Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Астана қаласының маңайындағы Қосшы, Қараөткел, Қоянды, 96-разъезд, Талапкер ауылдарында жаңа, заманауи мектептер мен балабақшалар ашылды.
Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Астана қаласының маңайындағы Қосшы, Қараөткел, Қоянды, 96-разъезд, Талапкер ауылдарында жаңа, заманауи мектептер мен балабақшалар ашылды.
Бұрнағы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізіп, сонда сөйлеген сөзінде атқарушы билік өкілдеріне Астана қаласының айналасындағы 30 шақырымдық аймақта орналасқан елді мекендерді абаттандыру және олардың әлеуметтік әлеуетін арттыру туралы нақты тапсырмалар берген болатын. Кеше Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Қосшы ауылында 1200 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Жалпы құны 1,4 млрд. теңге болатын төрт қабатты бұл заманауи мектеп құрылысын «ABINUKAS» ЖШС екі жыл ішінде салып, жас жеткіншектердің игілігіне беріп отыр.
Қосшы кентіндегі жаңа мектеп ғимаратын пайдалануға беру салтанатына Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов және Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов қатысты. Осы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Білім және ғылым министрі Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығының нәтижесінде соңғы жылдары елімізде 500 жаңа мектеп пайдалануға берілгенін, алдағы 2014 жылдың өзінде ғана тағы 50 мектеп оқушылар үшін есігін айқара ашатындығын мәлімдеді. Өз кезегінде облыс әкімі Қосшы кенті тұрғындарын осындай тамаша білім ордасының ашылуымен құттықтай отырып, Елбасының атынан жаңа мектепке 32 компьютер және теледидар сыйлады.
Елорда жанындағы Қоянды ауылында 280 бүлдіршінге тәрбие беретін «Аялы-Ай» атты жаңа балабақша ғимараты ашылды. Жалпы құны 569 млн. теңгені құраған бұл мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі құрылысын «ASTУ» ЖШС жүргізген. Екі қабатты бұл ғимарат жеке жылу, су және кәріз жүйелерімен жабдықталған.
Іскер азамат Бақберген Мәуленов басқаратын Целиноград ауданына қарасты елорда іргесіндегі Қараөткел ауылында бүгінгі заманның сұраныстарына толық жауап беретін, жалпы құны 1,7 млрд. теңге тұратын 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп ғимараты есігін айқара ашты. Ашылу салтанатында осы ғимаратты салған «Райкен» құрылыс ұйымының басшысы Данияр Тұңғышбаев мектеп директоры Алтынқан Әленоваға жаңа мектептің символдық кілтін табыс етті.
Сонымен бірге, Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында астаналық облыстың Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылында 280 орындық балабақша да пайдалануға берілді. Жаңа үлгімен салынған, жан-жақты жарақтандырылған бұл жаңа балабақша ғимаратын «Аян» ЖШС-нің құрылысшылары тұрғызған. Сол күні осы ауданға қарасты 96-разъезд елді мекенінің тұрғындары да үлкен қуанышқа бөленді. Бұл елді мекенде «Астана Көктем С» ЖШС құрылысшылары тұрғызған 140 орындық жаңа балабақша ғимараты бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашты.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».