Тарих ғылымының табалдырығын аттап, сол салада еңбек еткен ғалымдар аз емес. Бірақ солардың арасында есімімен ерекшеленіп, болмысымен бөлініп, жайдары, жаймашуақ мінезімен менмұндалап, тұлғалық қасиетімен таудай болып көрінетін бірден-бір ғалым осы Кеңес Нұрпейіс болатын.
Басқа да тарихшылар сияқты мен де Кенағамен барынша араласып, шәкірт әрі інілік жолда көрген-білгенім мен ойға түйгенімді айта кетуді жөн көрдім. КСРО-ның соңғы көсемі М.Горбачевтің қайта құру саясаты қызып тұрған шақта, Ауған соғысынан (әскерден) келіп С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тарих факультетіне оқуға түстім. Студенттік шағымыз басталғаннан-ақ Кеңес Нұрпейіс есімін еститін болдық. Бірақ КСРО-ның жалауы желбіреп тұрған тұста отандық тарихшыларға қарағанда кеңестік тарихшылардың есімдері ерекшеленіп тұрды. Сөйтіп біз тарих факультетін бітіріп шыққанша КСРО да ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігін алды.
Мен конкурс бойынша Қазақ қыздар педагогикалық университетінің тарих факультетіне оқытушылық қызметке қабылдандым. Дәл осы кезден бастап академик Кеңес Нұрпейіспен көзбе-көз, бетпе-бет танысу басталды. Ғалым ағамыздың негізгі қызмет орны Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Кеңес дәуіріндегі Қазақстан» бөлімінің меңгерушісі болғанымен, Қыздар университетінде көп жылдар дәріс оқыды.
Жаңа оқу жылы басталып, өзінің ырғағына түскен алғашқы күз айының бір күнінде жұмыс орнына келсем, мен қызмет атқаратын кафедраның меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Керейхан Аманжоловпен бірге бір кісі отыр екен. Екі ағаға да қолымды беріп, сәлем-саулық сұрастым. Сол-ақ екен К.Аманжолов маған өзінің қасында әңгімелесіп отырған ағаны таныстыруды бастады.
– Мынау қасымда отырған ағаң белгілі тарихшы Кеңес Нұрпейісов болады. Естуің бар шығар, тарихшысың ғой? – деп сұрады.
Мен лезде «иә» деп жауап бердім.
Сөзін әрі қарай жалғастырған Керағаң (Керейхан Рақымжанұлы) Кеңес Нұрпейістің ғылыми атақтары мен оның тарих ғылымына қосқан үлесіне тоқталды. Ол кісінің осы кафедрада сағаты бар екенін және аптасына бір-екі рет келіп дәріс оқитынын айтты. Сөйтті де солдат сияқты алдарында қасқайып тыңдап тұрған мені таныстырды. Мені жаңадан оқытушылық қызметке алғанын және екі жыл Ауған соғысында болып қайтқанымды да қосып айтты. Өйткені Керағаң әскери тақырыпты көп зерттеген ғалым және отставкадағы полковник болатын.
Менің байқағаным Кенаға (Кеңес Нұрпейісұлы) бәрін байыппен тыңдап отырды. Таныстыру біткеннен кейін ол кісі оқытушылық қызметпен бір жақты кетіп қалмай, ғылыммен айналысу керектігін ескертті. Қазақ жастарының тың тақырыптар алып, ғылыми диссертация жазуы керектігін жеткізді. КСРО-ның күйреуінен кейін отандық тарихта тұнып жатқан тақырыптар көп екенін, солардың бірін алып, ғылыми зерттеу жүргізіп, еңбек жазу қажет деген ой салды. Осылайша, ол кісімен кездескен алғашқы күннен-ақ ғылымға деген бағыт пайда болды. Ал адами тұрғыдан келгенде мені жас немесе ғылыми дәрежесі жоқ оқытушы ретінде емес, қазақы ағалық қасиетімен қабыл алды. Сөйтіп, апта сайын ол кісінің жүзін көріп, ақылын тыңдап, әңгімелесу әдетке айналды.
