Эфир барысында ол өңірлік инспекцияның басты міндеттеріне тоқталып өтті.
«Аумақтық инспекцияның негізгі міндеті – облыстағы жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, аңшылық, балық шаруашылықтарын мемлекеттік бақылаумен қамтамасыз ету болып табылады. Облыста 12 ерекше қорғалатын табиғи аумақ (көлемі 2,8 млн га), 9 аңшылық шаруашылығы және 18 балық шаруашылығымен айналысатын мекемелер тіркелген. Облыстағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жері 2,8 млн гектарды алып жатыр»,- деді инспекция басшысы.
Ғ.Досатов өсімдіктер мен жануарларға қатысты қандай да бір заңсыздықтың куәсі болған жағдайда міндеттті түрде аумақтық инспекцияға хабар беруді өтінді.
«Біз бейжай қалмауымыз керек. Табиғат байлықтарын сақтау тек тиісті мекемелердің емес, жұртшылықтың бірлесе істейтін шаруасы. Бізді тұрғындарымыздың қоршаған ортаны қорғау саласында белсенді болуы қуантады»,- деп айтты ол.
Эфир барысында браконьерлікпен күрес мәселелері де талқыланды. Спикердің сөзінше, биылғы жылы Бейнеу және Қарақия аудандарында Қызыл кітапқа енген қақақұйрық жануарын заңсыз аулау бойынша екі іс тіркелген. Екі іс бойынша да кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 3 жыл бас бостандығынан айырылған.
«Соңғы жылдардағы санақ бойынша арқар мен қарақұйрықтың саны өсіп жатқанын байқадық. Бұл табиғатты қорғау ұйымдары мен әкімдіктің бірлескен жұмысының нәтижесі. Көрші елдер аумағынан леопардтың келуі де оған қорек болатын жануарлардың көбейіп, қолайлы ортаның қалыптасуының белгісі»,- деді инспекция басшысы.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін әлеуметтік желілерде Маңғыстау өңіріне ұшып келген қоқиқаздар қызу талқыға түскен болатын. Ғаббас Досатов бұл мәселеге қатысты инспекцияның позициясын түсіндіріп өтті.
«Қоқиқаз аймаққа көктем және күз мезгілдерінде келеді. Биыл қала маңындағы Қаракөлге келіп тұрақтаған. Қанатты құстар мұнда Ақмола облысындағы Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы Теңіз-Қорғалжын көлдерінен ұшып келген. Мамандардың айтуы бойынша қоқиқаздар Маңғыстаудан әрмен қарай, Түркіменстан, Иран мемлекеттеріне бет алады екен. Бұл құстардың Қаракөлге келу себебі - көлдің суы жылы әрі қоректік заттарға бай болуынан. Қоқиқаз қонған көл Қарақия қаумалында. Ерекше қорғалатын аумақтар туралы Заңға, Паспортқа сәйкес қаумал аумағында аң-құсты жөнсіз мазалауға болмайды. Зерттеу жұмыстары да келісіммен, рұқсатпен жүзеге асырылады»,- деді ол.
Тікелей эфирде бұдан бөлек өңірде сирек кездесетін жануарлар, экотуризмнің даму тенденциялары жайлы сұрақтар қамтылып, көрермендер тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар алынды.