Оқиға • 27 Қараша, 2020

Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы

383 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел астанасында өткен алқалы жиында түбі бір бауырлас елдер Түркі интеграциясының архитекторы деп айрық­ша баға берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық саясаттағы беделі мен түркі әлеміне сіңірген еңбегі сөз болды.

Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Келелі жиынды Халықара­лық Түркі академиясы 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қар­саңында ұйымдастырып отыр. Ұлттық академиялық кітап­­ханада жиналған қауым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі­тілдес мемлекеттердің ынтымақ­тас­тығын орнатудағы және өзара бауырластық байланыстың ір­ге­сін нығайтудағы зор еңбегін атап өтті. Шараның модераторы, Халықаралық Түркі акаде­миясының президенті Дар­хан Қыдырәлі алқалы жиын­ның «Түркі әлемі және Елбасы фено­мені» деп аталуы Нұрсұл­тан Назарбаевтың Түркі әлемі­нің ортақ мақтанышына айнал­ған тұғырлы тұлға екенін айшық­тайтынын баса айтты.

Түркітілдес мемлекеттердің қоғам қайраткерлері, дипломаттары мен маңдайалды ғалым­дары жиналған отырыста алғаш болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жол­дасбеков Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен құрылған Түркі Ақсақалдар кеңесінің тарихына тоқталды.

«Елбасымен бірге Түркі­тіл­дес мемлекеттер басшылары ке­ңе­сі­нің екі саммитіне делегация құрамында қатыстым. Бірінші саммит 1992 жылы Ыстан­бұлда өтті. 2009 жылы Нахчы­ванда өткен Түркітілдес мем­ле­кеттер бас­­­шылары кеңесі­нің IX сам­митіне бардым. Сол басқосуда Елбасы бірқа­тар ұсыныс айтты. Соның бірі Түркі Ақсақалдар кеңесін құру идеясы болды. Сол жерде «Қазақ­станнан Ақсақалдар кеңесі­нің мүшесі мына кісі болады» деп мені таныстырды. Екінші ұсынысы – Халықаралық Түркі ака­демиясын құру бастамасы еді», деп еске алды Мырзатай Жолдасбеков.

1

Елбасының ерен еңбегін ұлықтап, жас ұрпаққа мирас ретін­де қалатын игі бастама­лар­дың ұйытқысы болып жүр­ген бірден-бір ұйым – Тұң­ғыш Президент – Елбасы кітап­ханасының директоры Әмір­хан Рахымжанов өз сөзінде түр­кітілдес мемлекеттердің ын­ты­­мағын одан әрі нығай­тудың ма­ңыз­дылығын алға тартты.

«Бүгінгі жаһандану заманында түбі бір тарихымызды, ортақ рухани мұрамыз бен байтақ мәдениетімізді сақтап қана қоймай, әрі қарай дамыту, түркітілдес мемлекеттердің өзара ынтымағын нығайту айналамызда алпауыт елдер анталап тұрған аумалы-төкпелі кезеңде өте өзекті. Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті түркітіл­дес халықтардың әлемдік өр­кениетке қосқан үлесін дүйім елге көрсетіп, түркі тарихын, мәдениетін зерттеуге барынша пәрмен берді», деп атап өтті Ә.Рахымжанов.

Келелі кездесудің мәртебелі қонақ­тарының қатарында Түр­кия, Қырғызстан, Әзер­бай­жан, Мажарстан, Моңғолия және Түрік­менстан республика­лары­ның елшілері де болды. Түркия Респуб­ликасының еліміздегі Төтен­ше және өкілетті елшісі Уфук Екид­жи Қазақстанның тәуел­сіз­дік ал­ған жылдардан бері жеткен жетіс­тіктерін айрықша атап өтті.

«Қазақстан Тәуелсіздік ал­ған аз уақыт ішінде ауыз толтырар жетістіктерге қол жеткізді. 30 жылға жуық уақыт көп болып көрінгенімен, елдің дамып, халық­аралық аренада өзін дәлел­деуі үшін өте қысқа мерзім. Түркі әлемі туралы сөз болған­да одан да көп тарихи кезеңді қамтып, мыңжылдықтарға бойлаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көшбас­шылығы кезінде дүние жүзіне қазақ ұлтының құнды­лық­тарын ғана паш етіп қоймай, бүкіл түркі әлемінің мұрасын ерекше бағалайтынын дәлелдеді. Қазақ­станның Тұңғыш Президенті­нің түркітілдес мемлекеттердің игілігі үшін атқарған ерен еңбегі баршамызға мәлім. Нұрсұлтан Назарбаев түркі жұртының мә­дени-рухани құндылықтарын, тілін, ортақ тарихын жас ұрпаққа насихаттауда маңызды миссия атқарды», деді Түркияның Қазақстандағы елшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ын­­ты­­мақ­тастығы кеңесінің негізін қалап, түркі әлеміндегі бауыр­лас­тық бай­ланыстарды дамытуда өл­шеусіз үлес қосқаны айқын. Осы еңбегі үшін Елбасы Түркі кеңе­сінің Құрметті Төрағасы мәр­тебесіне ие болып, жоғары орденімен марапатталған-ды. Оның түркі әлеміндегі көшбасшы тұлғасын, атқарған қызметі мен ерен еңбегін баяндаған қатысу­шылар Елбасы феноменін осылайша айқындады. Түбі бір түркі елдерінің ғылымын өрге домалатып жүрген айтулы ғалым­дар да Елбасына ықыласын білдірді. Алқалы басқосуда Қазақ­станның Ұлттық ғылым ака­­демиясының президенті Мұ­рат Жұрынов, Қырғыз Рес­пуб­­ликасы Ұлттық ғылым ака­демиясының президенті Мұрат Жұматаев, Әзербайжан Ғылым академиясының вице-прези­денті Иса Габиббейли, Өзбек­стан ұлт­тық ғылым акаде­мия­сы­ның вице-президенті Бах­ром Абдухалимов, Татарстан Рес­публикасы Ғылым академиясы Татар энциклопедиясы және аймақтану институтының директоры Искандер Гилязов сөз алды.

