Аймақтар • 27 Қараша, 2020

Жамбыл облысында Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы аталып өтті

1072 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл даңқты батыр, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толып отыр. Кескекті ердің сойындай, кесек бітімді күрделі тұлға оқ пен оттың ортасында жүріп те қазақтың қайсар мінезін, ұлттық болмысын көрсетті. Тіршілікте де тағдырдың сан тарау сынағын бастан өткеріп, өмірін өнегемен өрнектеген тұлғаның есімі қалың қазақпен қатар, кейінгі буын үшін де тәртіп пен тәрбиенің қайнар көзі болып есептеледі. Ұлттың ұстыны болған батырдың торқалы тойы Әулиеата топырағында лайықты деңгейде аталып өтті.

Жамбыл облысында Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы аталып өтті

Бауыржан Момышұлы Жуалы ауданының Көлбастау ауылында дүниеге келген. Мыңбұлақ сияқты табиғаттың тылсымын көзбен көріп, көңілге түйіп өскен батырдың өзі де сол Мыңбұлақ сияқты сан-салалы, көп қырлы талант иесі болған. Қаруын қаламға айырбастаған шағында да қазақтың сөз өнеріне сүбелі үлес қосқан ол «Ұшқан ұя» кітабында өзінің ата-тегін, өмір жолын кеңінен баяндайды. Ал, әскери жазбаларының өзі тәуелсіз елдің жаңа буынын тәрбиелеуде таптырмас оқулық болғаны белгілі. Бүгінде батырдың кіндік қаны тамған Көлбастау ауылының орнында жұрты ғана қалған. Алайда, қазақтың қызғыш құсының туған жері де оның айбынын танытып, аруағын асырып тұрғандай. Ұлт қайраткерінің туғанына 110 жылдығына арналған шаралар легі батырдың туған жері Жуалы ауданынан басталды. Әскери ғылымдарының докторы, профессор Ким Серікбайұлы, батырдың келіні, жазушы Зейнеп Ахметова бастаған құрметті қонақтар әуелі Жуалы ауданына барып, жергілікті халықпен жүздесті. Батырдың көзін көріп, батасын алған азаматтар қызықты естеліктер айтып, көпшілікпен ой бөлісті. Бұдан кейінгі шара Тараз қаласындағы Абай атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жалғасты. Мұнда да жастар үшін тағылымы мол тарихи естеліктер айтылды.

Тараз қаласындағы бір кездегі «Жеңіс» саябағы бұл күнде Бауыржан Момышұлы есімімен аталады. Өткен жылы ғана күрделі жөндеуден өтіп, сәулеттік жағынан өзгерген саябақтың ортасында хас батырдың еңселі ескерткіші тұр. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған бірқатар азаматтар батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Бұдан кейін Бауыржан Момышұлының өлеңдері қамтылған «Сардардың жыр сарбаздары» атты кітаптың тұсауы кесілді. Сондай-ақ, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының ішінен салынған «Даңқ» залында Бауыржан Момышұлын еске алу мақсатында «Тұлғасы тұнған тәлім» атты кездесу кеші өтті. Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Әкім өз сөзінде биылғы жыл ұлт руханияты үшін керемет жыл болғанын, әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175 және Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы екенін, батыр Бауыржанның ерлігін де, еңбегін де қалың қазақтың білетінін, оның әрбір сөзі жастарға әрдайым үлгі болатынын атап өтті. Бұдан кейін Ким Серікбайұлы сөз алып, батырмен алғаш рет 1975 жылы Орта Азия әскери округі мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналған конференцияда кездескенін айтты. «Бауыржан Момышұлы қазақтың кім екенін соғыс кезінде-ақ көрсеткен тұлға. Ол кісі менің келешегіме де себеп болды. Ол сөз жоқ дарынды әскери ойшыл, қарымды қаламгер, тағылымды тәрбиеші», дей келе, Ұзақбай Қараманов, Шайсұлтан Шаяхметов сияқты көрнекті қайраткерлер туралы да естелігімен бөлісті. Сонымен қатар, Ким Серікбайұлы Бердібек Сапарбаевқа өзінің батыр туралы жазған еңбектерін сыйға тартты.

444

«Ғалымдар сөнген жұлдыздардың өздерінің жарығы миллион жылдарға жететінін айтады ғой. Ата да сол сияқты жасай береді деп ойлаймын. Ата ұят, ар-намыс деген ұлы ұғымды ту етіп көтерген адам еді. Қандай қоғам, заманда болса да атаның орыны зор. «Момышұлының келіні» деген атақтың өзі маған үлкен жауапкершілік жүктейді», деді Зейнеп Ахметова. Сондай-ақ, ол балабақшалардан бастап батыр рухындағы әңгімелердің айтылуы керек екенін де жеткізді. Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл Бауыржан Момышұлы хақында тебірене сөйлеп, өлең оқып, «Даңқ» залына Б.Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісі мен өзінің шығармалар жинағын тарту етті. Жуалы ауданының Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков батыр Баукеңмен үш рет кездескенін, ол кісімен кездесу үшін оның жазған барлық шығармаларын зерттеп оқығанын айтып берді. Жиын барысында Бауыржан Момышұлының немере інісі, ардагер журналист Бекет Момынқұл батыр туралы естелігімен бөліссе, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы Бауыржан Момышұлына арналған «Сұңқардың соры» атты өлеңін оқып берді.

444

Бұл күнде Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылы деп аталады. Сол ауылда батыр атында үлкен музей бар. Ауданның Талапты ауылында Шерхан Мұртаза салдырған мектепке де ер Баукеңнің аты берілген. Кезінде тұғырлы тұлғаның шығармалары, соғыстан жазған хаттары, жалпы, батырға қатысты дүниелер топтастырылып, 30 томдық кітап болып шыққан еді. Бауыржан Момышұлы есімін ұлықтау мұнымен тоқтап қалмайтыны анық. Аты ғасырдан ғасырға жалғаса беретін тұлғаның тағылымды ғұмыры ұрпақтың есінде мәңгілікке сақталады.

 

Жамбыл облысы