Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2020

Жамбыл облысында барлық салада оң өзгеріс бар

174 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференцияға қатысып, өңірдің даму барысы туралы баяндады, - деп жазады Egemen.kz

Жамбыл облысында барлық салада оң өзгеріс бар

Биыл облыста 615 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Ағымдағы жылдың 10 айында 460 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген. «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында 3766 пәтерлік 65 тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 945 пәтерлі 17 тұрғын үй пайдалануға беріліп, кезекте тұрған 530 отбасы баспаналы болған. Олардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Сонымен қатар, әкім жыл соңына дейін ауданы 115 мың шаршы метрді құрайтын тағы 38 тұрғын үйдің құрылысы аяқталатынын, осылайша 2236 отбасының баспана мәселелері шешілетінін айта келіп, өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Асарлатып үй салу» жобасының басталғанын атап өтті. Биыл көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі «Асар» бастамасы аясында облыс бойынша 117 үйдің құрылысы қолға алынса, бүгінде 45 үй аяқталған. Жыл соңына дейін тағы 56 үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Брифингте Бердібек Сапарбаев мектептердің жайына да тоқталды. Жамбыл облысында 285 мектептің дәретханалары аулада орналасқан болатын. Осы орайда, облыс әкімі жаңа оқу жылында облыстың барлық мектептері жылы дәретханалармен жабдықталғанын, бұл мақсатқа 1,1 миллиард теңге қарастырылғанын айтты. Сондай-ақ, облыстың барлық мектептері бейнебақылау камераларымен 100 пайыз қамтамасыз етілген. «22 білім беру нысанының құрылысы мен қайта жаңғыртуға 10,7 миллиард теңге бағытталған. Оның ішінде 15 мектеп бар. Жыл басынан бері үш ауылдық мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 нысанның құрылысы аяқталады», деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде 43 мектеп күрделі жөндеуден, 53 мектеп ағымдағы жөндеуден өткен. Бұл мақсатқа 8 миллиард теңге жұмсалған. Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үшін жергілікті бюджет қаражатына 4388 бірлік компьютерлік техника сатып алынғанын, жыл соңына дейін тағы 585 компьютер алу жоспарланғанын, 26,5 мың компьютер сатып алуға республикалық бюджеттен 4,1 миллиард теңге бөлінгенін де жеткізді. Бұдан бөлек, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға 51 мыңға жуық компьютер мен 16 мыңнан астам роутер берілген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ағымдағы жылы 40 мыңнан астам мұғалімнің жалақысын 25 пайызға арттыру үшін республикалық бюджеттен 20,6 миллиард теңге қаралған.

Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, өңір тұрғындарына әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетуге 44,6 миллиард теңге қарастырылған. Мәселен, «Biz birgemiz» акциясы аясында еріктілер 24 мыңға жуық отбасына азық-түлік себеттерін жеткізіп, 39 мыңға жуық адам 50 мың теңгеден төлем алыпты. Ал, атаулы әлеуметтік көмекпен 62,1 мың адам немесе 11,5 мың отбасы қамтылып, оларға 3,5 миллиард теңге жұмсалған. Сондай-ақ, тұрғындарға өзге де көмектер көрсетілген. Бердібек Сапарбаев облыс тұрғындарын газдандыру және сумен жабдықтау деңгейі жыл қорытындысы бойынша 82 пайызға дейін артатынын хабарлады.  «Шамамен 17,7 миллиард теңге 120 мың адам тұратын 51 ауылдың тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталды. Жыл соңына дейін 39 ауылда жұмыстар аяқталады. Нәтижесінде ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі 73,3 пайыздан 82,3 пайызға дейін артатын болады», деді ол. Сондай-ақ, әкім биыл облыстың 45 ауылындағы 120 мың тұрғынға көгілдір отын жеткізілетінін, бұл мақсатқа 14,1 миллиард теңге қарастырылғанын атап өтті. Ал, автожол саласын дамытуға 26,3 миллиард теңге бөлінген. Аталған қаражатқа 1346,1 шақырым автожол салынып, жөнделген. Брифингте Бердібек Сапарбаев өткен жылы Жамбыл облысында үй маңындағы аулаларды тиімді пайдалану және шағын бизнесті дамыту арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру пилоттық жобасы іске қосылғанын, бүгінде бұл жобаға аймақтағы 10 ауданның 8 мың тұрғыны қамтылғанын айтты. Осы жобаның бес бағыты бойынша бүгінде 8,5 миллиард теңге игерілген. Пилоттық жобаға қатысушылар 7,1 мың тонна көкөніс және бақша дақылдарын, 21 мың тонна дәнді және мал азықтық дақылдарын, 7,6 мың тонна ет және сүт өнімдерін өндірген. Ауылдарда 600 жаңа жұмыс орны құрылып, ал жұмыссыздар саны 1129 адамнан 589 адамға дейін азайған. Ал, өндірілген азық-түлік өнімдерін сату бойынша Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Алқаптан сөреге дейін» жобасының мүмкіндіктері мол екенін де жеткізді. Оның жүзеге асырылуына 1 миллиард теңге бағытталған.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев карантин кезінде аймақтағы кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы да баяндады. Ағымдағы жылдың 10 айында шағын және орта бизнестің өндіретін өнімдері мен көрсететін қызметтерінің көлемі 9,2 пайызға өсіп, 194 миллиард теңгені құраған. Шағын және орта бизнесті қолдауға барлығы 8,3 миллиард теңге бөлінген. Ал, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін 152 кәсіпкерге 1,2 миллиард теңге төленсе, «Еңбек» бағдарламасы аясында 6,4 мың адам 3,5 миллиард теңге көлемінде жаңа кәсіп көздерін ашқан. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев жұмыспен қамтудың белсенді шараларына барлығы 73 мыңға жуық адам қатысқанын, есепті кезеңде 30,6 мың жаңа жұмыс орны құрылғанын, ағымдағы жылдың 10 айында облыс шаруалары 332,6 миллиард теңгенің өнімін өндіргенін, егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайтылып, 735 мың гектарды құрағанын, 817 мың тонна астық жиналғанын да атап өтті. «Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 11,5 мың гектар суармалы алқаптар қалпына келтіріліп, жалпы аумағы 178,5 мың гектарға жетті. Заманауи технологияларды енгізудің арқасында интенсивті бақтардың аумағы 27 пайызға ұлғайтылды. Пайдаланылмай жатқан 72,1 мың гектар ауыл шаруашылық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өңірде жыл басынан бері фармацевтикалық кәсіпорындар өнімінің көлемі 10 есеге өсіп, шамамен 2 миллиард теңгеге жеткен. Сонымен қатар, әкім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қордай ауданы, Гвардейский ауылында отандық иммундық дәрі-дәрмектер шығаратын зауыт құрылысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ал, Тараз қаласында «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірістік кешенінің құрылысы аяқталғалы тұрғанын, «Супер-фарм» кәсіпорны өнім түрлерін кеңейтуді көздеп отырғанын да айтты. Сонымен қатар, жыл басынан бері өңірде құны 25,7 миллиард теңгені құрайтын жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Биыл 368 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып, есепті кезең бойынша 255 миллиард теңгеге инвестиция тартылған.

 

Жамбыл облысы