Қазақстан • 02 Желтоқсан, 2020

БҰҰ COVID-19 қарсы күресте әйелдерге қолдау көрсетеді

245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік жаһандық науқаны және БҰҰ 75 жылдығы шеңберінде «Әйелдер COVID-19 қарсы күрестің алдыңғы шебінде» атты БҰҰ фотокөрмесінің онлайн тұсаукесері болып өтті. Көрменің мақсаты – адамзаттың санасына әсер етіп, тарихта қалар COVID-19 індеті тудырған дағдарыс кезіндегі әйелдердің қосқан үлесі мен күшін таныту. Бұл туралы Қазақстандағы БҰҰ баспасөз хатшысы хабарлады.

БҰҰ COVID-19 қарсы күресте әйелдерге қолдау көрсетеді

Көрме COVID-19 дағдарысының бел ортасында жүріп, әртүрлі салада қызмет еткен қазақстандық әйелдердің шабыт берер 15 оқиғасынан тұрады. Кейіпкерлер өздерінің батылдық пен төзімділік ұштасқан әңгімелерімен бөліседі. Бұл әйелдердің арасында дәрігерлер, еріктілер, белсенділер, журналистер, инфлюенсерлер – Адель Оразалинова, Дина Смаилова, Саида Тәукелева, Елена Билоконь және басқалары бар.

«COVID-19 қарсы күресте бізге дұрыс шешімдерді қабылдау үшін әйелдердің рөлі маңызды. Бізге әйелдер инфекцияның қайта өршуі, жұмыс күшінің жетіспеушілігі, тіпті әлеуметтік толқудың екінші рет жандануы сияқты ең ауыр сценарийлердің алдын алу үшін қажет. Бізге індетпен күресу үшін әйелдер керек. Бізге алдыңғы шептегі әйелдер керек», - деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаела Фриберг-Стори.

COVID-19 пандемиясы жасы, жынысы, орналасқан жері, әлеуметтік жағдайы және басқаларына қарамастан барлық жанды қамтыды. Жұқпалы аурудың өршуі әйелдер мен ерлерге, ұл балалар мен қыздарға әртүрлі әсер етеді. Барлық елдер, оның ішінде Қазақстан, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейінің жоғарылауы туралы хабарлауда.

«Бұл әйелдердің барлығының дауыстарын ести және тыңдай білуіміз керек. Біз төзімділік, батылдық және еңбекқорлық салтанат құрған оқиғаларамызды айта отырып, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту және гендерлік теңдік қоғам әл-ауқатының кепілі болып табылатыны туралы жағымды хабарламалармен бөліскіміз келеді», - деп қорытындылады Қазақстандағы ЮНФПА өкілі Джулия Валезе.

Фотокөрме кейіпкерлерінің бірі, жұқпалы аурулар вирусологы Қарлығаш Әбдиева COVID-19 туралы айта отырып, індеттің басталуымен барлығы оны «ерекше қауіпті» деп санай бастағанын атап өтті: «Бізді дереу жауып тастады: қай жерде жұмыс істедік – сол жерде тұруға тура келді. Ұшақ келіп, бізге сынамалар әкеледі. Біз оларды ашып, диагноз қоямыз. Ғылым, мақалалар және басқа жұмыстар тасада қалды. Тек COVID-19!» - деп еске алады Қарлығаш.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы жаһандық жұмыс күшінің 70% құрағандықтан, әйелдер қауымы өздерінің және жақын адамдарының өмірін қатерге тігіп, індеттің алдыңғы шебінде күреседі. Сонымен қатар әйелдер коронавирустық инфекциямен күрестің алдыңғы қатарында жүріп, індет туындаған мәселелерді шешуге үлкен үлес қосуда.

Науқанды «Меломан» дүкендер желісі де қолдады: белсенділіктің 16 күні барысында Нұр-Сұлтан мен Алматы тұрғындары желінің кітап дүкендерінен гендерлік теңдік пен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған арнайы әдебиетті таба алады.

Көрмені БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) және актриса Айнұр Ілиясова, фотограф Бауыржан Бисмильдин, режиссер Ваня Абрамов, журналист Оксана Василенкодан құралған шығармашылық топ дайындады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше