Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2020

Қызылордада сауда үйлері мен кинотеатрлар жексенбі күні жұмыс істейді

302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Д. Жаңабергенова № 28 қаулыға қол қойды. Жаңа қаулыда 31 қазандағы №25 қаулыға өзгерістер енгізілген. Қаулы 2020 жылдың 11 желтоқсанынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қызылордада сауда үйлері мен кинотеатрлар жексенбі күні жұмыс істейді

Өзгерістерге сай енді сауда үйлері жексенбі және мереке күндері жұмыс жасайтын болды. Бұл жөнінде қаулыда былай деп жазылған:

"Сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілері, азық-түлік емес және жабық азық-түлік базарларының, сауда орталықтарының жұмысын күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып, бір келушіге 4 м2 есебінен толтырылуын 30 %-тен асырмай, рекреация және демалыс аймақтарында сатып алушылардың болуына жол бермей және балалар ойын алаңдары, ойын орталықтарының және аттракциондарының жұмысына қатаң тыйым салумен, жұмыс және сенбі күндері сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін және жексенбі мен мереке күндері сағат жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін белгіленсін. Күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық, маска режимдерін қатаң сақтай отырып, фудкорттардың жұмысы тек тамақты жеткізу қағидасымен жүргізілсін".

Сондай-ақ осыған дейін қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлердің көтерген мәселесі де Өңірлік кеңес төрағасы мен Палата басшылығының жергілікті атқарушы органмен бірлесе атқарған жұмысы негізінде шешімін тапты. Бұл саладағы нысандар енді түнгі сағат 23.00-ге дейін жұмысын жалғастыра алады.

Сонымен бірге кинотеатрлар да жексенбі және мереке күндері жұмыс істейтін болды.