Түрлі жиындардан 30,8 млрд теңге үнемделді
Апта басында Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында есеп берді. Мегаполис басшысының баяндамасы «Пандемия кезіндегі Алматы» деп аталуы де бекер емес. Алматы әкімі барлық саладағы атқарылған жұмыстарды саралап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына түгелге жуық жауап берді.
Қазір Алматыдағы санитарлық-эпидемиялық жағдай қайта қиындады. Пандемия басталғаннан бері қалада осы уақытқа дейін індет жұқтырудың 16 534 оқиғасы, сондай-ақ этиологиясы анықталмаған пневмонияның 1 200 жағдайы тіркелді. Оның ішінде – 14 960 адам немесе 90,4%-ы жазылып шықты. Коронавирустан қайтыс болғандар саны 331 адамды құрайды (2%).
– Қазір пандемия Еуропа мен Ресейде өршіп тұрғанын көріп отырмыз. Мұндай жағдай бізде де орын алуы ықтимал. Біз оған дайындалып жатырмыз, – деді қала әкімі.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін бюджеттің шығыс бөлігін қайта қарау және конференция дөңгелек үстел, салтанатты және мәдени-бұқаралық, имидждік іс-шаралар сияқты басым емес шығындардан бас тарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бюджет 30,8 млрд теңгеге оңтайландырылып, бұл қаражат эпидемияға қарсы күреске бағытталды.
2020 жылы COVID-19-ға қарсы күрес үшін Алматыға республикалық (21,6 млрд теңге) және жергілікті (89,4 млрд теңге) бюджеттен барлығы 100 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Қаражат инфекциялық госпитальдар салуға, медициналық жабдықтарды сатып алуға, медициналық ұйымдарды емдік газбен жабдықтауға, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге, жедел жәрдем көліктерін, жеке қорғану құралдарын сатып алуға, медицина қызметкерлерінің тамақтануына, тұруына, өтемақылар төлеуге, азық-түлік және дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорларын жасақтауға, сонымен қатар қаланы ауқымды дезинфекциялау жұмыстарына жұмсалды.
7011 төсектік орын сақадай сай тұр
Алматыда 7011 төсектік орны бар 23 стационар сақадай сай тұр. Пандемия кезінде Алматыда үш жаңа инфекциялық стационар салынды: 2 модульді клиника және РВ-90 госпиталі. Жеке инвестициялар есебінен екі клиника қайта құрылды.
Әкім келтірген мәліметтері бойынша жедел медициналық көмек көрсету жұмысы және науқастарды бағдарлау жаңа алгоритмге ауыстырылды. Жаңа 35 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. 16 желтоқсанға дейін қосымша 50 машина келеді. 2021 жылдың басында тағы 50 көлік алынбақ.
Жалпы қалалық зертханалық желі мен пациенттерді диагностикалау жұмысы орталықтандырылды. Қуаты тәулігіне ПТР-зерттеулерін 22 мыңға дейін кеңейту мүмкіндігі бар.
– Өткен жылы біз жақын орналасқан қолжетімді жерден медициналық қызмет түрлерімен қамтамасыз етудің 3 жылдық жоспарын қабылдадық. Барлығы 35 амбулатория салынады. 16 амбулатория іске қосылды, келесі жылы тағы 11 амбулатория пайдалануға беріледі, – деді қала әкімі.
Бірінші эшелон стационарларын медициналық газбен, соның ішінде оттегінің орталықтандырылған жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі жалпықалалық бағдарлама іске асырылып отыр. Медициналық ұйымдардың кәріз суларының биологиялық қауіпсіздігі режімі енгізілді. Медициналық қалдықтарды кәдеге жаратуға бақылау күшейтілді.
Б.Сағынтаевтың мәліметінше, тұрақтандыру қорын құру үшін 10 млрд теңге бөлінді. Оның 5 млрд теңгесі ауруханалар мен емханаларды дәрі-дәрімекпен қамтамасыз етуге, 5 млрд теңгесі дәріханаларды дәрілік препараттармен үздіксіз қамтамасыз етуге арналған.
Қала әкімі биылғы 9 айда жалпы сомасы 14 млрд теңгеден аса төлем жүргізілгенін алға тартты. Осы кезеңде ай сайын 3,5 мыңнан 7,5 мыңға дейін медицина қызметкері үстемеақы алған.
КВИ-мен күрес барысында жұмыс орнында індет жұқтырып, науқастанған 1 491 медицина қызметкері белгіленген төлемді алды. Бұған қосымша 50 медицина қызметкері жергілікті бюджеттен әлеуметтік төлемдер алды. Бүгінгі таңда кадрлық резервте 2 450 медицина қызметкері бар.
