Спорт • 26 Қараша, 2020

Күрестен 60 кило салмақта Айдос Сұлтанғалидің асығы алшысынан түсті

131 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде грек-рим күресінен өткен Қазақстан чемпионатында 60 кило салмақ дәрежесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

60 кило салмақ дәрежесінің фавориттері Мейрамбек Айнағұлов пен Айдос Сұлтанғали екені сөзсіз. Екеуі де дүниежүзілік додаларда дараланған дүлдүлдер. 26 жастағы Мейрамбек 2017 және 2019 жылдары жүлдегерлер қатарына қосылды. Парижде ол күміс алса, Нұр-Сұлтанда қолаға қол созды. Одан бөлек, Ақтөбе облысының өкілі Азия ойындарында үшінші сатыға табан тіресе, Азия біріншілігінде бір күміс пен екі қоланы қоржынға салды.

24 жастағы Айдос 2018 жылы Будапеште ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медальді мойнына ілді. Қызылордалық спортшының басқа да атақтары аз емес. Осы жайттың барлығын ой елегінен өткізген мамандар басты тартыс айтулы қос саңлақ арасында өрбиді деп топшалады. Бірақ бұл жорамал жоққа шықты. Айнағұлов ширек финалда өскемендік Ернар Фидахметовке жол берді.

Финалда Айдос Сұлтанғали Ернар Фидахметовтен басым түссе, Мейрамбек Айнағұлов пен ақмоалық Дастан Зарлыханов қола медальді еншіледі.

Соңғы жаңалықтар