04 Желтоқсан, 2013

Асадқа тағылған айып ауыр

272 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

БҰҰ жанындағы Адам құқы жөніндегі кеңес комиссиясы Сирия президенті Башар Асадтың режіміне қарсы айыптаулармен шықты. Онда режімнің адамзатқа қарсы қылмыс жасағаны атап көрсетіледі. «Дейли Телеграф» комиссия түзген құпия тізімде аталған қылмысқа қатысы барлардың аты аталып, түсі түстеледі екен.

Шарайна

БҰҰ жанындағы Адам құқы жөніндегі кеңес комиссиясы Сирия президенті Башар Асадтың режіміне қарсы айыптаулармен шықты. Онда режімнің адамзатқа қарсы қылмыс жасағаны атап көрсетіледі. «Дейли Телеграф» комиссия түзген құпия тізімде аталған қылмысқа қатысы барлардың аты аталып, түсі түстеледі екен.

Басылымның жазуынша, тізімде Сирия қалаларындағы тұрғын үй аудандарын зеңбіректерден атқылауға, сондай-ақ, адамдарды өлтіргендер мен азаптағандарға, әйелдер мен балаларды қоса алғанда, ауруханаларда жаралы оппозиционерлерді қинағандарға жауаптылар меңзеліпті. Комиссия көрсетілген қылмыстарға Б.Асадтың шенеуніктерін айыптап отыр екен. Тізімге нақты кімдер кіргені әзірше белгісіз. Бұған дейін оған президент Б.Асад та кіреді деген әңгіме айтылып келген болатын.

Януковичті қолдағандар акциясы

Украинада мазасыз күндер мен түндер жалғасуда. Халық та билікке қарсылар және жақтастар болып екіге бөлініп отыр. Кеше Украинадағы билеуші Өңірлер партиясының өкілдері президент Виктор Януковичті қолдаған акцияларын бастады.

Акциялар Киевтегі Мария саябағында және Жоғары Рада маңында бастау алды. Бүгін біз Мария плацдармын алдық... Біз... президент пен біздің партиямызды қолдау жөніндегі акция­мызды бастаудамыз, деді Өңірлер партиясынан бұрынғы депутат Юрий Болдырев шара басында сөйлеген сөзінде. Сондай-ақ, ол Украинадағы билікке қарсы соңғы оқиғаларды «фашистік төңкеріске» әрекет деп бағалады. Осы аралықта оппозициядағы «Удар» қозғалысының серкесі Виталий Кличко бас біріктірсек, алынбайтын асу жоқ деп мәлімдеді.

Қысқа қайырып айтқанда:

* «Росатом» мемлекеттік корпорациясынан 45 млн. рубль қолды болған. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ақша ұрланға­нын ІІМ қызметкерлері анықтаған сыңайлы.

* Ауғандық есірткі саудалаушылар 30 жастағы Тәжікстан азаматы Мирмад Баротовты ұрлап кеткен. Оны босату үшін ақша талап етіпті. Егер ақша төленбеген жағдайда оның басын аламыз деп қоқан-лоқы жасапты. Сөйтсе, ұрланғанның ұлы есірткі партиясы үшін қарызын қайтармапты.

*Жануарларды қорғаушылардың бір тобы Нью-Йорк басшылығына 26 жастағы Томми деп айдар тағылған шимпанзені жеке тұлға ретінде ресми тану туралы өтініш түсіріпті. Белсенділер осылайша ерлі-зайыптылардың иелігінде қамауда ұсталатын маймылдың бостандыққа шығарылуын талап еткен.

Путинге наразылар көп

Ресей президенті Владимир Путин Арменияға сапармен келген болатын. Еуропалық интеграцияны жақтаушылар Арменияның Кеден одағына өтуіне қарсылық танытып, Ресей басшысының сапарына наразылықтарын білдірді.

Арменияның астанасы – Ереван қаласының орталығына жиналған мыңдаған белсенділер өз елдерінің Еуропаға интеграцияланғаны ұтымды екенін айтып, ұран көтерді. «Біз өз еліміздің қожайындарымыз!» деп ұрандатты жиналғандар. Сонымен қатар, олар Армения президенті Серж Саргсянның отставкаға кетуін талап етті. Акция орнына полиция көптеп шоғырландырылды. Олардың арасында жай киім киіп жүрген «жансыздар» да көп болды. Аса белсенділік танытқан ондаған адам қамауға алынған.

Елдегі екінші адам орнынан түсті

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның нағашысы Чан Сон Тхэк Ұлттық қорғаныс комиссиясы басшысының орынбасары лауазымынан түсіріп тасталды. Ұлттық қорға­ныс комиссиясы КХДР-дегі жоғары әскери орган болып табылады.

Қорғаныс комиссиясына Ким Чен Ынның өзі басшылық етеді. Сондықтан оның орынбасары елдегі екінші ықпалды адам саналады. Мұны Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау агенттігі біліп қойған. Отставка туралы қорытынды жасауға Чан Сон Тхэктің екі жақын серігінің ауыр жазаға кесіліп, жұрт көзінше өлтірілуі негіз болған секілді. Осыдан соң Чан Сон Тхэктің өзі де ресми шаралардан көрінбей кеткен. Оңтүстіккореялық барлау Ким Чен Ын көңілдерінен шықпаған соң жазаланғандар оны тағынан тайдырмақ болуы ықтимал деген болжам жасаған.

Әскерді дайындық сапына қойды

Венесуэла президенті Николас Мадуро ел астанасы – Каракас қаласында шамалы уақытқа жарық сөніп қал­ған­­­нан кейін әскерді барынша дайын­дыққа келтіру туралы бұйрық берген.

Н.Мадуроның сөзіне қарағанда, армия энергия жүйесін бүлікшілер мен оппозицияшылардың одан арғы шабуылынан қорғауы тиіс. Оның пікірінше, электр жарығының өшіп қалуына үкіметке қарсылардың іс-әрекеті алып келген. Ел президенті, сондай-ақ, қуат желілеріне «шабуылды» 8 желтоқсанда өтетін Венесуэла қалаларының мэрлерін сайлаумен де байланыстырады. Сөз ретінде айта кетсек, кеше кешкісін Каракас пен оның төңірегінде электр жарығы жаппай өшіп қалған болатын. Бұл кезде Н.Мадуро жергілікті телевизия арқылы тікелей эфирден сөз сөйлеп жатқан еді.

Оппозиция үкімет үйіне басып кірді

Бангкок қаласында демонстранттар үкімет үйіне басып кірді. Таиландтың «Натион» газетінің жазуынша, оппозиция басшылары наразылық танытушылардың жеңісі туралы жария етіп үлгерген.

Ал «Ассошиэйтед Пресс» агенттігі болса, оппозиционерлердің үкімет үйі орналасқан кешен аумағына ғана кіргенін айтып отыр. Бұл үшін олар сыртқы қақпаны қиратып, ғимарат алдындағы шалғынға барып жайғасқан. Полиция наразылық танытушыларға ешқандай қарсылық көрсетпеген. Ғимараттың өзі болса, 29 қарашадан бері жабық тұр. Сондықтан ішінде ешқандай шенеунік жоқ. Таиланд билігі осылайша оппозиционерлерге қатысты тактикасын күрт өзгерткен. Ал наразылық акциясы қараша айының соңынан бері жалғасып келеді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

Соңғы жаңалықтар

Уақытпен үндескен радио

Қоғам • Бүгін, 21:50