Керейхан Аманжоловтың ұсынысымен кандидаттық диссертация тақырыбым белгілі болды. Ол тақырып Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында бекітілді. Ғылыми жетекшім болып, кафедрамыздың меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжолов Керейхан Рақымжанұлы тағайындалды. Осы институтта «Кеңестік дәуірдегі Қазақстан» бөлімінің меңгерушісі Кеңес аға тақырыбымызды құптады. Оған қоса менің қайдан келгенімді, қандай адам екенімді білмесе де өзінің ағалық, ізгілік қасиетімен тез баурап алды. Оған риза болған мен Кенағаның көңілінен шыға аламын-ау деген оймен әрқашан алдын кесіп өтпей, тек інілік ізеттілік көрсетумен жүрдім. Бұл жағдай бізді онан әрі жақындата түсті.
Бір күні таңертеңгі 8.30-да басталатын сабағыма ертерек барып қалдым. Уақыт ерте болғандықтан оқу ғимаратының екінші қабатының дәлізінде бірен-саран оқытушы мен студент ғана келіп жатты. Ал кафедраның жанында қолында папкасы бар Кеңес ағамыздың тұрғанын байқадым. Лезде шауып барып, қолын алып, хал-жағдайын сұрадым. Сол кезде жылышырайлы, қай уақытта да адам жатырқамайтын Кенаға маған мынадай ақылын айтты.
– Болат бауырым. Неге кандидаттық диссертацияңды қорғауға шықпай жүрсің? Мен сенің жариялаған біраз мақалаларыңды оқыдым. Сол мақалаларыңа қарағанда бір кандидаттық диссертация жұмысы шығады деп ойлаймын, – деді.
Іштей қуанып кеткен мен қай диссертациялық кеңеске қалай барарымды білмей жүргенімді айттым.
Сонда Кенаға ойланып тұрып, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында диссертациялық кеңес бар, сонда келсең болады деді. Сөйтіп, сабақ уақыты басталып, екеуміз екі аудиторияға дәріс оқуға кіріп кеттік.
Кенағаның берген ақылы мен кеңесі маған тыным таптырмады. Қысқа уақыт ішінде жұмыстарымды жинақтап, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына таңертеңмен тартып отырдым. «Кеңестік дәуірдегі Қазақстан» бөлімі орналасқан 3-қабатқа көтерілдім. Кірсем, бөлім меңгерушісі Кенаға орнында отыр екен, қуанып кеттім. Ол кісі қолымдағы компьютермен теріліп, ретке келтірілген жұмысымды біраз уақыт ақтарып, институт директорына кіріп көрсет деді. Бұл кезде институт директоры ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Манаш Қозыбаев еді. Ол кісінің кабинеті 2-қабатта болғандықтан, төмен түсіп қабылдау бөлмесіне келдім. Академикке кіру қалай болады деген ой тыным бермеді. Сөйтіп, қобалжып, ойланып отырғанда директордың қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз кіріңіз деді. Директордың алдынан бір-ақ шықтым. Сәлем беріп болған соң, қай оқу орнынан келгенімді айтып, алдымен өзімді таныстырдым. Артынан келген шаруамды айтып, қолымдағы жұмысымды бердім. Академик ағамыз жұмысты біраз ақтарды. Сосын «жұмыстың көрінісі жаман емес, менімен жүр» деп кабинетінен шықты. Соңынан ілесіп келемін. Қайтадан 3-қабатқа көтерілдік. «Кеңестік дәуірдегі Қазақстан» бөлімінің меңгерушісі Кенаға отыратын бөлмеге келді. Сөйтіп, Кеңес ағаға былай деді:
– Мына азаматтың жазған ғылыми жұмысы Кеңестік дәуірден екен. Жұмыс жаман емес көрінеді. Осы жұмысты мамандарға беріп оқыт. Егер дұрыс болып жатса, мәжіліс өткізіп талқылаңдар. Талапқа сай келіп жатса, қорғау үшін диссертациялық кеңеске шығарыңдар, – деп академик ағамыз кабинетіне кетті. Ол кісінің директор болса да ешкімді өзіне шақырмай, өзі келгеніне мен таңғалдым. Халқымыздың «ұлық болсаң, кішік бол» деген сөзі жанымда сайрап тұрды.
