Мал шаруашылығы ауыл экономикасының басты салаларының бірі болып табылатынын Елбасы халыққа арнаған жолдауларында үнемі айтып келеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясында осы саланың ұзақ мерзімге бағдарланған жаңа қағидаттары белгіленді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында да стратегиялық мәні ерекше аграрлық сектордың проблемалары бөлек қаралып, мемлекеттік бағдарламалардың қайтарыммен жұмыс істеуі талап етілді. Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Қызылжар өңірінде жағдай қалай қалыптасып отыр деген сауалды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай ТҰРАЛИНОВҚА қойған едік.
Жандану
Мал шаруашылығы ауыл экономикасының басты салаларының бірі болып табылатынын Елбасы халыққа арнаған жолдауларында үнемі айтып келеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясында осы саланың ұзақ мерзімге бағдарланған жаңа қағидаттары белгіленді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында да стратегиялық мәні ерекше аграрлық сектордың проблемалары бөлек қаралып, мемлекеттік бағдарламалардың қайтарыммен жұмыс істеуі талап етілді. Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Қызылжар өңірінде жағдай қалай қалыптасып отыр деген сауалды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай ТҰРАЛИНОВҚА қойған едік.

– Таяу жылдардағы басты талаптардың бірі – Мемлекет басшысының етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау. Бұл мәселеге «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тарихи құжатында да баса назар аударылды. Облыста «2011-2015 жылдары ірі қара мал етінің экспорттық қуатын арттыру туралы» бағдарлама қабылданғалы Германия, Австрия, Дания, Ирландия, Канада, АҚШ және Ресей елдерінен етті бағыттағы герефорд, ангус, симменталь, қалмақ тұқымды ірі қара малдары әкелініп, 6,7 мың басқа арналған 21 асыл тұқымды репродуктор шаруашылық, 6,9 мың малға лайықталған 5 бордақылау алаңы құрылды. Бүгінде 300-ге тарта фермер қожалықтары бағымында 60 мыңдай Зеңгі баба түлігі бар. Шаруашылықтар жоспардағы 9 мың бастың орнына 58,8 мың бас қара мал әкеліп, мал басы 23 пайызға, ет өндіру 17 пайызға көбейді. Осы уақыт аралығында төрт түлікті өсірумен айналысатын 290 фермерлік қожалық құрылып, жарты мыңға жуық адам жұмысқа тартылды. Биыл 76 ферма ұйымдастырылды. Жыл аяғына дейін тағы 2 асыл тұқымды репродуктор ашу белгіленген. «Мәмбетов және компания» командиттік серіктестігі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы алған несиеге мұхиттың арғы жағынан 200 бас ангус қашарларын жеткізді. Содан бері мал басы 2 есеге көбейіп, асыл тұқымды малдарды аукцион арқылы сату ұйымдастырылды. «Жанбай» ЖШС Даниядан 400 бас герефорд құнажындарын алдырды. «Атамекен» фирмасының 5 шаруашылығы 1300-ден астам асыл тұқымды мал өсіреді. «Ақселеу» серіктестігі өз қаражатына Ресейден 200-ге жуық герефорд тұқымын сатып алды.
Осылайша етті мал шаруашылығымен шұғылданатын шаруашылықтар мемлекеттік қолдаудың арқасында аталмыш жобаның экономикалық тиімділігін айқын сезініп отыр.
– Серікбай Шәріпұлы, мал шаруашылығы өндірісін ұлғайтудың тағы қандай тетіктері қарастырылған?
– Биыл мал шаруашылығын дамыту үшін республикалық қазынадан 2,4 миллиард теңге бөлініп, 2 миллиардтан астамы игерілді. Бұдан тысқары 3 жыл ішінде 2277,2 миллион теңгенің 260 жобасы іске асырылды. Нәтижесінде 11193 бас сиыр және 435 бас аталық мал сатып алынды. «Аграрлық несие корпорациясы» 79, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» 181, «ҚазАгроҚаржы» 13 жобаны қаржыландырды. Бұл жобалар шеңберінде 5 миллиард теңгеден астам қаржы игерілетін болады. «Сыбаға» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы арқылы 11,6 мың бас мал алынды. Демеу қаржының мұндай жеңілдетілген түрлеріне сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Сөз арасында «ҚазАгро» АҚ өзіне жүктелген міндеттемені 5,6 есе асыра орындап шыққанын айта кеткен жөн.
