Нарықты реттеу жұмысы «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асырылуда. Мекеме өңірлік тауар өндірушілерді қолдау арқылы тұтынушыға сапалы әрі арзан азық-түлік ұсынудың ұтымды механизмін жолға қойып отыр.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы азық-түліктің сұранысқа ие 19 түрін тікелей тауар өндірушіден сатып алып, нарықтағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермейді. Картоп, сәбіз, қырыққабат, күріш тәрізді тауарлардың маусымдық баға өзгерісін шектеу мақсатында арнайы қор құрылған. Мекеме азық-түліктің шекті бағасын сақтауға, мүмкін болса одан арзан саудалауға күш салады.
Мысалы, тазартылған күріштің шекті бағасы 404 теңге деп белгіленгенмен, Ақмола нарығында күріш 230 теңгеден саудаланады. Ал, бидай ұны белгіленген 155 теңгенің орнына 110 теңгеден ұсынылды. Тұндырылған өсімдік майының шекті бағасы 433 теңге болса, әлеуметтік павильондарда 390 теңгеден аласыз. 2020 жылдың 4-ші тоқсанында қант 194, картоп 90 теңгеден сатылуда.
"Азық-түліктің бағасын тұрақтандыру өте маңызды. Жаман тұмау жайлаған кезде халық қысылып қалмауы керек. Қазір бізде 1 444 тонна азық-түлік сақтаулы. Жыл басынан бері 800 тонна өнім саудаланды", – дейді «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жетекшісінің орынбасары Гүлмира Жазина.
Азық-түлік нарығын реттеудің екінші тәсілі тауар өндірушілерге пайызсыз несие беру. Мұндағы шарт біреу ғана. Кәсіпорын шекті баға мөлшерін сақтауға кепілдік береді. Осылайша, өңірлік тауар өндіруші мен тұтынушының мүддесін бір арнаға тоғыстыруға болады. Бизнес нысандарының өтінішін кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жанына құрылған комиссия талдайды.
Ақмолалық кәсіпорындарға 835 млн. теңге бөлінген. Осылайша, сүт, айран, сүзбе, сары май, құс еті мен картоп бағасы тұрақтандырылды. Бұл механизм тауар бағасының күрт өсуіне қарсы жылдам әрекет ету мүмкіндігін ұсынады дейді мамандар. Мысалы жуық арада, жұмыртқа бағасын реттеу көзделіп отыр. Тұрақтандыру қорының азық-түліктері әлеуметтік павильондарда саудаланады.