Елбасының түркі әлеміне жаса­ған алғашқы қадамы – 1991 жылы Түркістанда Қазақ-түрік университетін ашу болған еді. Сол жоғары оқу орнының тұң­ғыш ректоры, Қазақстан Ұлт­тық ғылым академиясының прези­денті Мұрат Жұрынов Елба­сы­ның түркі әлемінің білім, ғылым саласына қосқан үлесін баяндап берді.

«Елбасы 1991 жылы мені шақырып, Түркістанда жаңа оқу орнының ашылатынын хабарлады. Сонда Түркістанның түркі әлеміндегі орнын, сол жерде бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің жатқанын, үш ғасыр бойы астанамыз болғанын айтып, тарихы терең шаһарды жандандыру туралы шешімін жеткізді. Ол кезде Түркістанда ғылыми қыз­мет­тің негізі қаланбаған еді. Таш­кент, Алматы, Қарағанды, Шым­­кент қалаларынан ғалым­дар­ды шақырттық. Барлығымыз Түркі­с­танның келешегіне сеніп кел­дік. Бұл Елбасының Түркістан арқылы бүкіл түркі әлемін бірік­тіру идеясы еді», деді Мұрат Жұрынов.

Елбасы тәуелсіздік алған жылдардан бастап түркі интеграциясына аса мән беріп келе жатыр. Оның ішінде Орта­­лық Азиядағы көршілес ел­дер­­дің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Қыр­ғыз Рес­пуб­ликасы Ұлттық ғылым академиясының прези­денті Мұрат Жұматаев барша қазақ­стандықты Тұңғыш Президент күнімен құттық­тай келе, қазақ-қырғыз ынтымақ­тас­тығына баса назар аударды.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағыты жан-жақты ынты­мақ­тастық пен жаһандық тұрақ­ты дамуға бағытталғанын тарих көрсетіп отыр. Қырғыз хал­қы Елбасының екі ел арасын­да ор­натқан стратегиялық серік­тес­тігін жоғары бағалайды. Орта­лық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтау мәсе­ле­сін­де де екіжақты өзара іс-қи­мылды жолға қойдық. Қазақ-қырғыз қарым-қатынасының тарихы тереңде. Бізді ортақ тарихымыз, мәдениетіміз, рухани құндылықтарымыз біріктіреді», деп атап өтті Мұрат Жұматаев.

Одан бөлек, Елбасының түркі әлемін біріктіру мен өзара байланысын нығайтудағы рөлін қуаттай түскен спикерлер түркі­тілдес мемлекеттердің жарқын болашағы мен интеграциясының одан әрі дами түсетініне бек сенетіндерін жеткізді.

Тұңғыш Президент күні қар­саңында өткен халықаралық жиын­да айтылған тұщым­ды пікір­лер мен орамды ойлар легін Қазақ­стан Республикасы Пар­­ла­менті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов түйіндеді.

«Түркі жұртының бағына тарихтың тар кезеңінде саясат­тың аспанына Нұрсұлтан Назар­баев­тың жұлдызы жарқырап көтерілді. Сол жылдардан бас­тап түркі бірлігі жаңаша сипат алды. Елбасының бітімгер­ш­ілі­гі, ақылы, дипломатиясы, мәмі­легерлігі мен беделі­нің биік­тігіне талай даулы жағдай­ларда куә болдық. Бұл қасиеттері оның бірқатар халықаралық мәселенің шешімін табуына ықпал етті», деді С.Абдрахманов.

Елбасының Еуразия кеңіс­тігін­де түркітілдес мемлекет­тер ынтымақтастығының ны­ғаюы­­на қосқан үлесі тарихи жо­ға­ры бағасын әлдеқашан ал­ған-ды. Бүгінгі келелі жиында Ел­­б­асының түркі әлеміндегі ай­­шық­­ты орны тағы бір рет айқындалды.

 

Соңғы жаңалықтар