Саясат • 08 Желтоқсан, 2020

Байқаушыларды тіркеу жалғасуда

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысы өтіп, онда алдағы Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудың кейбір мәселелері пысықталды.

Байқаушыларды тіркеу жалғасуда

Қазақстан Халық партиясының тізімін тіркеу бойынша баяндама жасаған ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов партия құжаттарын 29 қарашада тапсырғанын мәлімдеді. Тізімге 114 кандидат кірген. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясына азамат Г.Қайыржановтың өз кандидатурасын партиялық тізімнен қайтарып алу туралы өтініші келіп түсті. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 90-бабына сәйкес партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтініш бере отырып, өзінің кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Мұндай жағдайларда ОСК партиялық тізімге енгізілген адамды шығарып тастау туралы шешім қабылдайды. Осылайша Қазақстан Халық партиясының тізімінде 113 адам бар. Оның ішінде 41-і әйел және 29 жасқа толмаған үміткерлер, олар тізімге енгізілгендердің жалпы санының 36,2 пайызын құрайды.

«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Мә­жі­ліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізген адам­дарының Конституция мен сайлау туралы заң талаптарына сәйкестігіне уәкілетті органдар ұсынған мәліметтер негізінде Орталық сайлау комиссиясы тексеру жүргізіп, барлық талаптарға сай екенін анықтады. Осыған байланысты, ОСК мүшелері «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лісі депутаттарының сайлауында «Қазақстан Халық партиясы» қо­ғам­дық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қа­был­дады.

Отырыстың екінші мәселесі бойынша ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады. Ол 2020 жылғы 22 қазанда сайлау­ды халықаралық бақылау институты ашылған сәттен бері Қа­зақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2 отырысы өткізіліп, 39 байқаушы аккре­дит­телгенін хабарлады. Оның ішінде ТМД Парламентаралық Ассам­блеясынан 29 байқаушы, ТМД Байқаушылар миссиясы құра­мынан 6 байқаушы, Ислам ынты­мақтастығы ұйымынан
4 бай­қаушы тіркелген.

Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар бойынша деректер үнемі жаңар­тылып отырады. Мәселен, 2020 жылғы 7 желтоқсандағы жағ­дай бойынша Орталық сайлау комис­­сиясына Сыртқы іс­тер минис­тр­лігінен аккредиттеу­ге ЕҚЫҰ ДИАҚБ-дан 12 байқау­шы­ның және 5 шет мемлекеттен 11 бай­қау­шының кандидатуралары ұсы­нылды.

Оның ішінде Иордания мемле­кетінен 3 байқаушы, Қырғыз Рес­­­публикасынан, Мальдив Рес­пуб­ликасынан, Молдова Респуб­ликасынан, Түрік Республи­касы­нан 2 байқаушыдан бар.

Осылайша 2020 жылдың 7 желтоқ­санына дейін барлығы 62 халық­аралық байқаушы аккредит­телді. Сайлау туралы Консти­туциялық заңға сәйкес шет мемле­кет­тер мен халықаралық ұйымдар­дың байқаушыларын аккредиттеу дауыс беру күніне бес күн қал­ғанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де, яғни 2021 жыл­дың 4 қаңтарында сағат 18.00-де аяқталады.

Отырысқа саяси партиялардың, Бас прокуратураның, Әділет, Ішкі істер және Қаржы министр­ліктерінің өкілдері, аумақтық сайлау комиссиялары, БАҚ өкілдері қатысты.