Таным • 10 Желтоқсан, 2020

Қинаятұлының құбылысы

447 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Халықтың өсіп-өнуі үшін азаттық пен білім керек», деген екен Шоқан. Осынау бір ауыз сөзге жер бетіндегі қайғы мен қасіреттің, ілгерілеу мен іркілістің, тұтас халықтар мен мемлекеттердің тағдыр-талайы сыйып тұр. Азаттық пен білімнің қадір-қасиетін тереңінен ұғынған, оны барынша ұлықтаған, ұрпағына аманаттаған халықтың бірі де болса бірегейі – қазақтар. Алысқа бармай-ақ, кеңестік замандағы алып тұлға Қаныш Сәтбаевтың өмір жолына зер салып көрейікші. Кәмелетке толар-толмастан Алаш жолына түсті. Екі мүшелден аса бере «Ер Едіге» кітабын, «Алгебра» оқулығын жазды.

Қинаятұлының құбылысы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы және басқа да жұлдызды сәт­терінің негізінде алаштық интеллек­туалды серпіліспен қатар қазақ хал­қының білім-ғылымға шексіз құш­тарлығы жатыр. Тоталитарлық би­лік оны түсінген де жоқ, лайықты баға­ла­ған да жоқ. Біресе марапаттады, лауазымды қызметке қойды, біресе қу­далады. Ұлан-ғайыр білімі мен жой­қын таланты ғана жанын аман сақ­тап қалды. Әйткенмен, екіұдай сая­сат сал­қыны әлі күнге дейін жойы­ла қой­мады. Әйтпесе, Алматыда Сәт­баев көшесінің бойындағы алаңды тәуел­сіздік тұсында ұлы тұлғаның есімі­мен атамай, Республика алаңы деп айдар­лауға қандай себеп бар, Кеңестік заманда 70 жыл бойы республика болып келдік қой. Жалпы, республика атануға құмарлық XVIII ғасырға тән.

Иә, ұлттық тарихымыздың жұлдыз­ды айы – желтоқсан қарсаңында Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығының бас­тамашылдығымен өткен ғылыми бас­қосу Зардыхан Қинаятұлына ар­нал­ғанымен, ұлт мақтанышы Қаныш Сәт­баевқа қандай қатысы бар деген сұ­рақ­тың туындауы – заңды құбылыс. Қа­не­кең дүниеден озғанда Зардыхан Моң­ғолияда тұрып жатты, 24 жаста ғана болатын.

Өскен, білім алған, қызметке ара­лас­қан моңғол елінде әділетсіздікті, ке­йін­дері тәуелсіз қазақ елінде ұлт­сызданудың сорақылығын басынан өт­кере жүріп, Зардыхан Қинаятұлы да тума таланты мен білімінің арқасында адам қызыққандай биіктерге көтерілді, туған халқымен бірге жасай беретін ғылыми мұра қалдырды. Үлкен өмір мектебінен өтті. Ол туралы фәниден бақиға аттанардан 6 жыл бұрын бы­лайша жазғаны бар: «Өмірімде әлем­нің 30-дан астам елінде болыппын. Олардың әрқайсының өзіндік қызығы бар... Менің жетінші атам Асубайдың басы Катонқарағайда, төртінші атам Жөнбайдың басы Ресейдің Таулы Алтай өлкесінде, ұлы атам Мамырбайдың ба­сы Шыңжанда, әкем Қинаяттың ба­сы Моңғолияда (Қобдада) жатыр. Өзі­ме Қазақстан топырағы бұйыратын шығар».

Екінші дүниежүзілік соғыс өрті өрши түскен 1940 жылғы 31 жел­тоқ­санда туған, жоқшылық пен жетімдіктің кермек дәмін жастай татып алған ол қоғам және мемлекет қайраткері бола тұра орыс шовинизмі мен моңғол ұлт­шылдығы дертімен сан рет бетпе-бет келді. Моңғолияның Қазақстандағы елшілігіндегі қызметін аяқтап, ата­жұртта қалғанда жұмыссыздық пен бас­панасыздық алдынан шықты.

