Өнер • 30 Қараша, 2020

Өнерпаздардың сарайы қайта жаңғырды

16 рет көрсетілді

Тәуелсіздікке дейін Петропавлда мәдениет ошақтары көп болғанымен қаланың өзінде меншікті мәдениет үйі болған жоқ еді. Қаладағы мәдени шаралардың бәрі осындағы ірі зауыттар мен фабрикалардың мәдениет үйлерінде өткізілетін. Тікелей Мәскеуге бағынатын олардың кейбірі кергіп, қала тұрғындарына арналған мәдени шара үшін алынатын жалдау құнын да қымбаттатып, наразылық тудырататын.

Еліміз өз Тәуелсіздігін алған соң Пет­ропавл қаласы арқылы өтетін Оңтүстік-Орал темір жолы Ресей Федерациясының меншігі деп танылып, ал оған тиесілі барлық әлеуметтік нысандар қалалық әкімдікке қарайтын болды. Соның ішін­де теміржолшылардың ауруханасы, жатақ­ханалары, тұрғын үйлері болды. Қазір олар жөнделіп, шаһар тұр­ғын­да­рының игілігіне қызмет етуде. Әсіресе қа­ланың №1 ауруханасы көшіп барған емхананың даңқы зор. Қаладағы жаман індеттен емдейтін орталық та осында жарақтандырылған. 

Міне, осы әлеуметтік нысандардың арасында бұрынғы теміржолшылардың Мәдениет үйі де болды. Дағдарыс жылдарында оны ешкім жөндей алмай, көптеген қызметі тоқтап қалған еді. Іші мен маңайы да күтім болмағандықтан тозаңқырап қалған. Ертеректе салынған ғимарат бол­ған­дықтан кірпіштері қопсып, іргетасы бұзыла бастаған. Өзі қала вокзалының аумағында орналасқандықтан ол жерде қандай да бір мәдени шара да өткізілмеді. Бұрынғыдай емес теміржолшылардың балаларына деген қамқорлық та біршама азайған еді. Біздің елдің азаматтары болғанмен көрші елдің қызметкерлері болғандықтан, оларға концерттер қойып, демалыс сағаттарын ұйымдастыру да қала әкімдігі тарапынан жиі қолға алынған жоқ. Оның үстіне теміржолшылардың көбі Ресей Федерациясының азаматтығын алғандар болатын.  

Міне, осы үйді  2003 жылдан бері Петропавл шаһарының әкімдігі өзінің қамқорлығына алып, қаланың Мәдениет үйіне айналдырған. Содан бері бұл ғи­мараттың бағы қайта жанып, түлеп сала берді. Сол кезден қала тұрғындарына ар­нал­ған барлық мәдени-демалыс шараларын дайындау, сондай-ақ  түрлі мерекелерге арналған концерттер, фестивальдер, көрмелер, шығармашылық кештер, тіпті спорттық жарыстар ұйымдастыру осы мекеменің міндетіне айналған. Әрине, оларға қазақ және орыс театрларынан, филармониядан және басқа да өнер ұжымдарынан өкілдер шақырылды, алайда негізгі ауыртпалық осы Мәдениет үйіне жүктелді.  Алғашқы кезде онда 7 шығар­машылық ұжым жұмыс істеді. Со­лардың ішінде төртеуінің «халықтық» атағы болған. Қазір ондай атағы барлар 9. Тыл және еңбек ардагерлерінің халықтық хоры, «Забияки» жастар тобының, «Экс­промт» халық биі театрының және т.б. атағы алысқа жетті.  Сондай-ақ «Сам­ғау» вокальдық тобы, «Украинские ве­чор­ныци» тобы,  «Жерұйық» триосы және т.б. қала тұрғындарына жақсы таныс. Қазір Мәдениет үйінде барлығы 22 шы­ғар­ма­шылық топ бар. Біз барғанда олардың жұмысы дүрілдеп, бірі кіріп, бірі шығып, қайнап жатты.

