Айгерім Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйтерек орта мектебінің 10-сыныбында оқиды. Өзінің әдебиетке құштарлығын бастауыш сыныптан-ақ байқатқан ол бұған дейін халықаралық Махамбет, Мұқағали оқуларына қатысып, бас жүлде еншілген екен.
– Сегізінші сыныпта оқып жүргенде ұстазым Гүлнұр Сағындықова апай «Сен Абай топырағында туған қызсың, ұлы ақынның шығармашылығына терең бойлауың керек. Даналық дариясына құлаш ұруға дайындал» деді. Осы сөз қамшы болып, Абай атаның өлеңдерін, қанатты сөздерін оқи бастадым. Алғашқыда мәнерлеп оқып жүрдім, келе-келе мүдірмей жатқа айтатын болдым. Ал «Қара сөздерін» оқыған сайын ой тереңіне жетелей беретіндігіне тәнті болған соң қызығушылығым тіпті арта түсті. Ұлы ақынның өлеңдерін, поэмасын, қара сөздерін оқи отырып, замандастарыма одан өмірлік тағылым алуға болатынын жеткізгім келеді, – дейді Айгерім.
Оныншы сыныптың оқушысы қазір Абай Құнанбайұлының 180 өлеңін, 5 қара сөзін, 2 поэмасын толықтай жатқа біледі екен. Айтпақшы, ол жақында облыстық білім басқармасы мен «Жетісу дарыны» орталығының ұйытқы болуымен өткен Бейсен Құранбек атындағы облыстық олимпиадада жүлделі 2-орынды иеленді.
Алматы облысы