Талай елді аралап, дәм-тұзын татқан ағамыз бармын деп аспады, жоқпын деп саспады, бірде-бір ел немесе ха­лық, тіпті жекелеген адам туралы ғай­бат сөз айтқан емес. Жазғандарын оқы­ған, өзімен емен-жарқын араласқан адам ретінде байқағаным һәм есімде айрықша сақтағаным мынау: тұла бойы елге-жерге сүйсіну мен мейірге, отбасы мен білім-ғылымға риясыз махаббатқа толы еді. Әсіресе балалық пен жастық шағы өткен Моңғолия жеріндегі На­рын, Көксерке, Дундгол, тұнық Буян­ты өңірін өмір бойы сағынышпен, тебі­реніспен сүйіп өтті. Кіндік қаны тамған туған жермен үш рет қоштасқан екен. Алғашқыда, 15-16 жастағы бала кезінде әкесі дүние салғаннан кейін әпкесіне еріп, Налайхан шахтасына көшеді. Екінші рет 28 жасқа толған шағында МХРП орталық комитетіне қызметке шақырылып, Ұланбатырға көшеді. Соңғы қоштасуы 1992 жылы Моңғолияның Ташкенттегі бас кон­сулы болып тағайындалуымен тәмам­далды. Үшінші қоштасудың жөні бөлек екенін өзі де сезеді. Оған мына жол­дар куә: «Бар­лығы көз алдымда. Қыс­таудан жай­лауға, жайлаудан күзеуге көшкен кер­уен жолдар, ата-анаң көз жұм­ған, жерлеген сәттер, кербестімен шаң­датып өткен белдер, қозы жайып, асық ойнаған қо­зытас, қойтастар, бұра­лып аққан тұ­нық Буянт, әкем талай көзін ашқан Ауыз құдық, Шандун құдығы, Шібір бұ­­лағы, Ақтасты қора, Ақжал асуы – бә­рі-бәрі артта қалып барады. Қайтып ке­лемін деп тәңірдің бұйрығынсыз қа­лай айта аласың. Іштей жылап тұрсам да, көз жа­сымды көр­сетпей кете бардым».

Ал ес біліп, ат жалын тартып мінген­нен кейінгі қастерлеген құдіреті – Қазақ елі. Екеуіне де қылаудай шаң жуытқан емес.

Туған жер мен атажұртқа деген шексіз махаббат З.Қинаятұлының шы­ғармашылық ізденісіне арқау болды. Коммунистік идеяға сеніммен өмір сүрген жылдары философия ғы­лымдарының кандидаты, тарих ғы­лымдарының докторы дәрежесіне диссертация қорғады, тарихқа, қоғамға, са­наға материалистік көзқарасты уағыз­даған ғылыми еңбектерін жазды. Со­­ның өзінде коммунизм елесіне ал­дан­­бас­тан, ұлттық мәселе мен ұлт­тық мүддеге берілгендігі көзге түс­пей тұрмады. Мәселен, 1973 жылы КОКП орталық комитеті жанындағы қо­ғамдық ғылымдар академиясының ас­пи­ранты шағында партиялық шенді ше­неунікке Кенесарыны жақтаған маз­мұнда сұрақ қойғаны үшін Мәскеуде де, Ұланбатырда да ұлтшыл деген күдікке ілінеді. 1981 жылы аңсаған атажұрты Қазақстанға алғаш келгенінде қазағының қара орысқа айналып бара жатқанына көзі жетеді. Қазақ әлемі та­рылғанына қиналған ол кейінде: «Ішім жылап қайттым», деп жазды. Әу бас­тан ұлттық бағыт-бағдары бекем қа­лыптасқандықтан, көзқарас драмасы шығармашылық, тұлғалық дағдарысқа ұрындырған жоқ. Қайта құру тұсында «Не істеу керек?», «Кіммен боламын?» деген сауалдарға жауапты дөп басып таба алды. Бұл жолы да сабырлы, са­лиқалы бекзат болмысынан айнымады. «Моңғолияның Ельцині» атанды. «Партиялық жүйені және оның идео­логиясын қабылдай алмайтыным­ды МХРП орталық коммитетінің пле­нумында ресми түрде жария етіп, пар­тияға, партиялық бұрынғы серік­тері­ме алғысымды айтып, 1990 жылы ақпанда партия, оның идеологиясымен біржола қош айтыстым. Сөйтіп мен атажұртыма коммунист емес, қазақ болып оралдым», дейді «Көшпенділік ғұмыр» кітабында. Таңдаған жолы­ның дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеді. Сол жылдары Зақаңның соңына еріп, шәкірті атанған Цахиагийн Элбэгдорж кейінде екі мәрте премьер-министр, 2009 жылы мемлекет басшысы болып сайланды. 2010 жылы абыз ақсақал былай деп жазды: «Ол қазірге дейін мені ұстазым деп жүретін көрінеді. Әрине, мен Цахиагийн Элбэгдорждай шәкіртім болғанына ризамын. Әрі қазақ жастарынан осындай қажырлы қайраткерлер туса екен деп армандаймын және туатынына сенемін де».

