"Газ және газбен жабдықтау туралы" талапқа сәйкес екінші қабаттан биікте газ баллондарын пайдалануға болмайды. Бірақ, амалдың жоқтығынан тұрғындар талапты бұзуға мәжбүр. Газ құрылғыларының қауіпсіздігіне жауап беретін құзырлы мекеме – энергетика басқармасындағылар мұндай тұрғын үйлердің санын тап басып айта алмайды. Себебі оның есебін жүргізіп отырған ешкім жоқ.
Қазір 240 газ тарату қондырғысының 99-ы жұмыс істемейді. Міне осының барлығында газ баллондарын пайдаланып отырғандары анық.
"Бір кезде иесіз қалған құбырлар болатын. Біз қалпына келтіріп, құжаттарын дайындап, әділет органдарында тіркеп, мемлекеттік сатып алу рәсімін дайындаудамыз", – дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ербол Төлеуов.
Жергілікті билік қамданғанымен, тендердің бірінші кезеңіне бірде бір үміткер қатыспаған. Таяуда мемлекеттік сатып алу рәсімі қайтадан өткізілмек. Оның өзінде де мердігер анықталса ғана қараусыз қалған газ құбырлары жөнделмек. Оған шейін қаншама қала тұрғыны қауіпті жағдайда күн кешеді.