- Андрей Валерьевич, карантиндік шектеулер жағдайында жоба осындай қысқа мерзімде қалай жүзеге асырылды? Инвестициялық қаражат нақты неге бағытталған, сіз жобаны жүзеге асыруда қандай сәттерді мақтан тұтасыз?
- Кез келген жобаның негізінде қаржыландыру мәселесі жатыр. Eurasian Foods Corporation холдингі негізгі тәуекелдерді өз мойнына алды, жабдыққа, тиісті сервистік қызметтерге бастапқы инвестицияларды жүзеге асырды, бұл тез басталу себептерінің бірі болды. Жабдық жеткізушілерін таңдау маңызды фактор болып табылады. Біз сүт саласындағы технологиялық көшбасшылармен жұмыс істейміз, олар жауапты және тәртіпке бағынады, графикті сақтай отырып қызмет етеді. Адам факторы да өз рөлін атқарды. Зауыт әкімшілігі шетелдік мамандардың Қазақстанға тез және уақтылы келіп, барлық қажетті мәселелерді мемлекеттік органдармен келісуі үшін үлкен күш жұмсады.
Тартылған инвестицияларға келетін болсақ, зауытты модернизациялауға $12 млн бағытталды, бұл – жаңа кәсіпорынды ашуға салынатын инвестициямен салыстырылатын айтарлықтай сома десек, асыра айтқандығымыз емес. Негізінде, біз іс жүзінде жаңа зауыт салдық, кәсіпорындағы негізгі инженерлік құрылымдар мен ғимараттарды қоспағанда, барлығы дерлік өзгерді. Инженерлік инфрақұрылым, коммуникациялар, қосалқы жабдықтар, әрине, барлық негізгі жабдықтар жаңартылды. Айналым қаражатын қаржыландыру да қажет болды, десек те аз дәрежеде нөлден бастап бірнеше тәуелсіз бөлімшелер құрылды. Техникалық жабдықтау деңгейі бойынша Eurasian Milk – еліміздегі ең заманауи сүт өндірістерінің бірі.
Бүгінде зауытта сары май, ірімшік өндірісі іске қосылады. Ірімшік өндірісі алғаш рет осындай жоғары технологиялық деңгейде іске асырылды; біз Петропавл зауытында Қазақстанда алғаш рет ірімшік өндіру бойынша жоғары өнімді желінің пайда болғанын мақтан тұтамыз. Мақтанудың тағы бір себебі – біз экологияға деген қамқорлықты экономикалық тиімділікпен үйлестіре алдық. Кез-келген ірімшік өндірісінің ерекшелігі бұл экологияға қауіп төндіруінде. Шешім ретінде біз тазартудың заманауи әдістерін қолдандық
сондай-ақ, жақын арада шикізатты терең өңдеу жобасын іске асыруды және жалпы тиімділікті арттыруды жоспарлап отырмыз.
- Зауыт қандай өнім шығарады, өндірістің дамуына қарай сұрыпталымды қалайша кеңейту жоспарлануда? Eurasian Milk келесі жылы ел нарығындағы қандай үлесті алады деп күтілуде?
- Бірінші кезеңнің міндеті – сапалы ірімшіктер мен сары майлардың тұрақты өндірісін жолға қою. Дәл осы азық-түлік санаттары бойынша қазақстандық нарық импортқа өте тәуелді: отандық өндірушілердің сары май санатындағы өнімінің үлесі 33%-дан, ал ірімшік санатында – 5%-дан аспайды. Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 50 мың тонна сүт өңдейтін болады, дайын өнім өндірісінің көлемі жылына 14,5 мың тоннаны құрайды, оның 3,5 мың тоннасы – ірімшік өндірісі. Өндірістік қуатқа шыққан кезде сүтті қайта өңдеу көлемі жылына 110 мың тоннаны құрайды.
