Мақат ауданындағы Л.Шахатов атындағы №76 орта мектепте химия пәнінен дәріс беретін ол сабынның бірнеше түрін жасап шығарды. Химиялық қоспасы жоқ сабындар экологиялық тұрғыдан тазалығымен ерекшеленеді.
– Гипоаллергенді өнімді күнделікті тұрмыста хош иісті сабын ретінде қолдануға болады. Сабынды жасау кезінде табиғи өнімдерді пайдаланамын. Мәселен, лимон денеге балғындық, құрамындағы С дәрумені ағзаға нәр береді. Екінші түрі – ақжелкен қосылған сабын. Оның құрамында дәрумендер топтамасы бар. Ақжелкенді кептіру арқылы жасалған сабынды жаңа туған нәрестеге де, кез келген жастағы адамға да пайдалануға болады. Ал өнімге қосылатын эфир майы хош иіс береді, – дейді химия пәнінің мұғалімі Марфуға Ағынова.
Жас маман аталған мектептегі жұмысын биыл бастады. Бірақ сабын жасаумен айналысқанына бір жылға жуықтаған екен.
– Химия – өте қызықты сала. Күнделікті тұрмыста қолданатын осындай экологиялық таза өнімдер жасауға баулу арқылы оқушыларды аталған салаға қызықтыруға болады. Сабын жасаудың қыр-сырын толық меңгерген соң оны оқушыларыма үйретуге дайынмын, – дейді жас маман.
Атырау облысы