Технология • 07 Желтоқсан, 2020

Цифрлы алшақтық азайды

309 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің ең ірі аймағы Алматы облысында ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы интернетпен қамту жобасы мәреге жетті. Жалпы, ТОБЖ жобасы бойынша Алматы облысында 2140 шақырымға жуық «оптика» тартылып, интернет облыстың 159 ауылындағы 414 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйымға жеткізілді.

Цифрлы алшақтық азайды

Алматы облысында «оптика» құрылысы 2018 жылдың қа­раша айында басталған болатын. Бірінші кезекте жоғары жылдамдықты интернет облыс орталықтары мен ірі ауылдарға жеткізіліп, сол жерден шалғай ауылдарға байланыс желісі тартылды. Аймақтағы талшықты-оптикалық байланыс желілерінің жалпы ұзындығы 2019 жылы 1443 километрді құраса, биыл тағы 696 шақырым «оптика» тартылды.

Ұлттық байланыс операторы «Қазақтелекомның» қоғаммен бай­ланыс қызметінің хабарлауынша, байланыс желілерін тарту әдістері сол жердің түрлі ландшафтына байланысты өзгеріп отырды. Мәселен, Алматы об­лы­сының тау-тасы, өзен-көлдері, орманы мен байтақ даласы арнайы техниканың жолында түрлі кедергілер тудырғанын айта кету керек. Техника Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен бағалы тастар­ға келіп тірелгенде, бекітілген сыз­ба жоспарды өзгертуге тура келген кездер көп. Барлық жұмыс қатаң түрде табиғатты қорғау қызметінің рұқсатымен аса сақ­тықпен жүргізілді.

– Талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу белгілі бір техникалық дағдыларды талап етеді, осы жұмыс дұрыс орын­дал­ған жағдайда деректерді та­рату жылдамдығы жоғары болып, қалыпты жұмыс істейді. Бұл жобаны жүзеге асыру бағытында жобалау, құрылыс-монтаждау жұ­мыстарына жүздеген адам қа­тысты, бірлескен күш-жігердің ар­қасында жоба сәтті аяқталды. Телекоммуникация желілерін дамыту мұнымен тоқтап қалмайды, алда көптеген басқа жобалар бар, – дейді «Алматытелеком» өңір­лік телекомму­никация дирек­циясы (ӨТД) телекоммуникация же­лілерін дамыту жөніндегі директор орынбасары Вадим Ревенко.

Жұмысшылар әрбір шалғай ауылға ең сенімді әрі сапалы оп­­тикалық желіні жеткізу үшін әр түрлі кедергілерді ең­серіп, ең қиын учаскелерден өтті. «Алма­ты­­телеком» өңірлік телекомму­никация дерекциясы Пан­фи­­лов атындағы желілік торап бас­ты­ғы Руслан Құрбановтың айтуын­ша, Еңбекші ауылының жа­нын­да жұмыс істеп жатқан кезде құры­лысшылар бригадасы ені 80 метр плотинадан өтті.

– Бастапқыда, жоба бойынша мұнда көлденең бұрғылау әдісі арқылы құбыр тарту жос­парланған болатын, бірақ таулы-рельефті жерлерді еңсеруге арнайы техниканың да тегеуріні же­те бермейді. Техника жолында тіп­ті биіктігі адам бойынан асатын үлкен тастар кезікті. Жобаны уақытында аяқтау үшін желіні тарту әдісі қайта қаралып, тиісті рұқсат алынып, көпір арқылы талшықты-оптикалық байланыс желілері жүргізілді, – дейді Р.Құрбанов.

Айта кету керек, өңірге тал­­шықты-оптикалық байла­ныс желісін тарту жобасы аяқ­тал­ған соң «Алматытелеком» өңір­лік телекоммуникация ди­рек­циясы, қолданыстағы стан­са­лардың техникалық пара­метр­лерін жақсартуға және ауыл тұ­рғындары үшін телеком­му­никация қызметтерінің ауқы­мын кеңейтуге мүмкіндіктер қа­растырды.

Алматы облысы Жамбыл ауданы, Саурық батыр ауылында талшықты-оптикалық байланыс желісі мектеп пен фельдшерлік-акушерлік стансаға қосылғаннан кейін ауыл тұрғындарына байланыс қызметтерін ұсынудың техникалық мүмкіндігі пайда бол­ды. «Алматытелеком» «бір нүк­теден көп нүктеге» әдісімен сымсыз желіні тартып, радио көпір ұйымдастырды және абоненттерді қосу үшін база жасады. Қазіргі кезде ауыл тұрғындарының 83%-ы Megaline Internet және ID TV Online қызметтерін пайдаланады.

Саурық батыр ауылының тұр­­­ғыны, фермер Серік Жұма­бе­ков­тің айтуынша, интернет күн­де­лікті тұрмыс салтын өзгер­туге сеп болған.

– Мен мал бағумен айналы­самын. Бұрын анықтама алу үшін облыс орталығына баруыма тура келетін. Енді мұның бәрін үйден шықпай, интернет арқылы жасауға болады. Үйде үлкен немерем Бекзат бар, бесінші сынып оқушысы. Оның онлайн білім алуы да жеңілдеді. Немерелерім үй шаруашылығына көмектеседі. Бос уақытында маған және әже­сіне гаджеттерді қолдануды үй­ретеді, – дейді.

Сонымен қатар «оптика» пайда болған кезде қолданыстағы байланыс желілерінің техникалық параметрлері едәуір жақсарды. Атап айтқанда, Алматы облысы ауылдарының байланысқа бұрынырақта қосылған тұрғын­дарының үйінде интернет жыл­дамдығы төрт есеге дейін өсті. Көрсетілетін қызметтердің ауқы­мы біртіндеп кеңеюде: байланыс қызметін пайдаланушылар саны өсіп келеді, көптеген үйлерде цифрлы теледидар пайда болды. Цифрлық мемлекеттік қызметтер, телемедицина және онлайн білім беру тек облыс орталықтарында ғана емес, сонымен қатар халық саны 100-ден асатын шалғайдағы ауылдарда да қолжетімді болды.

– Жаңа желі бойынша интернет мектепке осы көктемде, карантиндік шектеулер жария­ланғанға дейін қосылды. Қазір білім беру платформалары үзі­ліс­сіз, тұрақты жұмыс істей­ді, мұ­ғалімдердің электронды жур­­­налдарды толтыруына ың­­­ғай­­лы. Балалар қашықтан оқи­­ды, осындай оқу форматын тез қабылдап, бейімделіп ал­ды. Олар тапсырмаларды қуа­на орын­­дай­ды. Біз оқушылармен не­гі­зі­нен WhatsApp желісі ар­қы­лы байланыс жасаймыз, – деп қуа­нышымен бөлісті Алматы облы­сы, Жамбыл ауданы, Саурық ба­тыр ауылын­да­ғы орта мектеп­тің оқу бөлімі­нің мең­герушісі әрі бас­тауыш сы­нып мұ­ғалімі Раиса Баяхметова.

Қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуға бағытталған ТОБЖ жобасы телекоммуникацияларды одан әрі дамытудың негізгі инфра­құ­ры­лымы болып табылады. 250+ жобасы аясында ұялы байланыс операторлары «Қазақтелеком» сал­ған байланыс желілері негізінде Алматы облысында 84 базалық станса салынатын болады.