1930-1940 жылдары Қазақстанда болған сталиндік қуғын-сүргін тарихы, естеліктер мен қазіргі қоғамның сталинизм туралы ұғымын саралаған монографияға тарихшылар Жұлдызбек Әбілхожин, Михаил Акулов, Зәуреш Сақтағанова, зерттеуші журналист Екатерина Кузнецова, жазушы Юрий Серебрянский, мәдениеттанушылар Александра Цай, Мариника Бабаназарова, Гүлдана Сафарова және суретші Әсел Қадырхановалардың еңбектері енген.
Жинақ «Тарих», «Зерде», «Өнер» және «Көрме» деп аталатын бөлімдерден тұрады. Авторлар ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, индустрияландыру, мәжбүрлеп жер аудару, жаппай қуғын-сүргін және еңбекпен түзеу лагерьлері кезіндегі зорлық-зомбылық, азап пен жоқшылықтың халық жадында қалай таңбаланғанын баяндайды. Халықтың рухани жарақатын өнер құралдары арқылы көрсетуге талпынады.
Кітапқа кіріспе жазған Британ ғалымы Катриона Келли, бұл еңбектің артықшылығы әртүрлі этникалық топты зерттейтін сан тарау дәстүрден қуат алған ғалымдардың ортақ диалогында деп бағалаған.
– Жинақта репрессия механизмдерінің даңғойлығы барынша ашық көрсетілген. Тарихи дерттің табиғатын түсіне отырып, Еуропа мен Еуразияның аймақтарында туындаған, ұлттық мақсаттар үшін азап шегуді ақтаған «естелік соғыстарынан» аулақ бола аламыз. Саяси қуғын-сүргіннің жағымды жақтарын ғана атап, қалғанын жоққа шығару ұлтқа жасалған қиянат. Қазақстанда тек жер ауып келгендер ғана емес, жергілікті тұрғындар да жазықсыз репрессияға ұшырады. Бүгінгі күнге дейін Алматы қаласында танымал және жақсы сақталған аудан бар, ол бастапқыда НКВД шенеуніктеріне арнап салынған. Өткенге салауат айтып, жарқын жетістіктерге қол созу үшін жас ұрпақ өзінің тарихын танып, туған халқына жасалған өктемдікті білуі керек. Бұл оларды қанаттандырады әрі жігерлі болуға жетелейді, – дейді Катриона Келли.
Жинақтың екінші бөлімі Қазақстанға депортацияланған поляктар мен корейлер туралы баяндалса, «Өнер» бөлімінде ҚарЛагтың суретшілері жайлы кеңінен айтылады. Ал қорытынды бөлімде сол дәуірдің үнін дәл бедерлеген көрме материалдары ұсынылып, тақырыпты аша түскен.
Алматы музейінде 28 қараша мен 22 желтоқсан аралығында «Жадыңнан өшпес» ұжымдық монографиясындағы зерттеулер бойынша көрме ашылды. Жоба Сорос-Қазақстан қорының «Адам құқықтары» жөніндегі бағдарламасының қолдауымен жүзеге асқан.
АЛМАТЫ