Бұл елім деген ердің сөзі. Алда талай қиыншылық күтіп тұрды. Моңғолия кәсіподағының кешегі жетекшісі, үкі­мет басшысының орынбасары, Ұлы хурал депутаты Қазақстанда баспанасыз, жұмыссыз күн көруге тура келді. Азаматтың бағасын кештеу ұққан билік иелері Ұлттық ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және эт­нология институтына қызметке орна­ласуына, шағын аудандағы үш бөл­мелі пәтерге кіруіне септесті. Бұған де­йін сая­саттың тылсым сырларын мең­ге­руге, идеологияның жұмбағын тар­қа­туға, тоталитаризмнің қылмысы мен оз­быр­лығын әшкерелеуге ақыл-ойы мен күш-қуатын жұмсаған Зақаң енді үлкен ғылымға, қазақ тарихының, моң­ғол тұлғаларының «ақтаңдақтарын» ашу­ға, солайша халықтың тарихи жа­ды мен санасын жаңғыртуға белсене кірісті.

Қ.Зардыханұлының ғылыми мұра­сы мазмұнына қарай екі дәуірді алып жатыр. Бірі – кеңестік жылдардағы Моң­ғолия дәуірі, екіншісі – тәуелсіздік тұ­сындағы Қазақстан дәуірі. Бірінші дәуір­дің болмыс-бітімін өзі былай дәйек­теген: «1980-1990 жылдардағы Моң­ғолия қоғамы үшін демократиялық жаңа өзгерістер қажеттігін теория тұр­ғы­сынан алғашқы болып жария ету ба­қыты маған бұйырыпты. Мұны бүгін Моңғолияда ешкім жоққа шығара алмайды». Ал Қазақстан дәуірінде саяси өмірге араласуды саябырсытып, тарих ғылымына біржолата ден қойды. Осы кезеңде жариялаған зерттеулерін жанрларына қарай топтастыратын болсақ, олар мынадай: Отан тарихы, Әлем та­рихы, Деректану мен тарихнама, Тұл­ғатану, Этнография, Мемлекеттану, Сая­­саттану, Диаспорология, Тарих тео­­рия­сы мен методологиясы. Ең бас­тысы – әрқайсысының ізашары, жаңа­шылы, түркі жұртшылығы мо­йын­даған зерттеушісі бола алғаны. Шың­ғыс хан, Жошы хан, Қазақ мем­ле­кеттілігі мен оның билеу­шілері, түр­кі әлемінің тұлғалары жайлы еңбек­тері, А.Левшинге, В.Бартольдқа, Л.Гу­милевке, К.Нұрпейісовке, Бянбын Рин­чинге, Зайсановқа арнаған шығар­ма­лары ешқашан маңыздылы­ғын жой­мақ емес. Мәселен, Шыңғысты қа­зақ қыл­ғысы келетіндерге үзілді-кесілді қар­сы шықты. Әдебиеттің де білгірі еді. Абай, Ақыт Үлімжіұлы, Шәмел Қалқаұлы, Жұбан Молдағалиев сынды ақындар мұрасын ғылыми талдағаны әсте кездейсоқтық емес. «Көшпенділік ғұмыр» мемуары мен ондағы өлеңдері талантының және бір қырын көрсетеді. «Жетпіс жылдық ғұмырында, – деп жазыпты З.Қинаятұлы, – адамның басына нелер келіп, не кетпейді. Бірақ бұл менің жеке басымның өмірбаяны емес, өмірімде көрген, білген, естіген, өз басымнан кешірген қызықты және есте қаларлық сәттерім жайлы ой үзіктері (эссе). Мұнда туған жер, ер жеткізген орта, көз көрген адамдарым, олардың тағдыры туралы сөз болады».