90 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр
Мегаполис әкімі қандай жағдай болса да қала экономикасын құлдыратпау үшін атқарылып жатқан шаралар легін атады.
Өнеркәсіп, байланыс, құрылыс салаларында экономикалық өсім сақталған. Мысалы, өнеркәсіп 4,3%-ға, құрылыс 11,8%-ға, пайдалануға берілетін баспана көлемі 3,6%-ға, байланыс қызметтері 8%-ға өсті.
Жыл қорытындысы бойынша Алматыда құны 176,2 млрд теңге болатын 90 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 7,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Мегаполистің негізгі капиталына салынған инвестициялардың жылдық көлемі 900 млрд теңгеге бағаланып отыр.
2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке жиналған салықтар мен төлемдер өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 1%-ға көп. Бұл ретте қаланың мемлекеттік бюджет кірістеріндегі үлесі 23,5-тен 25,7%-ға дейін ұлғайды.
3 желтоқсанда онлайн форматта өткен инвестициялық форумның нәтижесінде 1,5 трлн теңге сомасына 55 меморандум жасалды. Инвесторлардың жоғары белсенділігі 2020 жылғы сыртқы соққыларға қарамастан, Алматы инвестициялық белсенділіктің халықаралық орталығы болып қалатынын тағы растайды.
Биыл Алматы әкімдігі білім және ғылым, БАҚ, әлеуметтік қызмет көрсету салаларында қызмет ететін 35 жасқа дейінгі жастарға арналған «Алматы Жастары» атты жеңілдетілген ипотекалық несиелендіретін жеке бағдарламасын іске қосқаны белгілі.
2020 жылы Алматыда 2 млн 396 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл – 22 626 пәтер, 2 062 жеке тұрғын үй. Оның ішінде «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 290 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 5 206 пәтер беріледі.
Сонымен қатар «7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық несиелендіру бағдарламасы жалғасып, осы арқылы 76,5 млрд теңге сомасына 5 605 пәтер алу мақұлданды. Бағдарлама бойынша бастапқы жарна пәтердің жалпы құнының 10%-ын құрайды. Кредиттік шарт жылдық 5%-бен 25 жыл мерзімге ресімделеді. Жеңілдетілген шарттардың арқасында медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ЖОО мен ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, жазушылар, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қызметкерлері арасынан 894 алматылық жастар көптен күткен пәтерлерді бастапқы және қайталама тұрғын үй нарығынан сатып алды.
Жыл соңына дейін қаланың барлығы 1 мың жас тұрғыны баспаналы болады.
75 мың кәсіпкердің салығы кейінге қалдырылды
Қаланың 75 мың кәсіпкері салық бойынша 23 млрд теңгеге жуық берешегі кейінге қалдырылды. 2,9 мың кәсіпкердің 72 млрд теңге сомасына несиелері кейінге қалдырылды.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдың соңына дейін коммуналдық меншік нысанындағы аумақтарды жалға алған 1,2 мың кәсіпкер 376 млн теңге сомасындағы төлемнен босатылды.
200-ден аса нысан (СОО, қоғамдық тамақтандыру, базарлар) 20 мыңға жуық кәсіпкерді 3 айға дейінгі мерзімге жалақы төлеуден босатты. Қазіргі уақытта жалға берушілер жалдау мөлшерлемесін орташа есеппен 20-30%-ға төмендетті.
Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жасалған барлық шарттар бойынша тауарлар, жұмыстар мен қызмет түрлерінің 90%-ы жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынады.
Қазіргі таңда көп балалы аналарға қолдау көрсету үшін өңірлік «Бақытты отбасы» орталықтарының базасында «Іскер Ана» бағдарламасы да көп іс тындырып отыр. Мұнда оларды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытады.
Көп балалы отбасылардан 888 адам 555 мың теңгеге дейін грант алды. Сонымен қатар 406 млн теңге сомасына 203 көп балалы ана 5 млн теңгеге дейінгі грантты иеленді. Сол сияқты «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы жобасы іске қосылды.
Сондай-ақ мүгедек жандарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру мақсатында алғаш рет Ten Qogam әлеуметтік қолдау орталығы ашылды. Орталық мүгедек адамдарға және олардың отбасыларына ақпараттық, консультациялық, заңгерлік және психологиялық қолдау көрсетеді. Жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі, мүгедек адамдарды қоғамға тиімді бейімдеу үшін тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға оқытады.
АЛМАТЫ