Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2020

Балаларға қосымша білім беру қалай жүріп жатыр?

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қала балаларына қосымша білім беру міндеті қалай шешіліп жатқанын айтты.

Балаларға қосымша білім беру қалай жүріп жатыр?

Мемлекет басшысының Халыққа Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес «Балаларды спортпен, мәдениетпен және мектептен тыс қосымша біліммен жаппай қамту үшін жағдай жасаудың Жол картасы» жасалды. Білім, мәдениет, спорт және т.б. салалардағы ақысыз үйірмелер мен секциялардың жұмысын ұйымдастыру көзделіп отыр. Нәтижесінде балаларды ақысыз қосымша біліммен қамту 83%-ға дейін жеткізіледі.

Сонымен қатар, 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен барлық мектеп стадиондарын жаңарту жоспарлануда. Бұл өз кезегінде барлық мектеп оқушыларына сабақтан тыс уақытта спортпен тегін айналысуға мүмкіндік береді.

Қосымша білім беру ұйымдарының желісі дамып келеді. Жақын арада Алатау мен Наурызбай аудандарында екі Оқушылар сарайының құрылысы басталады. Биыл пандемияға байланысты қолданыстағы Оқушылар сарайын жаңарту кейінге қалдырылды. Бұл жұмыс келесі жылы қайта басталады.

Спорт ғимараттарының қолжетімділігіне келетін болсақ, қаладағы спорттық нысандарының саны мен орналасуын сараптай отырып, олардың басым бөлігінің қаланың ортасында орналасқанын анықтадық.

2020 жылы спортпен айналысатындар саны 588 321 адамды құрады. Спорттық инфрақұрылымды дамытудың арқасында келер жылы біз спортпен шұғылданатындардың қатарын тағы 65 мың адамға көбейтеміз.

Жабық спорт залдарының тапшылығы 2021 жылы 30%-дан төмендейді. Осы мақсатта биылғы жылы 700-ден астам шағын спорт нысаны салынды. Олар шағын футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, жаттығу алаңдары және әмбебап ойын алаңдары. Жетісу ауданында бірегей «Жекпе-жек орталығы» жобасы жүзеге асты. Бұл жоба қаланың барлық аудандарында жүзеге асатын болады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 12 мектеп стадионы жаңартылуда, жалпы 100-ден астам мектеп стадионы жаңартуды қажет етеді.

Жалпы білім беретін мектептерде балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары ашылады.

Жаңа Алматы ықшамаудандарындағы жабық спорттық нысандарға деген сұранысты қанағаттандыру үшін 2021 жылы алты спорттық-сауықтыру кешені салынады. Жетісу, Түрксіб және Медеу аудандарында үш спорттық-сауықтыру орталығын салу бойынша дайындық жұмыстары қазірдің өзінде аяқталуда. Бассейн, ойын залы, жекпе-жек залы, хореография сияқты спорттық-сауықтыру орталықтарының үш типтік жобасы әзірленді. Алатау ауданында 14 кортқа арналған теннис орталығының құрылысы басталды.

Бүгінгі күні қалада 3399 спорт нысаны бар.