Хош делік, сонымен қайта Кенағаның алдынан шықтым. Ол кісі жұмысты 3 дана етіп шығарып әкелуімді және мамандарға оқуға беретінін айтты.
Сөйтіп, мені бір айдан кейін мәжіліске шақырды. Сөйтсем, менің жазған жұмысым талқыланады екен. Мәжілісте менің жұмысымды оқығандардың бәріне болмаса да біріне тоқталайын. Ол кісі әскери тарих маманы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Төлтай Балақаев еді. Т.Балақаев ағамыз алдымен жұмыстағы кейбір кемшіліктерге тоқталды, әсіресе әскери терминдердің орысша емес, қазақша балама атауларын көрсетуімді ескертті. Сөйтіп, кемшіліктерді тез түзетіп, мәжіліс қорғауға ұсынуға болады деген шешім шығарды.
Жалпы, кандидаттық диссертация 1998 жылы 28 сәуірде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының диссертациялық кеңесінде қорғалды. Қорғау өткен соң Кенаға: «Сен мұнымен тоқтап қалма, докторлық диссертация жазуға тырыс, ғылым жолы жеңіл болмағанымен, оған ұмтылу керек. Ауған соғысын да көріп қайттың, тек алға жылжуға өзіңді жұмылдыр. Қажет болса, ғылыми кеңесшің болуға да дайынмын», деп, бұл жолы тағы да мені алға қарай ұмтылуға жігерлендірді.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп атам қазақ бекер айтпаған екен. Кандидаттық диссертациядан кейін докторлық тақырып таңдау мен оны бекіттіру мәселесі тұрды. Күндердің күнінде, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарих факультетінде жүргенде Кенаға осы мәселе туралы сөз қозғады. Мен бір-екі тақырып ойымда жүргенін айттым. Ол кісі мені тарих институтына келіп кетуге шақырды. Мен бардым. Сөйтіп, Кенағамен ақылдаса отырып докторлық диссертация тақырыбын талқылап, біреуіне тоқтадық. Ол тақырып институтта бекітілді. Ғылыми кеңесші болып Кеңес Нұрпейісұлы тағайындалды. Сөйтіп, Кенағаның кеңесшілігімен докторлық диссертация үшін материал жинауға және жазуға кірісіп кеттім. Ғылыми кеңесшімнің білгірлігі, ұстамдылығы мен көрегенділігі мені алға қарай жылжуға итермеледі. Ғылыми жұмыс туралы Кенағамен кеңескен сайын, жаңа бір тұжырымдарға келіп, жұмыстың ілгері жылжуына септігін тигізді.
Осылайша, жұмысымыз жүріп жатқан айлардың бірінде Кенаға науқастана бастады. Бірақ оңалып кетер деген оймен көңіл сұрап, жаман ой ойламадым. Кенағаның жағдайы күннен-күнге ауырлай бастады. Ағамыздың жан жары Мәриям апайды уайым қысты. Мәриям апайға басу айтып, ағамыз әлі-ақ тәуір болады деп жұбатып жүрдім. Бірақ ауру барған сайын ағамызды жүдетіп, ақыры арамыздан алып кетті. Тарих ғылымдары тарландарының бірі саналатын ағамыздың әрі ғылыми кеңесшімнің арамыздан кетуі маған қатты батты. Әрбір бейсенбі сайын ағамыздың үйіне барып, Мәриям апайдың алдында құран бағыштап отырдым.
Ғылыми кеңесшімнің көзі тірісінде докторлық диссертациямды қорғай алмаған мен, қолбасшысынан айырылған жауынгердей қиналыста қалдым. Бірақ осындай сәтсіз кезеңде қолұшын созып, тақырыбымды тоқтатпауыма және жалықпай жалғастыруыма жігер берген тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықов болды. Ғылым саласының талабы бойынша Е.Сыдықов жаңа ғылыми кеңесшім болып тағайындалып, әрі қарай жұмысымның жылжуына жетекшілік етті. Сөйтіп, ғылыми кеңесшімнің кеңесімен және ұстаздығымен докторлық диссертациям жазылып бітіп, 2010 жылы табысты қорғалды.
