Онлайн-кездесудің қатысушылары Абай шығармаларының Батыс пен Шығыс мәдениеттері арасында рухани көпір бола білгендігін және әлі күнге дейін өзекті екендігін атап өтті.
Шараға Британ парламенті Қауымдар палатасының депутаттары, сондай-ақ Ұлыбританияның Цифрландыру, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары және спорт мәселелері бойынша мемлекеттік министрі Джон Уиттингдейл қатысты.
Еліміздің атынан Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов сөз сөйледі. Лордтар палатасының мүшесі және "Консервативтік партиядағы Еуразия достары" ұйымының Президенті лорд Питер Лилли Абай да Шекспир сияқты өз заманының қайталанбас тұлғасы бола білгендігін және шығармалары өзектілігін жоғалтпағандынын тілге тиек етті.
"Абай еңбектерімен танысып, ерекше әсер алдым. Оның тікелей қазақшадан ағылшыншаға жаңаша аударылған шығармалар жинағы маған қатты ұнады. Тәржімашыларды бұл жетістігімен құттықтаймын. "Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған" деген өлең жолдары бар шығармаға тәнті болдым. Бұл сөздер Абайдың өзіне де арналған сияқты", деді ол.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: "Ұлы ақынның 175-жылдық мерейтойының халықаралық масштабта өткізудегі ең маңызды міндеттердің бірі Абай шығармашылығын әлем халқына насихаттау. Осыған орай мерейтой қарсаңында Абайдың өлеңдері мен қарасөздері 10 шет тілдеріне, соның ішінде француз, ағылшын, араб, испан, қытай, жапон, неміс, италия, түрік, орыс тілдеріне аударылып, аударылған елдер тілінде тарату жоспарланып отыр", деп түйіндеді өз сөзін.
Кездесу тек мәдени ғана емес, екі ел арасындағы коммерциялық байланыстарды нығайту тақырыбын да қамтыды. Ұлыбританияның бизнес, энергетика және өнеркәсіп стратегиясы мәселелері бойынша мемлекеттік министрі Пол Скалли Қазақстанның Біріккен Корольдік үшін сауда-инвестициялық салалар бойынша маңызды сауда әріптесі болып қала беретінін атап өтті.