Экономика • 01 Желтоқсан, 2020

Тауарларды таңбалау ел экономикасына не береді?

666 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2019 жылы Қазақстан Республикасы Еуразия­лық эконо­микалық одақ аумағында тауарлар­ды сәйкестендіру құрал­дарымен таңбалау тура­лы келісімді ратифи­кациялаған болатын. Осы арқылы Қазақ­стан Еуразиялық эко­номи­калық комиссияның тері бұйымдарын, аяқ киім тауарларын, иіс сулар, шиналар мен резеңке доңғалақ тыстарын таң­балау жөніндегі негізгі ше­шім­дерін жүзеге асыру ісіне қосылды.

Тауарларды таңбалау ел экономикасына не береді?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Тауарлар не үшін таңбала­нады және бұл шараны жүргізу ел экономикасына не береді? Мұ­ны түсіну үшін бірқатар шет ел­дер тәжірибесіне назар аударып көрейік.

Аталған шараны жүзеге асыр­­ған Бразилия мен Түркияда алкогольді және алкогольсіз сусындар сегментінде салықтар­дың жиналуы тиісінше 20% және 142%-ға өскен. Ал Еуропалық одақ елдерінде цифрлы қада­ғалау жүйесі 5 жыл ішінде кон­­тра­бандалық өнім айналы­мын 30%-ға төмендетіпті. Аме­рика Құрама Штаттарында дәрі-­дәр­мектерді таңбалау қай­та­рып алу процесін 3 күннен 10 се­кундқа дейін жеделдетуге мүм­кіндік берген.

Бізбен көрші әрі бір одақ аясында өмір сүріп жатқан Ресей Федерациясында бірқатар тауар санаттары бойынша таңбалау жұмыстары ертерек енгізілген болатын. Оның нәтижесі елдегі таңбаланған нарықта тазару процесінің жүре бастағандығын айқын байқатқан. Мәселен, бұ­рын ресейлік аяқ киім на­ры­ғы­ның көлемі 330 млн жұп аяқ киімге бағаланса, таңба­лау­ды енгізгеннен кейін бұл болжам­ның едәуір жоғары екендігі ай­қындалған. Нәти­жесінде, қазір ресейлік опера­тордың жүйесінде аяқ киімді таң­балау үшін 2 млрд-тан ас­там код шығарылды және өсу жал­ғасуда.

Сауда және интеграция ми­нис­трі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, алдын ала талдаулар «Қазақстан Республикасында 6 сала бойынша таңбалауды енгізу көзделген тауар топтарындағы көлеңкелі нарық көлемі 63% мөлшерінде екенін көрсеткен. Тауар­ларды таңбалау осы көлең­келі бизнесті жарыққа шығаруға көмектеседі. Осыған орай Б.Сұл­танов тауар топтарына таңба­лауды енгізу арқылы заңды тауар айналымының көлемі 337 млрд теңгеге, ал бюджет кірістері 58 млрд теңгеге артады деген болжа­мын жеткізді.

Министрдің айтуынша, жо­ға­рыда аталған тауарларды таң­балауды және олардың қад­а­ғалануын енгізу еліміздің экономикасына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Мәселен, бұл шаралар адал бәсекелестікті ынталандырады және заңды нарық үлесі мен өндіріс көлемін 30-50%-ға ұлғайтады. Бұл өз кезегінде өзін­дік құнды төмендетіп, бағаны тауарлардың ағымдағы құнынан 5-10%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жұ­мыс орындары құрылып, 2-3 мың адам жұмыспен қамтылатын болады. Ал тауарлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жүйесінің тиімділігі едәуір артады.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, екі жылдық қанатқақты жобаларды іске асыру нәтижесінде елімізде табиғи теріден жасалған бұйымдарды 2019 жылғы 1 нау­рыздан бастап және темекі өнімдерін биылғы жылғы 1 қа­зан­нан бастап міндетті түрде таң­балау енгізілді.

Тері бұйымдарын таңбалау салық заңнамасын бұзушыларды, яғни жеңілдетілген салық салу үшін арнайы салық режімі бо­йын­ша шекті межелік мәнді қол­дану мақсатында кірістерін төмендетіп көрсететін салық төлеу­шілерді анықтауға мүм­кіндік берді. Нәтижесінде, патент негізінде қызметті жүзеге асы­ратын субъектілер саны 13 есеге қысқарды. 2018 жы­лы та­уар­ларға декларация ресім­деген импорттаушылардың са­ны оның алдындағы жылмен салыс­тырғанда 30%-ға өсті, ал олардан импорт бойынша кедендік баж бен салық түсімдерінің өсімі 40% құрады. Осы қызмет бойынша ішкі салықтар түсімдерінің өсімі 1,5 есе артты.

«Өткен уақыт ішінде теме­кіні таңбалау нарықта темекі өндірушілердің 30%-ға көп еке­нін анықтауға мүмкіндік берді, ал сапасыз дәрілердің айналымы 2,5 есе төмендеді. «Халықаралық тәжірибе тауарларды таңбалау сауда саласының көлеңкелі айналымын төмендетуге бағытталған пәр­менді құралдардың бірі екен­дігін дәлелдейді», деді министр.

Жалпы тауарларды таңбалау мен оларды қадағалаудың ке­шен­ді жүйесін енгізу 5 жыл ішін­де бюджетке 2,6 трлн теңге құ­райтын кумулятивтік әсер береді деп күтілуде.

Сарапшылар пікірінше, та­уар­ларды таңбалау және қада­ғалау халық денсаулығына теріс әсерін тигізетін тауарлар айналымына жол бермеуді, бизнес үшін жағдайды теңестіруді, тауар­лардың сапасы мен эко­но­микалық қауіпсіздігін қам­тамасыз етеді, сондай-ақ бюджет­ке салық түсімдерін арттырады. Жүйе бизнесті дамыту үшін нақ­ты мақсаттарды көздейтін мемлекеттік бағдарлама құруды қамтамасыз етеді. Мемлекет қо­сымша табыс тауып, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағ­дарламасы шеңберінде оның қай­та­рымдылығын мемлекеттік қол­дау ретінде қамтамасыз етеді.

Сөз болып отырған тауар­лар түрін таңбалау бойынша бірыңғай оператор болып «Қазақтелеком» АҚ айқындалған болатын. Оның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев 2020 жылғы 1 қазаннан бастап темекі өнімдері (сигареттер) және 2021 жылғы 1 сәуірден бастап темекі өнімдерінің басқа да түрлері (стиктер, сигаралар, сигариллалар т.б.) міндетті түрде таңбалануға жататынын айтты. Қ.Есекеевтің айтуынша, темекіні міндетті таңбалау енгізілген сәт­тен бастап (01.10.2020) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінде айналымға 1000 қатысушы тіркелді, сондай-ақ 283 млн код шығарылды, оның ішінде 146 млн код жазылды. Бүгінде акцизделетін темекі өнімдерінің 99,9% таңбаланады.

Бұдан басқа, бүгінде таң­ба­ланған тауарды сатуды қамта­масыз ету үшін бірыңғай оператор бөлшек сауда нүктелерін 2D-сканерлермен жабдықтау бойынша ұсыныстар беру жұ­мысын белсенді жүргізуде. 2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап 34 мың данадан астам 2D-сканер сатылды немесе 80 мың сауда нүктесінің 42%-ы таң­баланған темекі айналымына дайын. Марка кодтарын шығару БКМ фискалдық деректер операторы арқылы жүр­гізіледі. Таңбаланбаған темекі өнімдерінің қалдықтарын 2021 жылғы 1 қазанға дейін өткізу көзделген.

Сондай-ақ бүгінгі таңда Бір­ың­ғай оператор уәкілетті мем­лекеттік органдармен бір­лесіп, төрт тауар тобы бойын­ша қанатқақты жобаларды жүр­гізуде. Олар – алкоголь өнімі, дәрілік заттар, аяқ киім тауарлары, сүт өнімдері пилоттық жо­­балары. Бұл жобалардың кей­­­бірі сәтті жүзеге асып, енді оларды ел көлемінде енгізудің нақ­ты мерзімдері де анықталды. «Тауарларды таңбалау жүйесін енгізу мемлекет экономикасы­на да, бизнеске де, қоғамға да пай­да әкеледі. Оның негізгі ар­тықшылықтарының ішінен кө­леңкелі нарық көлемін 2025 жылға дейін 50%-ға төмендетеді деп болжануда. Біздің есептеуіміз бойынша, бұдан 2025 жылға дейін бюджетке 58,4 млрд теңге сомасында қосымша түсім тү­седі» дейді Қ.Есекеев.

Цифрлы таңбалау бизнес­ке өнімділігін арттыруға, логис­ти­калық схемаларды жетілдіруге, нарықтағы үлесін ұлғайтуға және сайып келгенде кірісті арт­тыруға мүмкіндік береді. Қ.Есе­кеевтің пікірінше, осылай­ша, заңды бизнес түсімінің өсі­­мі 2025 жылға дейін 336,5 млрд теңгені құрайтын болады. Бұдан басқа, таңбалау жүйесін енгізу IT нарығы үшін экожүйені құру, қаптама өндірушілері үшін сервисті дамыту, сондай-ақ жабдық өндірушілері үшін нарықты кеңейту түрінде тұтас экономика үшін нәтиже алуды көздейді.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, та­уар­­ларды цифрлы таңбалау мем­лекет үшін – тауарлардың заңсыз айналымын қысқартып, бюджетке салық түсімдерінің түсуін ұлғайтады және мем­ле­кеттік бақылау сапасын­ арт­тырады; халық үшін – қоғам­дық бақылаудың тиімділігін арттырып, тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау, азамат­тар­дың өмірі мен денсаулығын қор­­ғауға көмектеседі; бизнес үшін – адал салық төлеушілер қа­тарын көбейтіп, бизнестегі адал бәсекені нығайтады.

Әрине, мұны жүзеге асыру үшін цифрландыру бағы­тында бірқатар әрекеттер орын­далып, бір ізге түсуі керек. Қа­дағаланатын тауарлар жү­йе­сіндегі соңғы буын сауда тү­сімінің мәліметтерін тіркейтін және оларды мемлекеттік кірістер ор­­гандарының серверіне онлайн режімде беретін онлайн бақылау кассалық машинаны қолдану болып табылады. Барлық атал­ған ақпараттық жүйелерден алын­ған мәліметтер тәуекелдерді бас­қару жүйесінде талданады. Е.Жамаубаев атап өткендей, жиынтық болжам 2025 жылға дейін шамамен 2,5 трлн теңгеден астам қосымша түсімдерді құ­райды. Жалпы салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифр­ландыру бойынша жұмыстар жалғастырылады.