– Елбасы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы негізгі үш бағытта өріс алуы тиістілігін атап көрсеткені мәлім. Олар – еңбек өнімділігін арттыру, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті жүзеге асыру. Бұл талаптардың мал шаруашылығына тікелей қатысы бар екені талассыз.
– Елбасы 2016 жылға таман ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу міндетін қойғанын жақсы білеміз. Алдын ала есептеулер бойынша осы кезеңге қарай сиыр етінің экспортын 6 мың тоннаға дейін жеткізбек ойымыз бар. Сол сияқты, ең төмен еңбек өнімділігі агроөнеркәсіптік кешенде орын алып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысы 2014 жылға қарай өнімділікті екі есеге арттыру, азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдерімен толтыру, Кеден одағы, алыс-жақын шетелдердің рынок көздерін тиімді пайдалану межелерін жүктеді. Облыста бұл үшін ішкі мүмкіндіктер мен резервтер жеткілікті. Оны әкімдік кеңестерінде Самат Ескендіров те еске салып отырады.
Бүгінде ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтар қолдану, аграрлық-инновациялық жобаларды іске асыру шаралары нәтижесінде асыл тұқымды мал басы көбейіп, ірі қара 46 мың, жылқы 1,5 мың, шошқа 42,4 мың басқа жетті. Әкелінген ірі қара малдарынан 4 мыңнан астам төл алынып, алды жергілікті шаруаларға сатыла бастады. «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңға сәйкес асыл тұқымды ірі қара мал басын тұқымдары бойынша республикалық палаталарда тіркеу жүргізілуде. Осы күндері 23 мың бас асыл тұқымды ірі қара малы тіркелді. Бұл көрсеткіш қолдағы асыл тұқымды малдың 50 пайыздан астамын құрайды.
Нарық заңы қатал, бәсекелестік күшті. Оған мықтының мықтысы ғана шыдайды, төтеп береді. Соған қарамастан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфляциялық үдерісті тежеу мақсатымен сенбі күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізіп келеміз. Ауылшаруашылық тауарын өндірушілер тұтынушыларға өз өнімдерін тікелей ұсынатындықтан, базарға қарағанда 10-20 пайызға арзан. Жыл басынан бері 177 жәрмеңке ұйымдастырылып, 212 тонна ет, 196 тонна сүт өнімдері, 157 миллион дана жұмыртқа, 237 тонна картоп пен көкөніс, 29 тонна бал, 156 тонна басқа өнім түрлері сатылды.
– Қой шаруашылығын дамыту мақсатындағы жайылымдарды кеңейте отырып, малды жайлауға шығарып бағуды қайта қалпына келтіру, жайылым-шабындықтарды құнарландыру тапсырмасы қалай орындалуда?
– Мал төлден өседі. Ол үшін жер өңдеу, озық технологияларды енгізу, құнарлы жемшөп базасын құру секілді зор әлеуетке ие болуымыз керек. Облыстың агрөнеркәсіптік кешені экспорттық нарықты меңгеру, ұлттық бәсекеге қабілетті өнімдер өндіру мақсатымен жайылымдық мал шаруашылығы өндірісін дамытуды қолға алды. Сөйтіп, 210 табын, 84 үйір, 102 отар құрылып, 100 мыңға жуық түлік топтастырылды. Олар табиғи су көздеріне жақын жерлерде бағылады. Мал жайылымдарын суаттармен қамтамасыз ету, мал жаю сызбалары белгіленген. Фермерлер мен жеке қожалық иелеріне 2 миллион гектар жайылымдық жер бекітіліп берілген. Олардың негізгі бөлігі өңірдің оңтүстік беткейіне шоғырланған. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары Батыс Қазақстан облысының отарлы мал шаруашылығына көрсетілетін әлеуметтік тұрмыс жағдайы тәжірибесін зерделеп, қолданысқа енгізуде.