Қала әкімі Болат Жұмабеков былтыр Мәдениет үйін қайта жарақтандырып, ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізуге қа­лалық бюджеттің есебінен қыруар қа­ражат бөлді. Үйдің қазіргі директоры, есеп-қисап, шаруашылық жа­ғы­на жүйрік, бұрын бас бухгалтер болған Айнаш Доспамбетова қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Әлия Бейсенованың қолдауымен әкімдікті жөндеу жұмыстарына қаражат бөлуге көн­діре білген. Соның арқасында алдымен жаңа шығармашылық ұжымдар ашылды. Бұрын домбыраға үйрету үйірмесі болмаса қазір ондайдың екеуі ашылған. Оның атауы «аспаптар студиясы» деп аталып, оның құрамына, тіпті қобыз, жетіген, дауылпаз, сақпан, сырнайдың бірнеше түрі сияқты халықтық аспаптарға балаларды үйрететін қосымша топ жарақталған. Бұрын мұнда қазақ балалары сирек ке­ле­тін болса қазір түрлі ұжымдар мен үйір­мелерге қатысатын 600-дей адамның үш­тен біріне жуығы қазақ жастары екен. Оларды ұлттық аспаптарға баулитын Жеңіс Қабдулбариев деген маман. Қазіргі жа­ман індеттің кесірі ғана балалардың жиі келуін болдырмай тұр, әйтпесе ха­лық аспаптарында ойнауға үйренгісі келе­тіндер көп көрінеді. Оның үстіне осы ғи­ма­рат­тың жанында №20 қазақ мектебі де бар. Мәдениет үйіне келгіштейтін негізінен сол мектептің оқушылары екен. Қазақ және орыс тілдеріндегі драма үйірмесін ашу да ұжымның алға қойған мақсаттарының бірі. Тек жаман індет жойылса болды, кіріскелі отыр. Ал қол өнеріне үйрететін үйірме бүгінгі таңда жұмыс істеп тұр. Оған қатысатын балалар саны да біршама көп. Ал билеу, ән айту үйірмелері мен ансамбль­дері баяғыдан бері тұрақты жұ­мыс істеуде.

«Жөндеу жұмыстарын алдымен есіктің алдын толықтай жарықтандырудан бас­тадық. Бұрын бұл жерде мүлде жарық болмай, балаларын кешкі үйірмелерге әкелетін ата-аналар наразылық білдіріп жататын еді. Қазір кешкі мезгілде де Мәдениет үйінің маңы самаладай жарқырап тұрады. Тіпті ғимараттың алдындағы демалыс скверіне дейін жарқыратып қойдық», дейді Айнаш Әділқызы.

Онысы рас, бұрын көргенімізде сырты жүдеп тұратын бұл ғимарат қазір жар­қы­раған заманауи үйге айналыпты. «Мә­дениет үйі» десе дегендей, оған тиесілі бар­лық атрибуттар тізіліп тұр. Тіпті есіктің алдына сәндік үшін римдік колонналар да орнатылыпты. 

Мұндағы би залының едені Кеңес заманынан бері жөнделмеген екен. Биыл соның едені де толық ауыстырылыпты. Енді есіктің алдын қоршатып, жабық аула да жасалмақшы. Онда мекеменің авто­көліктері, киіз үйлердің ағаш қаң­қа­лары, сахнаның үлкен жабдықтары жауын-шашыннан бүлінбей сақталатын болады.

Қазір Мәдениет үйінің өзінің логотипі, интернетте жаңа сайты бар. Бұл да жуырда пайда болған жаңалық.  

Қандай заман болса да адам мәдениетсіз, өнерсіз өмір сүре алмайды. Тіпті соғыс жылдарында да өнер ұжымдары өзінің жұмысын тоқтат­паған. Жаман індет те оған тоқтау сала алмайды. Соның бір мысалын Петропавлдың Мәдениет үйі көрсетіп тұр. Мұндағы қайнаған тірлік өнердің өрісі тарылмағанын көрсетуде.

Соңғы жаңалықтар

Пневмониядан 1 адам қайтыс болды

Коронавирус • Бүгін, 11:44

Ұқсас жаңалықтар