кейін барып қана – достары, байлық және мансап, қызмет дегендер рөл атқарады. Осы бес нәрсе маңдайына бірдей жазылған адам бақытты адам болып есептеледі-міс. Солай дегенмен де көп ретте қазақ өмірлік жар тауып, отбасын құруды, бала сүюді бақытқа балап жатады. «Жеңгетай» спектакліндегі өмірлік серігін іздеген пенделер де сондай бақытқа бір табан жақын тұрған жандар.
Қойылымда Толым апайдың пәтерін жалдап тұратын 4 бойжеткен қыздың тағдырына алаңдап, оларға жар таңдаған жеңгетайдың әңгімесі баяндалады. Күлімкөз жеңгетай (рөлді сомдаған Ұлжалғас Сафарәлиева) мінез-құлқы төрт түрлі аруды төрт сері жігітпен таныстырып, ертерек тұрмысқа беріп құтылудың қамына кіріседі. Себебі, Толым апайдың (рөлді сомдаған Айжан Жұмабекова) өзі де жасы егде тартып қалғанына қарамастан Қотан ақсақалға тұрмысқа шығып, қалған ғұмырын онымен шаттықта өткізуді көксейді. Комедиялық жанр болғанмен қойылымның көтеріп отырған ойы өте актуальді болып саналады. Баяғы заманда қазақта жеңгетайлар қалың қауымның жұмыла кіріскенде қолынан келмей жататын көп жұмысын бір өзі тындырып шығатын. Ал бүгінде жеңгетай ұғымы бірте-бірте солғын тартып, тіпті, қазіргі құқықтық тілмен айтқанда керісінше теріс сипат алып кетті. Жымысқы бұзық әрекетпен, адам тәнін саудалаған алаяқтардың ісіне көбірек қолданылатын терминге айналды. Оған тағы бір себеп – адамдар арасындағы қарым-қатынастың суып, мейірім, қамқорлық, жанашырлық сәулесінің бәсеңсуі. Режиссер Иманәлі Сапаров сахналаған «Жеңгетай» спектаклі ұмыт болып бара жатқан сол дәстүрді тірілтсе, бақытын сарыла іздеген қазақтың қазіргі сандаған қаракөз қарлығаштары бағын тауып, баянды тіршілік кешер еді деген ойды алға тартады. Себебі, қазір жоғары білім алып, өзі таңдаған кәсіпке қол жеткізгенмен, ең басты парыз – тұрмысқа шығып, бала сүю шаттығынан кеш қалған тағдырлар жетіп артылады. Егер жеңгелеріміз сол жолдан таймай, ежелгі міндетін мінсіз атқара бергенде, мұндай жағдай тым етек жаймас еді деген ой жатыр қойылым астарында. Сондықтан, бұл туынды жеңіл-желпі сияқты болып көрінгенмен, ар жағында өзекті ой қылаң беріп, халықтық қалыптың тамыры неліктен тартылып барады деген идеяны меңзейді.

Сахналық шығармадағы кейіпкерлер бойындағы мінез-құлық күлкілі әрі жеңіл қабылданады. Зілтемір көтеретін спортшы қыз Күлқайша (Нұржамал Қаламбаева), орыс тілді Лола (Жәмила Бекмұрзаева), елгезек мінезді Әйбат (Ақмарал Әділбекова), жаны нәзік, жасқаншақ Жанұя (Бәтима Оразова) бейнелері арқылы бүгінгі қыздардың жиынтық образы бедерленеді. Олардың тағдыры да, өмірден алған тәлім-тәрбиесі де бөлек-бөлек. Бір-бірін қайталамайды, әрқайсысының таным-талғамы да түрліше. Не біріктіреді? Жолдары қай тұста тоғысады? Бақыттарын іздеу жолында. Ана атануды алға қойған кезден бастап. Бір шаңырақтың астында тағдырлары түйіскен арулар ең соңында сол армандары орындалып, бір-бір ақ отаудың жарасымды гүлдеріне айналады. Спектакль Көпбай, Әпчан, Шайқы, Керімсал рөлдерімен ширыға түсіп, қызықты оқиғаларымен тартады. Қойылымдағы бастау, шарықтау, түйін сынды қажетті шарттар мұны көрерменнің бір деммен тамашалауына мүмкіндік туғызып тұр. Сахнаның басты міндеті көрушіні жалықтырып алмау, оқиғалар арасында зеріктірер бос, қуыс орын болмау, залды өзінен алыстатпай ұстау десек, міне, осы талаптарға ол толығымен жауап бере алды деп ойлаймыз.
Қойылым режиссері Иманәлі Сапаровпен әңгімелескенімізде комедия жанрының өзге жанрлармен салыстырғанда ерекше болып келетінін айтты. «Бұл жанр әрі күрделі, әрі әртіс үшін өте қызғылықты. Күрделі дейтініміз, өмірдің ащы ақиқатын мұндай жеңіл үлгіде орындау өте қиын. Бұл залдағы сырттай тамашалаған адамға күлкілі болғанмен, рөлді орындаушы үшін олай емес. Қызғылықты деуіміз, мұнда актер өзінің бойындағы қабілет-қарымды барынша ашып көрсете білуіне мүмкіндік мол» деді.
Кешкісін Қазақстанның халық әртісі Е.Оразымбетов сахналаған Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклі тамашаланды. Абайды «Парасат» орденінің иегері Сапар Өтемісұлы, Құнанбайды мәдениет қайраткері Мұхан Шакиров, Оразбайды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ошат Рахимов, Көпбайды Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Мәжит Ілияасқаров, Күнтуды Садық Жақыпов сынды театрдың белді де жетекші әртістері орындады. Рөлдер нанымды, шынайы қабылданды. Көңіл көркем ойға суарылды. Жыр отының жылуы тарады.
«Жүректің көзі ашылса,
Түседі хақтың сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі»
деген Абай атамыздың кемел ойы қалды санамызда.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.