Eurasian Milk ең алдымен жаппай тұтыну өнімдерін шығаруға бағыт алады, егер біз ірімшік туралы айтатын болсақ, онда бұл ресейлік топтың ірімшіктері, «Сливочный», «Сметанковый», «С топлёным молоком», яғни, адамдардың күн сайын сатып алатын өнімдері. Бұл – басты мақсат және біздің осы сегменттегі негізгі бәсекелестеріміз – Украина, Ресей және Беларусь елдерінің өндірушілер. Теориялық тұрғыдан біз мысалы, камамбер өндірісін игерсек, Франциямен және Швейцариямен бәсекелесіп көре аламыз, алайда, экономикалық жағдайды, халықтың сатып алу қабілетінің деңгейін және бәсекелестік алаңды объективті түрде бағалауымыз керек. Біздің негізгі тұтынушымыз сапалы отандық өнімді қол жетімді бағамен сатып ала алуы керек және біздің міндетіміз – осындай өнімді өндіруді қамтамасыз ету.
Тағы бір маңызды нюанс бұл – шынайы де дәмді сүт өнімдерін шығаруымыз қажет, яғни оны адамдар көзін жұмып-ақ оларды таңдауы керек. Қазақстанда патриотизм деңгейі жоғары, адамдар жаңа өнімдерге қызығушылық танытады, біздің міндетіміз – олардың үміттерін ақтау. Технологиялық тұрғыдан біз ол үшін қажеттінің бәрін жасадық: ең үздік жабдықтар сатып алдық, жаңа өнімнің рецептурасын әзірлеу үшін Швейцариядан, Австриядан, Балтық елдерінен мамандарды тарттық, «моцарелла» түріндегі ірімшіктерді өндіру жөніндегі жұмысқа италиялық сарапшылар көмектесіп жатыр, кәсіпорынның инновациялық зертханасы ең үздік рецептураларды іріктеумен айналысуда. Сүт өнімдерінің дәміне сүттің сипаттамалары мен сапасы әсер етеді, сондықтан бізге осы бағытта байыпты жұмыс қажет. Біз бәсекелестерді «соқыр» дегустацияда жеңуіміз керек, ал оның барысында тұтынушылар қай өндірушінің өнімін сынап көретінін білмейді. Біз осыған қол жеткізбегенше, міндетіміз шешілмейді.
Нарық үлесіне келетін болсақ, импорт басым болған жағдайда біз барынша ықтимал тауашаны иеленуге ниеттіміз. Мұны техникалық тұрғыдан жасауға болады, бірақ көп нәрсе шикізаттың сапасына, экономикалық тиімділігіне байланысты. Ірімшік пен сары май сегментінде біз қазақстандық нарықтың кем дегенде 20%-ын иеленуді жоспарлап отырмыз, алайда бұл қай уақытта мүмкін болатынын әзірге айту қиын.
- Уақыт өте келе аймақ бюджетіне аударылатын өндіріс пен салық көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырсыз ба?
- Eurasian Foods Corporation холдингі еліміздің ең ірі салық төлеушілері қатарына кіреді, өткен жылы ол мемлекет бюджетіне 9 млрд. теңгеден астам қаржы аударды. Біз үшін басты міндеттердің бірі – жұмыс істейтін бизнес, сенімді өндіріс құру. Аймақ пен ел үшін бұл салық түсімдерінің өсуін және жаңа жұмыс орындарының құрылуын білдіреді. Бір кездері біз кәсіпорынға ол банкротқа ұшыраған кезде келдік, ал бүгінде мұнда 150 адам жұмыс істейді. Бұған қоса, кез келген тұрақты қызмет ететін кәсіпорын аралас салаларда жұмыспен қамтудың өсуін әрдайым қамтамасыз етеді: техникаға қызмет көрсету жөніндегі мамандар, шикізат жеткізушілер және т.б. Сондықтан осындай ауқымды жобаны іске қосу – өңір экономикасын тұрақтандыруға қомақты үлес.
- Зауытта жұмысқа орналасу үшін қандай біліктілікке ие болу керек? Eurasian Milk қызметкерлерінің кәсіпорында қосымша оқудан өту мүмкіндігі бола ма?