«Теңіздің дәмі бір тамшысынан-ақ бі­лінеді», дейді халық даналығы. «Не жазып кетсе, жайы сол» деген екен ха­кім Абай. Бүгінде ортамызда жоқ әй­гілі тарихшыны тану үшін жаз­ған­да­рын оқудан басқа жол жоқ. Солар­дың ішін­дегі ерекше маңызды 2-3 па­йым-тұжы­рымға тоқтала кеткенді жөн көрдім.

  1. Ұлттық тарихнамамызда кү­ні бү­гінге дейін ХІХ ғасырдағы орыс ше­­­­неу­­­нігі А.Левшинді «Қазақ тари­хы­­­­ның Геродоты» деп бағалау сақ­та­­лып келеді. Бұл эпитетті алғаш айт­­қан Шоқан Уәлиханов болатын. Ақи­­қа­ты­на келгенде, Левшиннің қа­зақ та­ри­­хынан шала сауатты пікірін жақ­тыр­­­ма­ған­­дықтан Шоқан кекесінмен айтқан теңеудің «ақтаңдағын» жан-жақты ашқан әрі дәйектеген ғалым Зақаң еді. Зақаң айтқан тұжырымның дұрыстығына Шоқанның қаламынан туған ескертпелерді, нақтырақ айтсақ – Левшиннің қырғыз-қазақ ордасы жайлы сипаттамасының үшінші бөліміне ескертпелерін оқысақ көз жеткіземіз. Шоқан он үш мәселеге қатысты қате­лесу­лерді егжей-тегжейлі талдаған: ақ бура сөзі дұрыс жазылмағанын, қа­зақтар қожаларды ақсүйекке жат­қыз­байтынын, саумалдың көже емес, ашып үлгермеген бие сүті екенін, тұр­мыстағы әйелдер шаштарын тек қос бұрым етіп өретінін, қазақтар ешқашан шайтанға табынбайтынын, өз дінін білмейді деу қате екенін, сиқыр, алдау және дуалау дін емес, ырымшылдық екенін, т.б.с.с. ескертеді. Халқымыздың сезімталдығын, жақынның қайғысын бөлісуге даяр тұратынын, мейірімділі­гін «өркениетті еуропалыққа өнеге, қасиетті ұғым» деп қорытындылайды. Левшин шығармасындағы қаптаған қателесулер мен бұрмалауларды бұл­тартпай тізген З.Қинаятұлы да «XVIII ғасырға дейін біздің қазақты танып білмеген жаттың өкілін қазақ туралы бір монография, бірнеше мақала жазғаны үшін қалай «Қазақ тарихының Геродоты» деп тануымыз керек! Жоқ, мен тарихшы ретінде А.Левшинді «Қа­зақ тарихының Геродоты» немесе «атасы» деп тани алмаймын» де­ген сөздермен ат құйрығын шорт кес­кен. Қазақстан тарихшылары осы ұста­нымды басшылыққа алумен ұлттық тарих­намамыздағы адасуды тезге сал­ға­нын қалаймын.
  2. Зақаңның методологиялық мәде­ние­тінің өрі мен өресін байқау үшін «Василий Бартольд көшпенділер мем­лекеті туралы» мақаласымен танысу жеткілікті. Бартольдтың «Кочевой на­род при нормальных условиях не стре­­мится к политическому объе­ди­­не­нию» («Көшпенді халықтар мал-басының аманында саяси бірлікке ұм­тыла қоймайды») деген пайымдауын ғұн, байырғы түркі, найман, керей мемлекеттері, моңғол империясы, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан, кеңестік Қазақстан, тәуелсіз Қазақстан тарихын ұғынудың, болмысын