Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2020

Қостанай облысында волонтерлікті дамыту тұжырымдамасы жасалады

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысы әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста волонтер жылы қорытындыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында волонтерлікті дамыту тұжырымдамасы жасалады

Жиын барысында облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев өңірдегі волонтерлық қызметтің барлық бағыттарын қамти отырып, күрделі кезеңде еріктілердің көпшілік игілігі үшін еткен еңбектері мен облыста ұйымдастырылған республикалық және жергілікті акциялар жөнінде баяндады.

Бүгінде аймақта 90 волонтерлық ұйым бар.  Qazvolunteer.kz сайтында Қостанай облысындабілім алып жатқан 1125 студент және 60 ұйым тіркелген. Облыс орталығында еріктілер қозғалысын үйлестіріп, бағыттап отыратын фронт-офис жұмыс істейді. Офис қызметкерлері өзара көмек көрсету мақсатында жасаған  vlo.kz онлайн-сервисі сайты арқылы облыс тұрғындарының қандай да бір көмек алуына немесе көмек ұсынуына мүмкіндік қарастырылған.

"Бүгінде елімізде волонтерлық қозғалыс толыққанды қалыптасты. Алайда еріктілерге қаржыландыру, ғимаратпен қамтамасыз ету сияқты жүйелі қолдау көрсетілу керек. Сондықтан 2021 жылы облыстағы волонтерлық қозғалысты дамытудың тұжырымдамасы әзірленуі тиіс", - деді Марат Жұрқабаев.

Басқарма басшысы жергілікті волонтерлардың биылғы қатаң карантин жағдайында, әсіресе, ауруханалар мен әлеуметтік мекемелерге көп көмек көрсеткенін ерекше атап өтті. Пандемия кезінде еріктілер облыс орталығындағы 5 емханадан 6 мың мекенжайға дәрі-дәрмек жеткізген. 200-ден астам волонтер провизорлық стационарларға әкелінген оттегі баллондары мен өкпеге жасанды жолмен ауа жіберетін аппараттарды түсіру, ғимаратқа кіргізу жұмыстарын атқарған.

"Волонтерлар 2 мыңнан астам оттегі баллондары мен 100 тоннаның үстінде гуманитарлық көмекке келген заттарды түсірді. Медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында "Мың алғыс" акциясы ұйымдастырылып, шара аясында 600-ден астам медицина қызметкерлеріне азық-түлік түрінде көмек көрсетілді. Облыста жыл басынан бері 800-ден астам түрлі сипаттағы қолдау шаралары ұйымдастырылып, оған 6 мыңдай волонтер атсалысты", - деді Марат Жұрқабаев. 

Еріктілердің ел үшін еткен елеулі еңбегі ескерсуіз қалып жатқан жоқ. Биыл 122 қостанайлық волонтер Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар,  25 волонтер «Халық алғысы» медаліне ұсынылып отыр.  Желтоқсан айының соңына таман облыстың үздік волонтеры мен үздік волонтерлық ұйымы анықталмақ.