Елбасы • 03 Желтоқсан, 2020

Егемендіктің еңсесін тіктеген

396 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Әсілінде, таңбалы тарихты тұғырлы тұлғалар жасайды. Бүгініміз – бүтін бір ұлттың темірқазығы бола қойған жоқ. Ендеше, қаз-қаз басқан Тәуел­сіз Қазақстанның кешегісіне кері бұрылып, елдік пен еркіндіктің, егемендік пен ерен ерліктің шырай­лы шақтарын, аумалы-төкпелі заманда еліміздің ір­ге­сін бекітіп, негізін қалаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биігіне көз жүгіртіп көрейік.

Егемендіктің еңсесін тіктеген

Еркіндікке ұмтылған елдің қадамы қайырлы болса керек-ті. Алтайдағы алтын бесіктен шығып, Ертіс пен Еділдің екі арасын ен жайлаған есіл жұрт сол еркіндігіңізге ғасыр­лар бойы ұмтылды. Қаншама ұр­пақ азаттықтың алтын таңын көре алмай арманда кеткеніне тарих куә. Сол азат һәм ғажап таңның нұрына шомылған біз неткен бақыттымыз. Кеңес өкіметі келмеске кетті де, өз алды­мызға отау құрдық. Тари­хи таңдау жасап, Тұңғыш Пре­зидентімізді сайладық. Еге­мен­дік пен Елбасы ұғымының егіз екенін осыдан-ақ аңғара беріңіз.

Тәубесінен жаңылмаған халықты Тәңірі тәуелсіздікпен сынады. Шыңға шығу бар да, шайқалып шыңырауға құлау да бар емес пе? Шыңымыз – бос­тандық болса, шы­ңы­рауымыз – бодандық. Екеуі де бас айналдырады. Құздың шетін­де жүріп құлап кетуіміз де мүмкін еді. Құлаған жоқ­пыз. Ақиқатын айтар болсақ, Ұлт Көшбасшысының көре­гендігі мен сұңғыла саясат­кер­лігі құлат­пай аман алып қа­лды. Өз жолымызды таң­дап, өрге қадам бастық. Тұңғыш Прези­дент­тің сон­дағы ерен еңбегін жіліктеп, жіпке тізіп шығудың өзі артық болар еді. Алайда тамырлы тарих ұмытпайды.

Елбасы ең алдымен мем­ле­кет­­тің жер аумағы мә­селе­сі­не нүкте қойып, ше­карамыз­ды шегендеп алды. Ел ұмыт­пай­тын ерлік деп осыны айтуға болатын сияқты. Себебі бұл аса жауапты әрі күрделі іс еді. Ұзақ жылдарға созылған келіс­сөз­дер де, тарихи құжаттарға жүгінуге тура келген сәттер де болды. Әдетте, сыртқы сая­­саттың «өгізді – өлтірмеу, ар­­баны – сындырмау» қағи­даты алдыңғы орынға шыға­ды мұндайда. Сондықтан әңгі­ме­нің әрісін түсінген адам үшін бұл үлкен жеңіс һәм жетістік. Осылайша, дүние жүзінің сая­си картасында тоғызыншы территория пайда болды. Біз соған табан тіреп, кіндік байлап тұрмыз.

«Ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің» (Қазыбек би) Елбасы жасаған енді бір тағ­дыршешті қадамы – жаппай қырып жою қа­руы­нан бас тартуы дер едік. Осыдан тура 29 жыл бұрын 29 тамызда Елбасының Жар­лы­ғымен жер бетіндегі ірі ядро­лық сынақ алаңы сана­ла­тын Семей полигоны жабылды. Бұл полигонда қырық жыл бойы 456 ядролық және термоядролық заряд сынал­ғанын бүкіл әлем біледі. Бірақ сол әлеміңіз полигон аумағында қоныстанған бір жарым миллион адамның тағды­ры­нан бейхабар. Солай болса да дүние жүзі 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде атап өтіп келеді.

Тұңғыш Президентіміз ұс­танған сарабдал саясат­тың ендігі жемісі – қандас­та­ры­мызды атажұртқа оралту кезінде байқалды. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде саяси қуғын-сүргін мен ашар­шы­лықтың кесірінен дүние жүзіне тарыдай шашыраған қаракөздеріміз атамекенге табан тигізіп, туған елмен қа­уышты. Еліміз егемендік алған­нан бергі жылдарда бас-аяғы 962 703 қандасымыз Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданыпты. Өткен жылы 17 696 қан­да­сымыз Қазақстанның аза­мат­ты­ғын алған болса, биыл
14 944 қандасымыз Қазақстан азаматы атанды. Жыл басынан бастап елімізге 6 043 этникалық қазақтар тұрақты тұруға көшіп келіп отыр.

Татулық пен достық жоқ жерде ынтымақ пен береке де болмайды. Осыны анық түсінген Тұңғыш Пре­зи­ден­ті­міз сандаған ұлыстың жүрек лүпілін үндестіре білді. Тұрақтылықтың тұғыры ре­тін­де Қазақстан халқы Ассам­­­блея­сы­ның іргесін қа­­лап, дүние жүзінде жоқ ын­ты­мақтастық институтын қа­лып­тас­тырды.

 

P.S. Бауырлас мемлекеттер Түркі интеграциясының архитекторы деп айрықша баға берген Тұңғыш Президентіміздің ерен ең­бегі туралы бұған дейін де аз айтылған жоқ. Алдағы уақыт­та да айтыла береді. Себебі Ұлы даланың тарихын, тә­уелсіз ел­дің даму даңғылын Елбасынан бөліп қарау мүмкін емес. Әр отан­дасымыздың өзегінде осындай оймақтай ой жүрсе керек-ті...