Оқиға • 03 Желтоқсан, 2020

Ұлылар үндестігі

496 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен «Ұлылар үндестігі: Фараби мен Машани» атты ғылыми жиын өтті. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған іс-шарада Фараби әлемін әйгілеп, ұлы баба мұрасын халқымен қайта қауыштырған көрнекті ғалым Ақжан Машанидің есімі ерек аталуы тегін емес.

Ұлылар үндестігі

Ұрпақты ізгілік иірімінен жаңылмауға үндеген тұғырлы тұлғалар тағылымын арқау еткен басқосуға Халықаралық Түркі академиясының прези­денті Дархан Қыдырәлі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің рек­­торы Ғалымқайыр Мұ­та­нов, Ұлттық Ғылым ака­демия­сының академигі Әб­сат­тар Дербісәлі, Ұлттық жа­ра­­ты­лыс­тану ғылымдары ака­демиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлық­пан Сыдықов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетіндегі әл-Фараби орталығының директоры, до­цент, философия ғы­лым­­дарының кандидаты Бек­жан Мейірбаев, Ақжан Жақсы­бекұлының жары Жа­мал Шорайқызы Машани, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Зада Дүкенбаева, сонымен қатар басқа да көр­некті қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қа­тысты.

Шара аясында Әбу Насыр әл-Фараби мен Ақжан Маша­ни­дың Түркі академиясы басып шығарған жаңа кітап­тарының тұсаукесер рәсімдері жасалды. Атап айтқанда, әл-Фарабидің «Книга о словах, употребляемых в логике» трактаты алғаш рет араб тілінен толық аудары­лып, оқырман назарына ұсы­нылып отыр. Сонымен қатар академия баспаға әзірлеген Ақжан Машанидің «Әлем шырайы» атты еңбегі мен «Жібек жолындағы өркениеттер үн­дестігі» атты ғылыми жинақ та әл-Фараби жылындағы жоба­лардың табысты нәтижесі деп айтуға болады.

– Әл-Фарабидің рухани-адам­гершілік мұрасын на­сихат­­тау, қайырымды қо­ғам құндылықтарын тара­туға қажетті білім мен дағ­ды­ларды ынталандыру мақ­саттарын жүзеге асыруда Ха­лық­аралық Түркі академиясымен бірлесе атқарған шаралардың маңызы зор. Мерейтойлық жыл әрине әл-Фараби мұрасын зерделеуге, қайта қарастыруға, көпшілікке кеңінен таратуға жаңа серпін берді. Сонымен қатар әртүрлі себептермен бұрын еленбеген қырларына көңіл аударуға жол ашты. Академияның бас­тамасымен өткен бүгінгі бас­­қосудың мақсаты да отан­дық фарабитанудағы өзек­ті мәселелерді қайта қарас­тыруды көздейді. Бұл бағыт­та айтулы ғалым Ақжан Маша­нидің еңбектері біз үшін ай­нымас темірқазық, – деп атап өтті Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұ­танов.

Ғалымқайыр Мұтанұлы атап өткендей, Ұлттық университет әл-Фараби мұрасын зерделеуге жол ашатын тұл­ғалардың есімін әйгілеуге ай­рықша үн қосып отыр. Жуыр­да ғана оқу ошағындағы әл-Фараби мұражайына Ақ­жан әл-Машанидың мүсіні қо­йылған болатын.

Халықаралық Түркі ака­демиясының президенті Дар­хан Қыдырәлі атаулы жылы атқарылған маңызды ша­раларға тоқтала келіп, бұл ба­ғыттағы жұмыстар жүйелі жалғаса беретінін жеткізді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлы­ғымен жарияланған биыл­ғы әл-Фараби жылында Мем­­­лекеттік комиссия құ­­­рылып, халықаралық ауқым­­да көптеген шара ұйым­дастырылды, түрлі жи­нақ­­тар жарық көрді. Бүгін оқырманға жол тартып отырған кітаптар соның жалғасы іс­петті. Ақ­жан Жақсыбекұлы әл-Ма­шани кеңестік кезеңнің өзін­де ағынға қарсы жүзіп, ұл­тымыздың ұлы ойшылы, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің жарқын есімін, телегей теңіз мол мұрасын қазақ халқымен табыстырды. Тәуелсіз еліміздің қазіргі ұрпақтары оны әл-Фараби мұрасының шырақшысы, шығыс ілімінің білгір абызы санайды. Ұрпақтар са­бақтастығының алтын ар­қа­уындай болған ғалымның «Әлем шырайы» және «Жібек жолындағы өркениеттер үн­дестігі» атты кітаптарының жарық көруіне мұрындық бол­ғанымыз да сондықтан. Жыл қорытындысындай бол­ған бүгінгі шараны ұлы ой­шылдың есімін иемденген қара шаңырақта өткізуіміздің де өзіндік символикалық мәні бар, – деді Дархан Қыдырәлі.

Басқосуда сөз алған академик Әбсаттар Дербісәлі әл-Фараби мұрасынан сусындап тереңге тамыр жайған Ақжан Жақсыбекұлының ғылымдағы қайраткерлік жолына тереңірек тоқтала келіп, ғалымның дін мен дәс­түрге тән ортақ гармония қалыптастырғанын қа­дап айтты. Ал Ақжан әл-Машани ұзақ жылдар ең­бек еткен Қ.И.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық тех­ни­калық университетінің қа­бырғасынан ашылған әл-Машани орта­лығының негізін қалаушы ғалым Ұлықпан Сыдықов әл-Фараби мен әл-Машаниге ор­тақ ұлылық үндестігі уақыт өткен са­йын ұрпақ жадында жаңғыра беретінін, Түркі академиясы арқылы оқырманға жол тартқан туындылар қазақ ғылымы үшін үлкен олжа болғанын айтып өтті.

Айта кету керек, шара барысында академия басшысы Дархан Қыдырәлі түркі әлемі ғылымының дамуына және тарихи тамырластықты зерделеуге қосқан үлесі үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановты, белгілі шығыстанушы, академик Әбсаттар Дербісәліні, философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Жақыпбек Ал­таевты Халықаралық Түркі академиясының медалімен марапаттады.

 

АЛМАТЫ