Қоғам • 07 Желтоқсан, 2020

Нан бағасы неге қымбаттады?

915 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күнделікті тұтынатын әлеу­мет­тік маңызы жоғары азық-түлік тауар­ла­рының бағасын өсіруге жол бермеу – жергілікті атқарушы орган же­текшілеріне үлкен сын. Осы қатарға кіретін азық-түлік тауарының ба­сында нан тұратыны белгілі. Соңғы кезде Орал қаласында нанның бағасы өсті. Ресми деректерде бағаның өсу мөлшері 5-10 теңге деп ай­тыл­ғанымен, шын мәнісінде нан бағасының өсімі одан көбірек.

Нан бағасы неге қымбаттады?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Мұның сыры неде? Өңірдегі мамандардың айтуына қарағанда, мұның бірнеше себебі бар көрінеді. Яғни нан бағасының қымбаттауына ұн бағасының көтерілуі әсер еткен. Соның ішінде негізінен дән баға­сының өсуімен байланысты. Айта­лық қазіргі күні 1 тонна ұнның бағасы 100-105 мың теңгеге дейін шарықтап кетті. Ал 1 жыл бұрын бұл құн небәрі 80-85 мың теңге құрағанын ескерсек, есепті кезеңде едәуір айырмашылық бар. Мамандар нан бағасы өсуінің тағы бірнеше себептерін атап отыр. Мұның біріншісі, биыл өңірде жи­нал­ған астық сығындылығының тө­мен­дігі болса, екіншісі, облыстағы ас­тық өсіретін құрылымдар ең алдымен ішкі қажеттілікті толықтырудың орнына өнімді экспортқа шығаруға басымдық беруге ұмтылады. Әрине мұндай қадамға шек қоюдың жөні жоқ. Өйткені кез келген тауар өнді­ру­шінің басты мақсаты – табыс табу, шығын мен маңдай тердің өте­уін қайтару. Әйтсе де аталған мә­се­­леге тағы бір қырынан келсек, биыл­ғы жиналған астық мөлшерінің аз­ды­ғы жағдайында нан бағасын тұ­рақ­тан­ды­ру үшін тиісті шаралар қа­был­дау қа­жеттілігі байқалады.

Осы орайда Батыс Қазақстан об­лыстық кәсіпкерлік және индус­триялық-инновациялық даму бас­қар­масының мамандары экс­порт­қа шығарылатын бидайдың көлеміне шектеу белгілеу жөнінде Премьер-Министрдің кеңсесіне арнайы хат жолдауды қажет деп тапқан. Олар осындай квота белгілеу арқылы елімізде азық-түліктік бағыттағы би­дайға деген сұранысын толықтай өтеу­ге болады деп тұжырымдайды.

Орал өңірінде бұл жағдай негі­зі­нен жоғары сұрыпты ұннан жасалатын нан-тоқаш өнімдеріне қатысты. Алайда облыс әкімінің бірінші орын­басары Мұхтар Манкеевтің төрағалығымен өткен әлеуметтік ма­ңы­зы жоғары тауарлар бағасына бай­ланысты отырыста айтылғандай, бағаның өсуі нан пісіру технологиясына немесе оның құрамына байланысты деп үзілді-кесілді тұжырым жасаудың қисыны жоқ. Өйткені жоғарғы сұрыпты ұннан бұған дейін де нан әзірленген, алдағы уақытта да әзірлене бермек. Аталған көрініс тауар өндірушілердің бағаны күрт өсі­руі­не басты негіз бола алмасы анық.

Ақжайық өңіріндегі басшылар «Бірінші сұрыптағы нан бір жылдан астам уақыттан бері облыс бойынша 80 теңгеден сатылуда, бұл республика бойынша ең төменгі баға» деп  қайталайтынын жиі естиміз. Бұл – қарапайым тұрғындар мен көп балалы отбасылар үшін әлеуметтік тұрғыдан әжептәуір қолдау. Сондай-ақ қаланың әр түкпіріндегі шектеулі арнайы сау­да орындары мен дүң­гір­шектерді аралап шыққанда, көп жағдайда сөрелерден әлеуметтік нан­ның өзін емес, тек 80 теңге деген жазуы бар орнын ғана көргенімізді жасырмаймыз. Сатушылардың айтуынша, бірінші сұрыптағы 80 теңгенің наны үзіліспен немесе аз көлемде жеткізіледі екен. Ал жергілікті би­лік өкілдерінің айтуынша, мұндай бағаның мерзімі аяқталып келеді, яғни тұрғындардың оны тек 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана сатып алуына мүмкінідігі бар кө­р­інеді. Әрі қарай не болмақ? Бұл сауалға әзірге нақты жауап қайтарыла қойған жоқ. Нан бағасы – әлеуметтің тұрмыстық көңіл күйіне бірден әсер ететін өте нәзік те шетін фактор. Сон­дықтан бұл бағытта жергілікті атқа­ру­шы билік тиімді де ұтымды шаралар белгілейді деген ойдамыз.

 

 

ОРАЛ