Қоғам • 09 Желтоқсан, 2020

Вице-премьер Алматыдағы модульдік инфекциялық аурухананың жұмысымен танысты

185 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР вице-премьері Ералы Тоғжанов Алматыдағы жұмыс апары барысында COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинаның клиникалық зерттеулерінің II кезеңінің аяқталғанын хабарлады.

Вице-премьер Алматыдағы модульдік инфекциялық аурухананың жұмысымен танысты

Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов биыл қазан айында пайдалануға берілген қалалық клиникалық балалар инфекциялық ауруханасының модульдік филиалына барды.

Модульдік аурухананың жұмысы мысалы негізінде вице-премьер мегаполисте ауруды басқару моделінің іске асырылуымен танысты.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров COVID-19 жағдайында жұмыс істеу үшін денсаулық сақтау жүйесі инфрақұрылымының дайындығы туралы хабарлады. Алматыда бүгінде 7 011 төсек-орынға арналған 23 стационар, 74 емхана жұмыс істейді, олардың базасында пациенттерді көшпелі (жылжымалы түрде) мониторингтеу үшін 298 мобильді бригада жұмыс істейді, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем жұмысы мен науқастарды бағыттау жаңа алгоритмдерге ауыстырылды.

Сонымен қатар, клиникалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Жанар Мадееваның айтуынша, ұйымдарды медициналық жабдықпен жабдықтауды жаңғырту бағдарламасы аясында 74 стационар мен клиника үшін 4200-ден астам жабдық сатып алынды. Сондай-ақ, бірінші эшелондағы стационарларды медициналық газдардың, оның ішінде оттегінің орталықтандырылған жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі жалпықалалық бағдарлама іске асырылуда. Қаланың медициналық ұйымдарының кәріз суларының биологиялық қауіпсіздік режимі енгізілді. Медициналық қалдықтарды кәдеге жарату бақылауы күшейтілді.

Вице-премьерге жаңа модульдік инфекциялық стационар 300 төсекке есептелгендігі баяндалды. Алматы қаласының инфекциялық балалар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин стационарда барлығы 320 медицина қызметкері жұмыс істейтінін хабарлады. 8 бөлімше, оның ішінде боксталған палаталары бар 2 блок қарастырылған. Жансақтау бөлімінде-30 төсек, ПТР-зертханасы бар бөлімше. Сонымен қатар, әр палатада ылғалдандырылған оттегі бар (16 тонна сұйық оттегі, 8 тоннадан құйылғаны тұр). Жансақтау  және қабылдау бөлімшесінде газдың 3 түрі жүргізілген.

Өз кезегінде "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" ШЖҚ РМК Алматы қалалық филиалының директоры Гүлнар Ысқақова жедел әрекет ету және басқару үшін қаладағы эпидемиялық жағдайға онлайн мониторинг жүргізуге бағытталған цифрлық әкімшілендірудің жаңа құралдарын ұсынды.  Олардың арасында - мобильдік байланыс операторларының иесіздендірілген деректері негізінде карантин режимін талдау жүйесі, жедел жәрдем машиналарының шақыруларын талдау жүйесі, денсаулық сақтау объектілерін оқшаулауды талдау және АМСК-тің жақын жердегі қолжетімділігін айқындау жүйесі, сондай-ақ қалалық стационарлар үшін тікелей қолжетімділігі бар КТ -, МРТ -, рентген-кесіндерінің бірыңғай банкі бар.

Нысанды аралап шыққан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов тәуекел тобындағы адамдармен жұмыс жеке жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Оларды ауруханаға жатқызу бірінші кезекте жүзеге асырылады. Сонымен қатар, тестілеу және вакцинация мәселелеріне назар аударылды. Аурухананың модульдік филиалының аумағында зертхана бөлімшесі бар, онда COVID-19-ға 2 мыңға дейін ПТР зерттеу жүзеге асырылады. 5 мыңға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Ералы Тоғжанов жұмыс сапары аясында қазақстандық вакцинаның клиникалық зерттеулерінің I кезеңі аяқталғанын атап өтті. Өз кезегінде, зерттеудің II кезеңі бойынша аралық есепке сәйкес вакцина жоғары тиімділікті көрсетті.

Қазіргі уақытта ҚР Білім министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп зерттеудің III кезеңі үшін дайындық жұмыстарына кірісті.