- Кәсіпорын штаты толығымен жаңа қызметкерлерден тұрады және жұмысқа орналасуға ниет білдірушілер әлі де көп, бірақ білікті мамандарға деген тапшылық жоқ емес, олар – реттеушілер, механиктер, бақылау-өлшеу аспаптары бойынша мамандар. Мұндай мамандар нарықта бар, алайда заманауи жабдықта жұмыс істеу үшін олар біліктілігін арттырып, қосымша оқудан өтуі керек. Тиісті бағдарламалар біздің жабдықтарды жеткізуші серіктестерімізде де, еңбек ұжымдарын құруда бай тәжірибесі бар Eurasian Foods Corporation холдингінде де бар.
Eurasian Milk қызметкерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, жергілікті университеттердің бірінің студенттеріне ірімшік жасау курсын оқиды, ЖОО бітірген соң түлектер алған білімдерін біздің зауытта да қолдана алады. Болашақта біз білім беру мекемелерімен өзара іс-қимылды кеңейтуді жоспарлап отырмыз, өйткені адамдардың кәсіпті тезірек игеруі және өндірісті көруге мүмкіндігі болуы үшін қолдан келетіннің бәрін жасау біздің мүддеміз үшін қажет.
Сүт фермаларында жұмыс істеу үшін мамандарды даярлау да маңызды; мұндай мамандардың тапшылығы қазір бар және алдағы жылдары сезілетін болады. Болашақта зауыттың қуаттылығы 6-8 заманауи ірі фермалардан шикізатты қабылдау үшін жеткілікті болады. Ресейлік және беларустік стандарттарға сәйкес, кем дегенде 1200 сауын сиыры мен жалпы табындағы 3000 бас мал өнеркәсіптік сүт өндірісі үшін қолайлы болып саналады. Бір ірі ферманың құрылысына 8-10 миллион еуро кетеді, ал қазір солтүстік аймақта мұндай фермалар іс жүзінде жоқтың қасы. Өткен жылы мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстандағы өндірушілердің сүт өңдеу саласындағы ұстанымын күшейтудің қажеттілігі туралы айтты, бұл бастаманы СҚО әкімдігі де, EFC холдингінің басшылығы да қолдады. Егер уақыт өте келе осы жұмыстың нәтижесінде өңірде ірі сүт фермалары пайда болса, олар үшін қазіргі заманғы жабдықта жұмыс істей алатын мамандарға деген сұраныс та туындайды.
- Сіз фермерлермен қарым-қатынас орнатуды қалай жоспарлап отырсыз? Жемшөп базасын дамыту үшін қандай қадамдар жасау жоспарларыңызда бар, өйткені сүттің сапасы да осыған байланысты емес пе?
- Сүттің өзіндік құнында жемшөптің үлесіне шамамен 60% тиесілі (бұл, әрине, шамамен алынған сан және барлығы нақты жағдайларға байланысты), сондықтан жалпы бизнес, түліктің денсаулығы, шикізаттың саны мен сапасы жемшөптің қаншалықты теңгерілетініне байланысты. Өңірде осы бағытта табысты жұмыс істеп жатқан фермерлер бар. Біз халықаралық компанияларда жұмыс тәжірибесі бар мамандарды тарттық, олар СҚО, Ақмола, Қостанай облыстары жағдайында өсіруге болатын жемшөптің оңтайлы көлемі мен сапасы анықталатын идеалды ферманың шартты жобасын жасайды. Біз сапалы сүт алу үшін қолдануға болатын өсімдіктердің оңтайлы түрлері мен технологиялары туралы мәліметтер аламыз. Сонымен қатар, тауарлы сүт өндіруге бағытталған мал тұқымдары бар, бірақ кез-келген тұқым осы аймақта берілуі немесе экономикалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі мүмкін жемшөпке сәйкес келе бермейді, сапалы мал сатып алуда да проблемалар бар. Біз тұқым, табиғат және жемшөп өндірудің оңтайлы өзіндік құны арасында тепе-теңдік табуымыз керек. Бұл мәселеде біз фермерлермен диалогқа сенеміз. Біз бірнеше фермалармен байланыс орнаттық, және олармен жұмыс жасауда біз оңтайлы шешім іздейміз, ал оң нәтижені басқа фермаларға насихаттаймыз.
