
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ақтау теңіз портында салтанатты, әрі маңызды шара өтті.
Бұл «Орал» атты зымыранды-артиллериялық кеменің жауынгерлік ту көтеруі еді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ақтау теңіз портында салтанатты, әрі маңызды шара өтті.
Бұл «Орал» атты зымыранды-артиллериялық кеменің жауынгерлік ту көтеруі еді.
«Зенит» кеме жасау зауытында құрастырылған отандық аталмыш кеме жылдың сәуір айында суға түсірілген болатын. Күні бүгінге дейін мемлекеттік сынақтан өту кезеңін бастан кешкен кеме экипажы өз қуанышына мереке қарсаңында қол жеткізді. Кемеге жауынгерлік ту тапсыру – оның сынақтан сәтті өтіп, Әскери-теңіз күштері құрамына енгендігінің, енді жауынгерлік тапсырмаларды орындауға жолы ашылғандығының белгісі.
Салтанатты сәтке қатысқан Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Ж.Жанзақов, «Зенит» Орал зауыты» АҚ-тың бас директоры В.Валиев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ә.Шөжеғұлов және Әскери-теңіз күштерінің ардагерлері сарбаздарды мерекемен құттықтап, экипажға сәттілік тіледі.


Контр-адмирал қолынан кеме капитаны қабылдап алған ту еліміздің екпінді Әнұранымен жоғары көтерілді. Енді әрбір таң білінісімен желбірей көкке көтеріліп, қараңғылық түсе босатылатын ту – экипаж құрамынан қырағылықты, шеберлікті, тас-түйін дайындықты талап етететін қастерлі белгі.
Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және әскери міндеттерді орындауға арналған 240 тонналық «Орал» кемесі зымыранды-артиллериялық жабдықтармен, заманауи әскери техникалармен жабдықталған, картаграфиялық, навигациялық жүйе, байланыс құралдары, арбалет қондырылған. Экипаждағы 30 адам «Зенит» Орал зауыты» АҚ-тың бас директоры В.Валиевтің айтуынша, кеме құрастырылып жатқанда басы-қасында болып, оның қыр-сырымен жете танысқан теңізшілер. Демек, олар теориялық, практикалық тұрғыда кемедегі техникалармен жұмыс істеуге үйренген, қажетті білімдерді меңгерген білікті деп сенім артуға негіз бар.
– Бұл еліміздің Әскери-теңіз күштері құрамына келген екінші зымыранды-артиллериялық кеме. «Оралдың» жабдықталуы мен қауқарына қарап, ол Каспий теңізінің қазақстандық секторын лайықты қорғайды деп және Әскери-теңіз күштерін мұндай қуатты кемелермен толықтырулар жыл сайын болады деп сенеміз, дейді Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, контр-адмирал Ж.Жанзақов.
Енді кеме командирі Қ.Шаршанқұлов бастаған экипаж алтын күн мен айбатты қыран, зікір мен бес жұлдыз бейнеленген жалауы желбіреген «Оралмен» көк теңіз үстінде ойқастамақ. Бұл еліміздің қауіпсіздігі, тұрғындардың бейбіт тірлігін күзету мақсатындағы сапарлар болмақ.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.