Парламент • 27 Қараша, 2020

Қазақстан Парламентін қалыптастырушы

166 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше елордада «Елбасы Н.Ә.На­зар­­баевтың қазақстандық пар­ламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі» тақыры­бында халықаралық парламенттік бейнеконференция өтті. Дәстүрлі шараны Қазақстанның Парламент Мәжілісі Тұңғыш Президент күні­не орай ұйымдастырды.

Қазақстан Парламентін қалыптастырушы

Бейнеконференция форматында өткен форумға Еуропалық парламент, ТүркПА, Вьетнам, Италия, Ресей, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Чехия парламенттерінің басшылары мен депутаттар қатысты.

Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды және оның парламентаризмін қалыптастыру жолындағы теңдессіз рөліне тоқталды.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Елбасы елімізді барлық қиындықтан аман алып шығып, ірі саяси, экономикалық әлеуметтік реформалар жасады. Мемлекетімізді әлемдік деңгейге жеткізді. «Қазақстандық даму жолы» қалыптасты. Сондықтан шын мәнінде, «Тәуелсіздік жолы – Елбасы жолы». Осы даму жолымыз қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен одан әрі жалғасуда. Н.Нығматулин осы үлкен жолда тәуелсіздік тарихымен бірге келе жатқан қос палаталы Парламенттің де үлесі зор екенін баса айтты. 

– Бүгінде біздің кәсіби Парламент қоғамдық пікірлер мен ашық саясаттың биік мінбері болумен қатар, мүмкіндігі мол, қуаты мықты, жоғары заң шығарушы органға айналды. Өзіне жүктелген әрбір міндетті абыроймен атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды қадамдарын, саяси, экономикалық, әлеуметтік бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз етіп келеді, – деді.

Сонымен қатар палата спикері Қазақ­стан Парламентінің өркениетті елдердің заңнамалық органдарымен тең дәрежеде қызмет етіп, Елбасы айтқандай, нағыз демократия мектебіне айналғанын жеткізді. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, осы­ның барлығы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басқарудағы дана, көреген, сындарлы саясатының жемісі.

Конференция барысында Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшу Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың мемлекетті қалыптастыру, оның саяси жүйесін жетілдіру және тұрақ­тылықты қамтамасыз ету жолындағы ерен еңбегіне тоқталды.

– Нұрсұлтан Назарбаев – Халықара­лық қоғамдастықтағы беделді саясаткер болумен қатар, қытай халқының тілеулес досы ретінде ұзақ уақыттан бері Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығын нығайтып, Қытайда жоғары беделге ие болып келеді, – деді Қытай парламентінің спикері.

Ал Ресей Федерациясы Мемлекеттік дума­сының спикері Вячеслав Воло­дин Нұрсұлтан Назарбаевтың парламент­аризмді дамытуда да, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтуда да, еуразиялық кеңістікте халық­аралық ынтымақтастықты ілгеріле­туде де, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты бірқатар халықаралық ұйымдар шеңберінде интеграциялық процестерді арттыруда да маңызды рөлін атап өтті.

В.Володинның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл өмірін өз еліне және хал­қына қызмет етуге арнаған тұлға. Тұң­ғыш Президенттің үлкен еңбегі – осы жыл­дар ішінде мемлекет нық дамып, эконо­микалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық салаларда табыстарға жетуде.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың сая­си даналығы, бай өмірлік және басқа­ру­шылық тәжірибесі Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамыту ісінде, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуда, Еуразиялық кеңістікте көп­жақты ынтымақтастықты ілгерілетуде ұзақ жылдар бойы сұранысқа ие болады, – деді Ресей Федерациясы Мемлекеттік дума­сының спикері.

Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мұстафа Шентоп Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамалары бүкіл әлем үшін зор маңызға ие деп санайды. 

– Қазақстанның үдемелі дамуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың демократияны, адам құқықтарын және заңның үстемдігін дамыту жолында қолға алған қадамдары маңызды орын алатыны сөзсіз, – деді Түркия парламентінің өкілі.

М.Шентоп өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев мықты көшбасшылық қасиет­термен қатар демократияны нығайтып, Қазақстанды жаңғырта білген, ерік-жігер танытқан сирек кездесетін саясат­кер­лердің бірі екеніне ерекше тоқталды. Түрік парламентінің өкілі конферен­цияда талқыланған мәселелердің өзек­ті­лігі мен маңыздылығын назар аударып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың парламентаризм мен парламенттік мәдениетті дамытуға қосқан үлесін де айрықша атап өтті.

Сонымен қатар Өзбекстанның Олий Мәжілісі заң шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоилов қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, бұл мерекені Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің беріктігі мен тиімділігін бағалаудың тамаша мүмкіндігі деп атады.

Халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Нурдинжон Исмоилов Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты Қазақстан мемлекетін құрудың бастауында тұрған көрнекті тұлға екенін атап өтті.

– Оның стратегиялық бағытының арқасында Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жоғары нәтижелерге қол жет­кізді. Қазақстан Республикасының Тұң­­ғыш Президенті күнін мерекелеу Өзбек­­стан мен Қазақстан арасындағы страте­­гиялық серіктестік тамырын терең­дете түседі, – деді Өзбекстанның заң шығару палатасының спикері.

Нурдинжон Исмоиловтың айтуынша, қос ел арасындағы стратегиялық өзара байланыс дәстүрлі түрде жоғары деңгейде әлемдегі қазіргі эпидемиялық жағдайға қарамастан, қарқынды дамып келеді. Осылайша, Өзбекстанның заң шығару палатасының спикері екі ел арасындағы пар­ламентаралық ынтымақтастықты жоғары бағалап отыр.

– Біздің еліміз әрдайым әлемнің бар­лық елдерімен сындарлы диалогты дамы­туға, парламентаралық өзара іс-қимыл­ды нығайтуға деген ұмтылысымен ерек­шеленді. Бүгінде халықаралық ынты­мақ­тастықтың тиімді тетіктерін құруда және аймақтық, құрлықтық деңгейде ортақ шешімдер табуда парламенттік дипломатияның айтарлықтай әлеуеті бар екендігі анық. Біз жаңа көзқарастар мен идеяларға әрқашан дайынбыз. Бүгінгі конференция бізге бірегей тәжірибе мен пікір алмасуға мүмкіндік берді. Біз бір­лесіп заманымыздың жаңа жағдай­дағы мәселелерін шешудің әмбебап тетік­терін жасай аламыз. Сондықтан қазақстандық парламенттің депутаттық корпусы атынан конференцияның бар­лық қатысушыларына жемісті жұмыс, қызықты әрі табысты пікірталастар, жаңа идеялар тілеймін, – деп түйіндеді жиынды Н.Нығматулин.