Сатып алушы ақшамен дауыс береді, егер біздегі баға Беларусьтегіден бір жарым есе қымбат болса, біз адамдарды ірімшігімізді алуға көндіре алмаймыз. Нәтижесінде, елден өте көп ақша кетеді, осы ретте бәрі жемшөп бірлігі, дұрыс таңдалған мал басы, ветеринарлық қызмет көрсету қызметі, дайын өнімді дұрыс жинау сияқты аса маңызды емес мәселелерден басталады. Біздің бірінші кезектегі міндеттеріміздің бірі – өндірістің барлық кезеңдерінде өзіндік құнды төмендету және технологиялық тұрғыдан алғанда, біз оны шешу үшін барлығын жасадық. Фермерлер тарапынан қарама-қарсы қозғалыстар, олардың өзгерістер мен жақсартуларға менталды дайындығы, ашықтық, азықтандыру тәсілдерін, ветеринариядағы жаңа қызметтерді тұтынудағы өзгерістердің қажеттілігін түсіну қажет. Егер фермер мұның бәрін қабылдай алса, ал біз осының бәрін серіктестікте жүргізуге тырыссақ, осындай өзара әрекеттесуді күшейтіп, басқаларға насихаттауға тырысамыз.
- Сіздің ойыңызша, сүт саласы неғұрлым тиімді жұмыс істеуі үшін мемлекет қандай көмек көрсетуі тиіс?
- Бүгінгі жағдайда мемлекет саланы субсидиялау арқылы көп көмектеседі, бірақ менің ойымша, бұл – уақытша шешім. Мемлекет шексіз көмектесуге тиіс емес, оның міндеті – бизнесті белгілі бір деңгейге дейін көтеру. Сондықтан мен бастапқы инвестицияға байланысты бір реттік көмектің жақтаушысымын. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, егер мемлекет қаражат салумен байланысты бастапқы тәуекелді өзіне қабылдайтын болса, онда бизнеске көбірек қызығушы адамдар барады. Өз кезегінде, мемлекет сенімді серіктеспен жұмыс жасайтынына, ақша босқа ауаға кетпейтініне сенімді болуы керек.
- Егер оңтайлы шикізат базасын құру бойынша күш-жігер нәтиже беріп, қазақстандық фермерлер көп мөлшерде жақсы сүт өндіретін болса, оны сіздің бәсекелестеріңізге емес, дәл Eurasian Milk-ке тапсыратынына сенімдісіз бе?
- Жоғары сапалы технологиялық өңдеудің болуы шикізатқа, яғни сүтке ұзақ мерзімді ақы төленетін сұранысты тудырады, нәтижесінде сапалы сүт өндіру көлемі ұлғаяды. Дұрыс бәсекелестік– оң және қажетті дүние, ол саланың дамуын ынталандырады, нарықтық экономиканың реттелуін белгілейді. Бәсекелестікте технология, маркетинг және сапа жеңеді. Егер де сен осы құрамдастардың бәрінде мықты болсаң, егер кәсіпорында жақсы жабдық орнатылған болса, экономика мен нарықтық жағдайлар арасында теңгерім болса, егер сен жетістіктеріңді жоғалтпасаң, өнімнің түр-түрін кеңейту және сапасын жақсарту бойынша үнемі жұмыс істесең, онда бәсекелестікте алда болу әбден мүмкін. Біз Eurasian Milk-те әлемнің кез келген нүктесіндегі компаниялармен технологиялық сәйкестік пен бәсекеге қабілеттілік үшін жақсы негіз құрдық. Үш-төрт жылдан кейін біз шикізат жеткізушілері мен бәсекелестерден компанияның бүкіл құрылымының үйлесімді жұмыс істеуінде де, өнімнің дәмінде де кем түспейміз деп ойлаймын.