ашудың кілті деңгейіне көтереді. Бұл орайда Шыңғыс хан, Жошы хан, олардың қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы рөлін зерделеген монографияларының орны ерекше. Қазақ мемлекеті тарихынан көптомдық еңбек жазуды жоспарлап еді. Артында байтақ зерттеулерге өріс ашатын сөз қалдырған ағаның методологиялық дәстүрі мен мұрасын одан әрі жалғастыру – жас ғалымдардың міндеті.
  3. Ғалымдар тарапынан әділ де білікті бағасын алмай жатқан қазынасы – этнографиялық зерттеулері. Бұларда көшпелі өмір салты, туыстық қарым-қатынастар, неке мен отбасы, ұлттық тәрбие мен педагогика, тәңірілік на­ным-сенім, қазақы мінез-құлық, төрт тү­лік малдың күтімі, тау мен түздің тағы­лары сынды іргелі мәселелерге бір жа­ғынан ғылыми көзқарасын білдіреді, екінші жағынан ақпарат беруші су­бъект міндетін атқарады. Әрбір құбы­лыстың жұмбағы мен шешімін қа­зақ қоғамының функционалдық, инс­ти­туционалдық, аксиологиялық, та­ри­хи-мәдени құндылықтары мен басым­дықтарынан іздейді. Орыстың ана ға­лымы былай депті, ағылшынның ға­лымы олай депті, француз этнолог­тері мынадай пікірде екен дегенге саяатын, түптеп келгенде, бізді өзі­міз­ден гөрі, солар терең білетіндей тұр­ғыдан ой қорыту мүлде жоқ. Жаңа буын ғалымдар ешқашан қаперінен шы­ға­руға болмайтын қағидат – осы. Бөтен­нің жетегінде жүрумен көсегеміз көгермейді. Жаһанданумен есептескен жөн, бірақ ұлттық кодты сақтай білу одан әлдеқайда қымбат.
  4. Тарих ғылымындағы Қинаятұлы құ­былысының басты ерек­шелігі – ұзақ жылдар бойы социа­лис­тік идея мен идеология мәселелерін зер­делеген ма­манның қысқа мерзім ішін­де Орта ға­сырлар тарихынан ең таң­даулы ғалым­дар қатарына қосыл­ғаны. Жасыратыны жоқ, КОКП салтанат құрып тұрғанда партия тарихынан диссертация қорғаған жүздеген қазақстандық ғалымның бірен-са­ра­ңы ғана ахуалдың түбегейлі өзге­руі­­мен жаңаша ойлау үдесінен шы­ға алды. Ақиқатынан мифі басым идео­­логияға табынған жалған ғалым­­дар­дың дені азаттық тұсында білгені­нен айырылып қалды, арсыз кеу­дем­соқтары сумақайлыққа (пла­гиат) са­лы­нып, күлдібадам дүниелерін жария­ла­ғандықтан дүйім жұртқа күл­кіге қалды. Ішінде ЖОО немесе ғылыми зерттеу институты басшылары, профессорлар мен доценттер бар. Демек, Зақаң үлкен ғылымға кемел даярлықпен келгенін тиянақтау – алдағы күннің еншісінде.

Ғалымның хаты өлмейді. Ен­деше, әйгілі тарихшы Зардыхан Қинаят­ұлы­ның жазғандарын көптомдық түрінде қара орман оқырманына, туған халқына жеткізу – артында қалған әріптестерінің парызы.

 

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

ҰҒА академигі