Академик Кеңес Нұрпейісұлы тек ғалым ғана емес, ұлағатты ұстаз болды. Ол кісінің қамқорлығымен қаншама тарихшыларымыз докторлық және кандидаттық диссертацияларын қорғады. Профессор ретінде К.Нұрпейіс көп жыл Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарих факультетінде дәріс оқыды. Ғалымнан тәлім алған шәкірттері тәуелсіз Қазақстанның ғылым және білім саласында елімізді өркендету жолында аянбай еңбек етуде. Ол кісі даярлаған 11 ғылым докторы мен 40-тан аса ғылым кандидатын, оған қоса ғылым мен білім саласын басқарып, ғылыми-зерттеу институттарының директорлығы, жоғары оқу орындарының ректорлығы қызметінде жүрген шәкірттері барын айтсақ та жеткілікті. Саясатпен айналысып, елге басшылық жасау жолында жүргендері де бір шоғыр. Ағамыздың ғылыми кеңесшілігімен қорғағандардың арасынан докторлық қорғағандар қатарында тарих ғылымдарының докторлары Т.Омарбеков, Б.Аяған, Қ.Ахметов, С.Смағұлова, ал сол кісінің жетекшілігімен тарих ғылымдарының кандидаттары Г.Дадабаева, Г.Өскебаева, Р.Нұрмағанбетова, Р.Сариева және т.б. атап өтуге болады.
К.Нұрпейіс бірнеше жыл Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының докторлық қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңесінің төрағасы болды, осы кеңестің және Қазақстан тарихы бойынша ғылыми-проблемалық кеңестің мүшесі болды. 1992-1996 ж.ж. ол Жоғарғы аттестациялық комитеттің тарих ғылымдары бойынша сараптау кеңесінің төрағасы болды.
Академик К.Нұрпейістің отандық тарих ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. 1983 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды, 1989 жылы Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, 2003 жылы толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 1995 жылы ғалым «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Осы жылы оның «Алаш һәм Алашорда» атты кезекті монографиясы жарыққа шықты (Алматы, 1995). Ғалымның «Алаш һәм Алашорда» еңбегі тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары «Алаш және Алашорда» туралы ақпарат беретін алғашқы көлемді еңбек болып қана қойған жоқ, осы саланы зерттеуші ғалымдар үшін үлкен бөгетті бұзған күштей әсер етті. Оқырмандарын жаңа деректермен сусындатқан құндылығы күшті кітап болды. 1997 жылы ол Әлеуметтік академияның толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 1998 жылы К.Нұрпейіске «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы берілді. Ғалымның ғылым мен білімге сіңірген зор еңбегі мемлекет тарапынан еленіп, үлкен марапатқа ие болды. 40-тан асқан шағында Мемлекеттік сыйлық алып, 60-тан асқан шағында «Парасат» орденімен марапатталды. «Ғылым қайраткері» номинациясы бойынша жылдың «Алтын адамы» аталды.
Қорытындылай айтқанда, белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, академик Кеңес Нұрпейісұлы кішіге үлгі, шәкіртке ұстаз, қиналғанға қамқоршы, ізденушіге ізгілігін таныта білген ардақты азамат еді. Жылышырайлы жүзімен кез келгенді жанына жақын тартатын, салмақты, салиқалы сөзімен барлығын баурап алатын, ағалық ақ қасиетімен қашанда жылы шуағын шаша білетін ерекше адам болатын. Биыл ағамыз арамызда болғанда 85 жасқа толып, басқаны айтпағанда шәкіттерінің шаттығына бөленіп, бір марқайып қалар еді. Өзі өмірден өткенімен, жарқын бейнесі кетпейтініне сенеміз. Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты» өлмейді деген қанатты сөз бар. Академик К.Нұрпейістің артына қалдырған ұстаздық ұлағаты мен мол ғылыми мұралары – осының айқын дәлелі. Оның ғылым жолындағы төккен тері мен атқарған ерен еңбегі, ізденісте болған тарихшы ғалымдар мен шәкірттеріне шашқан шуағы ешқашан ұмытылмайды.
Болат САЙЛАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері