Әлем • 27 Қараша, 2020

Қырғызстанға Қазақстанның гуманитарлық көмегі табысталды

227 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен коронавирустық індетіне қарсы бірлескен күрес аясында Қырғыз Республикасына гуманитарлық көмек табысталды.

Қырғызстанға Қазақстанның гуманитарлық көмегі табысталды

Бішкекте И. Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының ғимаратында өткен салтанатқа Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Нұрпейісов, Қырғыз Республикасының Вице-премьер-министрі Эльвира Сурабалдиева және Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев қатысты.

Э. Сурабалдиева бауырлас елдердің арасындағы қатынастар стратегиялық әріптестік және тату көршілік рухында дамып жатқанын атап өтті. «Ең алдымен біз жақын көршіміз және өзара мүдделерді ескере отырып, ынтымақтастықты одан әрі өрбітуге ниеттіміз. Біз Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы күресте көрсеткен қолдауына зор ризашылығымызды білдіреміз», - деді ол.

Өз кезегінде Қ. Нұрпейісов қиын кезде бауырлас халықтар бір-біріне әрқашан көмек қолдарын созатынын баса айтты.

2020 жылғы 25 қарашада Қазақстан тарабы берген 400 дана жасанды желдету аппараты мен 2 млн. медициналық бетперде түріндегі гуманитарлық жүк Қырғызстанға жеткізілді. Аталған бұйымдар Қазақстанда, атап айтқанда «Тыныс» АҚ, «Dolcepharm» ЖШС пен «Megapharm» ЖШС кәсіпорындарында шығарылған. Жалпы салмағы 16 тонна болатын гуманитарлық өнімдер барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, жүк көлігімен жеткізілді. Қырғыз тарапынан жүкті қабылдап алушы Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі болып бекітілді.