Технология • 08 Желтоқсан, 2020

Қауіпсіздік сертификаты

214 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір қалта телефонымызда қажетті дүниенің бәрі бар. Дүкенге барып сау­да жасаймыз. Бұрынғыдай әмиянды ұстамайтын да болдық. Банктің несиесін де бір орыннан қозғалмай отырып-ақ өтей береміз. Банк бөлімшесіне шабылудың қажеті жоқ. Жол жүру немесе концерттік кештердің билеттерін де телефонға үңіліп отырып сатып аламыз.

Қауіпсіздік сертификаты

Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметтерін де телефонмен тындыра­мыз. Ілкідегідей іркіліп кезекте тұрмаймыз. Іздеген дүниемізді лезде тауып беретін арнайы платформалар да жетерлік. Ұсақ-түйектен бастап кез келген тауарға тапсырыс беруге болады. Міне, осы қызметтердің басым бөлігінде біздің жеке мәліметтеріміз енгізіледі. Яғни ЖСН, жеке куәлік, ұялы телефон, банк карточкасы нөмірлерін, тіпті кей қызметтерді алуда жұмыс орнымыз бен басқа да түрлі мәліметтеріміздің барлығын осы бір алақандай құрылғыдағы қосымшаларға қотарып жатамыз. Сонымен бірге телефонның іздеу жүйесіне енгізілген алгоритм бойынша тесіле қараған тың мәліметтер түрленіп, қайта-қайта алдыңыздан шыға береді. Яғни біздің жеке мәліметтеріміздегі сұранысты аталған мобилді қосымшалардың қожайындары кәдесіне жаратып, нақтылы аудиторияның талап-тілегіне талдау жасай алады. Бірақ бұл мәліметтер қаншалықты қорғалады? Бұған көбіміз бас қатыра бермейтініміз де шындық.

Түнеугүні ұялы телефон абоненттеріне 2020 жылғы 6 желтоқсаннан бастап Нұр-Сұлтан қаласында қауіпсіздік сертификатын қолдану арқылы «Киберқауіпсіздік Нұр-Сұлтан 2020» оқу-жаттығулары өтетіні туралы смс хабарлама келді. Кейбір шетелдік интернет-ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігін сақтау үшін қауіпсіздік сертификатын жүктеуге сілтеме жіберілген осы мәселе қоғамның ойын тағы да екіге жарды. Бірі қолдаса, енді бірі құптамайтынын аңғартты. Себебі түсінікті де. Өйткені соңғы күндері интернет қызметін тұтынушыларға Facebook, YouTube сынды бірқатар белгілі әлеуметтік желілер жабық болып, қолайсыздық тудырды.

Естеріңізде болса, былтыр Qaznet Trust Network қазақстандық қауіпсіздік сертификатын Apple, Google, Mozilla сияқты әлемнің алпауыт компаниялары өз браузерлерінде бұғаттап тастаған болатын. Яғни аталған нарықтың ірі ойыншылары бұл саланы монополиялап алғаны баршаға белгілі. Мұндай ортада бәсекелестікке төтеп беру де мүмкін емес. Бұл тарапта отандық заңнама біршама жыл бұрын дайын болса да, қазақстандық платформа әлі де қолданысқа ене қойған жоқ. Ал Mozilla іспетті компаниялар онлайн-қауіпсіздікті сақтауда тек Firefox жүйесіне ғана сенім артқанды жөн көреді. Әлбетте, Chrome, Safari сияқты басқа компаниялар да солай. Олардың ортақ уәжі – адамның жеке құқығы мен мәліметтерін сенімді қорғау.

Қазақстан да осы тоқтаммен аталған істі қолға алған болатын. Мұны қазақстандық әзірлеушілер фишинг әрекеттері мен вирус таратудың алдын алу бағытындағы шаралар деп түсіндіреді. Әрине, ақпараттық қауіпсіздік қазіргі мемлекеттер үшін үлкен сын. Ресми дерек көздерінің мәліметінше, биылдың өзінде 200 миллионға жуық кибершабуыл тіркелген екен. Интернеттің қазақстандық сегментінде былтырғы осы уақытпен салыстырғанда кибершабуылдар 2,7 есеге өскен. Бұл бір жағынан пандемияның да зардабы деуге болады. Жуырда бір ғана мобилді қосымшаның бірер сәтке бұзылып, мәліметтерді дұрыс көрсетпеуінің өзі аталған қосымшаны күнделікті қолданатын азаматтардың арасында айтарлықтай алаңдаушылық туғызғаны мәлім. Мемлекеттік ресурстарға әлеуметтік төлемге байланысты түскен ауыртпалық та ұмытыла қоймаған болар. Сондықтан киберқауіпсіздікке көңіл бөлудің мән-маңызы зор.

Ал аталған шара адамдардың жеке мәлі­меттеріне қол сұғады деп айыптау­шыларға ІТ мамандарының да айтары бар. Бұл – қажет болса, қазіргі смартфон иелерінің әлеуметтік желідегі мәліметтері мен күнделікті пайдаланатын қызметтерінен-ақ олардың жеке мәліметтеріне қол жеткізуге болады деген пайым. Сол себепті мұны сан саққа жүгіртудің қажеті жоқ. Бұл істі цифрлы инфрақұрылымның жүктемесін жеңілдету жолындағы кезекті қадам деп бағалаған жөн дейді мамандар.

Не десек те, еліміз бұл ретте бастапқы тәжірибелік алаңнан ұзай қоймаған сияқты. Өйткені әр тараптың әңгімесі толығымен негізделе қойған жоқ. Адамдардың көңі­лінде әлі де күмән бар. Қауіпсіздік пен құпия­лылықты сақтауға мемлекеттік органдардың өзі кепілдік бергенімен, ақпарат қолды болатын жағдайлар аракідік болмай қалмайды...