Президенттің ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарын әртараптандыру жөніндегі талаптары аясында жемшөп дақылдарының көлемі 319,7 мың гектарға жетті. Бұл былтырғыға қарағанда 68,5 мың гектарға артық. Көпжылдық шөп 209,3 мың, біржылдық шөп – 37,9 мың, сүрлемдік дақылдар – 13,3 мың гектарды құрайды. Теріскейде аудандастырылған, ауа райына төзімді жемшөп дақылдары тұқымымен қамтамасыз ету үшін «Степноишим тәжірибе стансасы» ЖШС элиталық тұқым өсіру шаруашылығы мәртебесін алды. Тек биылдың өзінде ғана 422 миллион теңгенің заманауи 73 техникасы сатып алынды. Ірі және шырынды азықтардың бағасын арзандату бағдарламалары бойынша да мемлекеттік қолдау жүйелі көрсетіледі. Құс фабрикалары мен ірі мал шаруашылығы кешендері құрамажем шығаратын цехтарды іске қосып, бір орталықтандырылған автоматты режіммен басқарылады. Ет өнімдерінің импорттық бәсекелестігін арттыру шеңберінде озық технологияларды енгізуге, кәсіпорындарды жаңғыртуға, жаңа өнім түрлерін шығаруға, қалдықсыз өңдеуге үлкен басымдық берілуде. Мәселен, «БИ-Агро» ЖШС шұжық және шұжық өнімдерін дайындайтын германдық жабдық орнатты. «Меденников» ЖК өнімдерді вакуумдық буып-түйетін желіні іске қосты.
Келесі жылдан бастап жұмыс істейтін «Агробизнес-2020» бағдарламасы қайта өңдеу кәсіпорындары үшін шикізат сатып алуды субсидиялайтын болады. Бұл жобаның іске асырылуы ет өнімдерінің сапасын да, экспорттық әлеуетін де ұлғайтуға да үлкен мүмкіндіктер берері сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.

Стратегия – біздің өмірімізде
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Елдің барлық өңірлерінде сапалы медициналық қызметтер алу үшін қажетті жағдай жасалды» деп нақтылады. Бұл ақиқат. Күнделікті өмірден бірер мысал келтірсем, Жетісу жерінде де білімді маманға жарқын жол ашылған. 2012 жылы облыс әкімінің медицина саласы қызметкерлерінің арасында жариялаған байқауына қатысып. «Үздік дәрігер» атты жүлдені жеңіп алдым. Еңбегім бағаланып Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтер берілді. Мұны Стратегияның менің өміріме енгізген үлкен мүмкіндігі деп бағалаймын.Осы ойымды тереңдете түссем, 2012 жылы аталған Стратегия аясында жоғары сападағы мамандандырылған медициналық тәсілдердің қыр-сырын игеру үшін Оңтүстік Кореяның Сувен қаласындағы Ли – Чен – Тэк емханасында бір ай тәжірибеден өтіп, бірқатар жаңа ота жасау технологияларын енгізу арқылы халыққа сапалы қызмет көрсету тәсілдерін меңгердім. Оның нәтижесін қазақстандықтар көруде.
Өркениетке ұмтылған еліміздегі сындарлы саясаттың арқасында біздердің, яғни медицина саласы қызметкерлерінің жайлы пәтерлерге ие болуы халыққа алаңсыз қызмет көрсетуімізге жағдай туғызса, шетелдерге мемлекет қаражатымен барып оқып, білімімізді толықтырып, тәжірибе жинақтап қайтуымыз – қызметіміздің сапасын арттырған үстіне арттыра түсетіндігі анық. Ендеше, Стратегия жүктеген міндетті орындау – біздің парызымыз.
Анарбек МОҢҒОЛ,
Алматы облыстық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі, І санатты ортопед-
травмотолог.