Отырысқа қатысқан саяси партиялардың, Бас прокуратураның, Әділет, Ішкі істер және Қаржы министрліктерінің өкілдері, аумақтық сайлау комиссиялары үш мәселені талқылады. Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселе бойынша баяндама жасаған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов сайлауға ADAL және «Ақ жол» партиялары ұсынған тізімдерді тіркеу мәселесіне тоқталды. Қос партия да 27 қараша күні құжаттарын тапсырған. ADAL саяси партиясының тізімінде 16 адам бар. Олардың бесеуі – әйел және 29 жасқа толмағандар, бұл – тізімге енгендердің жалпы санының 31,2 пайызы. Ал «Ақ жол» партиясы ұсынған 38 үміткердің 14-і – әйел және 29 жасқа толмағандар.
Отырыстың үшінші мәселесі – сайлау процесіне қатысушылардың өкілеттігі бойынша ОСК мүшесі Серік Сыдықов баяндама жасады. Өз баяндамасында ол өкілеттіктерді іске асыру, сайлау процесіне қатысушыларды тіркеу мәселелерін түсіндірді. Сондай-ақ спикер партиялардың сенімді тұлғалары, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жеке-жеке тоқталды.
Кандидаттар мен партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар сайлау науқанында көмектесетін, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін сенімді тұлғаларын бекітуге құқылы. Олардың мәртебесі АСК-де тіркелген сәттен бастап күшіне енеді. Саяси партиялар сенім білдірген адамдарын өз қалауы бойынша тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтындай етіп қоя алады. Ол үшін тиісті сайлау комиссиясына хабарлауы керек. Тіркеу рәсімі ОСК-нің 2011 жылғы 21 қарашадағы «Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» №62/108 қаулысымен айқындалған. Ол тұлға міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы тиіс. Сайлау комиссиясының мүшесі немесе мемлекеттік саяси қызметтегі лауазымды тұлға бола алмайды. Дауыс беру күні тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесінде бір мезгілде әрбір кандидаттан немесе саяси партиядан бір сенімді тұлға қатысуға құқылы.
Саяси партиядан, өзге де қоғамдық бірлестіктен, коммерциялық емес ұйым байқаушылары болса дауыс берудің өткізілуін, дауыстарды санауды, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссиясының, учаскелік сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттерін байқап, заң бұзушылықтарды қадағалайды. Дауыс беру күні тиісті сайлау округіндегі учаскеде бір мезгілде әрбір саяси партиядан, өзге де қоғамдық бірлестіктен, коммерциялық емес ұйымнан бір-бір байқаушыдан қатыса алады. Байқаушының мәртебесі УСК-де ол туралы деректерді есепке алу журналына енгізіліп, тіркелген сәттен бастап күшіне енеді. Учаскедегі дауыстарды санау хаттамасын жоғары тұрған аудандық не қалалық комиссияға тапсырғаннан кейін, сондай-ақ заңнама бұзылған жағдайда байқаушы өз мәртебесін жоғалтады. Байқаушы ретінде тіркеу үшін белгілі бір заңды тұлға құжат тапсыруы керек. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Бұл ретте заңды тұлға беретін құжатта жеке тұлғаға берілетін өкілеттік, жеке мәліметі, сондай-ақ өкілеттіктерді орындауға кедергі келтіретін шектеулердің жоқтығы туралы жазбаны қамтуы тиіс.
Конституциялық заңға сәйкес шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тізімін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін және ықпал ететін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады. Сол себепті саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиіс.
Серік Сыдықов сондай-ақ байқаушылардың дауыс беру күні фото, аудио және видео түсіру бойынша құқықтарына тоқталды. Сайлау туралы заң байқаушыларға дауыс беру барысына және оның қорытындыларына кедергі келтірмей, фото, аудио және бейнежазбалар жасау құқығын береді. Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген адам құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ «Сайлау туралы» Конституциялық заңда бекітілген дауыс беру құпиясын сақтау қағидатына қол сұға алмайды. Тиісінше, фото, аудио және бейнежазбалар сайлаушылар тізімі, толтырылған бюллетеньдер секілді деректердің құпиялылығын сақтауы тиіс. Алайда «Байланыс туралы» заңның 2-бабының 61) тармақшасына сәйкес жазба (фото-,
аудио- және бейне-) трансляцияға (тікелей эфирге шығуға) ұқсас санатқа жатпайды. Сол себепті учаскелік сайлау комиссиясы мен байқаушылар заңнама сайлау учаскелерінен онлайн-бейнетрансляция жүргізуге жол бермейтінін ескеруі қажет. Бір ескеретіні, байқаушы түсірген фото, аудио және бейнежазбалар азаматтық, қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларына келер болсақ, Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша ОСК жанында аккредиттелген шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жеке тұлғалары халықаралық байқаушылар болып есептеледі. Халықаралық байқаушы мәртебесі аккредиттелген кезден бастап беріледі. Халықаралық байқаушы сайлау науқаны аяқталғаннан кейін, Қазақстан заңнамасы немесе халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары бұзылған жағдайда, сондай-ақ СІМ ұсынуы бойынша тиісті шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның өтініші негізінде өз мәртебесін жоғалтады. Шетелдік байқаушыларға ОСК белгілеген үлгідегі куәлік беріледі. Халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен шетелдік БАҚ өкілдері өз мәртебесін сайлауды байқаудан басқа қызметте пайдалана алмайды. Олар аудармашымен бірге жүруі мүмкін.
Дауыс беру күні сайлау учаскесі ашылған кезден бастап, дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасына сай әр БАҚ-тан бір мезгілде бір өкілден қатыса алады. Журналист тіркеуден өткен мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар отырыстар, кеңестер және өзге де іс-шаралар туралы алдын ала хабарлауға, стенограммалармен, хаттамалармен және өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге міндетті. БАҚ өкілі сайлау учаскесінде белгіленген тәртіп ережелерін сақтауы керек.
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілеттігі СІМ-де аккредиттелген сәттен басталады. 2020 жылғы 2 желтоқсандағы жағдай бойынша СІМ жанында тұрақты негізде 39 шетелдік БАҚ-тың 166 өкілі тіркелген. Шетелдік БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттері халықаралық байқаушылардың мәртебесіне ұқсас. Үшінші мәселенің қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлау бойынша сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттіктерін іске асыру мәселелері туралы» қаулы қабылдады.