17 Сәуір, 2010

АЖЫРАСУҒА ӘЙЕЛ МҮДДЕЛІ. НЕГЕ?

678 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Шаңырақ көтерген жас отау­­лардың тең жарымына жуығы арада бірер жыл өтпей-ақ ажырасып жататынын бүгін­де жұрттың бәрі біледі. Ең қиы­ны, ажырасуға арыз беруші­лер­дің дені әйелдер екен. Бұл, сөз жоқ, әйел затының отбасы бере­кесін сақтауға ынтасыздығының белгісі. Яғни, отбасы тәрбие­сін­де жіберілген ақаудың әсері. Әйтсе де олардың бәріне бірдей қара бояуды баттастыра жағудан аулақпыз. “Арқада қыс жайлы бол­­са, арқар ауып несі бар” де­ген­дей, ажырасуға оларды мәж­бүр ететін жәйт – өмір жолына бірге аттанған жарының отбасы жылуын сақтауға жауапсыздығы екені де анық. Расында да осы күндері жігіттердің арасында отбасын асырамақ түгілі, өз басын алып жүре алмай жүр­гендері де толып жатқан жоқ па... Әрине, айта берсе, тізе бер­се жас шаңырақтың күй­реуіне әкеп соғатын себеп те, салдар да аз емес. Дегенмен, ең басты себеп – жастардың отбасын құруға деген жауапсыздығы, дайындығының жоқтығы де­мес­ке шара жоқ. Ұрыс-жан­жал кірген, ақыры ажырасып тынған мұндай отбасында ең алдымен бала жапа шегеді. Бұрындары ата-анасы ажы­рас­қан жағдайда бала көбінде ана бауырында қалатын. Негізі­нен бұл дұрыс шешім. Өйткені, бала­ға анасынан жақын кім бар?! Алған тәрбиесі, білім-білігі бір-біріне сай келетін, ауру-сыр­қауы жоқ ананың баланы же­тім­сіретпей, көңіліне қаяу сал­май өсіріп, азамат етіп қа­тарына қосатынын да өмірдің өзі дәлел­деп отыр. Содан да заң орын­дары негізінен баланың анасын­да қалуы басы ашық мәселе деп қарай­тын. Ал енді осы күндері сот арқылы ажы­рас­қан кезде баланың әкесінде қалуын өз еркімен қалайтын әйелдердің қылаң бере бастауын қалай түсі­неміз? Бұл баланың бақуат­ты әке­нің бауырында ешнәр­се­ден таршылық көрмей өсуін ойлау ма, жоқ әлде бауыр еті пер­зенті­нің бейнетінен қашқақ­тау ма? Міне, осы жағы ойландырады. Міне, осы жәйттер Прези­дент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отыры­сында әңгіме өзегіне айналды. Негізгі әңгіме, күн тәртібіндегі мәселе басқа, яғни гендерлік тепе-теңдік мәселесіне байла­нысты судьялардың, адвокаттар­дың білімін жетілдіру, оларды қажетті осы тұрғыдағы оқу бағдарламалармен қамтамасыз ету болғанымен жоғарыдағы жәйттің көбірек сөз болуы, оған көпшілік тарапынан мейлінше мән берілуі бұл мәселеге ешкім­нің де бей-жай қарамай­тындығын аңғартады. Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі, Прези­дент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық- демография­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүл­шара Әбдіқалықова өткізген бұл жиынға Парламент депутаттары, бірқатар министрліктердің жауап­ты қызметкерлері, халық­аралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.