Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасына байланысты жоғары оқу орындарын тексеру жүріп жатқанын, нақты осыншама жоғары оқу орны жабылу керек деген меженің жоқ екенін, басты талап – сапалы білім екені, сол үдеден шыққандары қалады, қалғаны қысқарады деген сөзін ақпарат құралдары таратқан болатын. Енді, сол сапаны қалай қамтамасыз ету керектігі жөнінде сөз қозғамақпыз.
Жоғары білім сапасы еліміздің даму стратегиясындағы басымдық берілген бағыт екені белгілі. Адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігі әлемнің озық отыз елінің қатарына ену үшін рөлі ерекше. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарының бәрі сапалы мамандар даярлауда деп айтуға әлі ерте сияқты.
Университет түлектерінің жұмысқа орналасу пайызының төмендігі, сапалы білім бермейтін, тек диплом берумен шектелетін жоғары оқу орындарын қысқарту туралы Президенттің өзі тапсырма жүктегені – мемлекеттік маңызы мол мәселе екенін аңғартса керек. Ендеше, Мемлекет басшысы көрсеткен көкейкесті мәселелерді жүзеге асыруда бірінші болып қолға алынуы тиіс іс-шаралар қатарында білім бағдарламаларының сапасы, оның жұмыс берушілерді қанағаттандыруы болуы керек.
Соңғы кезде тапсырманы орындау аясында 2-3 университеттің жабылғаны және бірнеше жоғары оқу орынындағы 25 мамандықтың лицензиялары тоқтатылғаны ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Алайда лицензиясы тоқтатылды деген университеттер министрліктің шешімімен келіспей, сотқа жүгінуде. Яғни сот процестері жалғасуда.
Лицензия демекші, министрліктің университеттерге жоғары білім беру құқығын беретін Бас лицензиясының күшін тоқтатуы туралы түпкілікті шешімі көпшілік тарапынан түсінбеушілік тудыруда. Мысал ретінде, Кеңес Одағы кезіндегі Қазақстандағы темір жол саласы мамандарын даярлайтын жалғыз институт – бүгінгі Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиядан айыруды айрықша жағдай түрінде қабылдауға болады. Жарты ғасырлық тарихы бар, темір жолдың мықты мамандарын даярлаған, Орталық Азиядағы белгілі жоғары оқу орны аталған, мамандандырылған материалдық базасы бар өзге академияны елімізден табу қиын. Сонда, жабылған академия студенттері еліміздің қандай мамандандырылған жоғары оқу орнына ауыса алады деген сұрақтар ата-аналарды мазалауда.
Біздің ойымызша, Білім және ғылым министрлігі университеттердің бас лицензиясын тоқтатпай, жұмыс берушілерді біліктілігі қанағаттандырмайтын мамандақтардың лицензиясының күшін жоюдан бастағаны жөн болар еді деп есептейміз. 50-60 мамандықтың ішіндегі талаптарға сай келмейтін 5-6 мамандық үшін жалпы жоғары оқу орнының лицензиясын алып қоюы көпшіліктің көкейінен шықпай отырғаны да рас.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың: «Білім бағдарламаларының 32%-ы ғана жұмыс берушілердің көңілінен шығады, 15,6%-ы іске жарамсыз, қалған 52%-ы күрделі өзгертуді қажет етеді. 29 университеттің білім бағдарламасының 80%-ы өзекті емес... 45%-нда қоғаммен қарым-қатынас орнату, командамен жұмыс істеу, өз ойын ашық жеткізу, сыни ойлау қабілеті сияқты еңбек дағдылары жоқ», деген пікірі білім бағдарламаларына деген талапты күшейту керек дегенімізге дәлел екенін айтқан абзал.
Президент тапсырмасына сәйкес, жоғары оқу орындары лигасын құру бойынша критерийлерді анықтағанда, институционалды емес мамандықтар бойынша айқындалуы керек. Біздің ойымызша, бір университеттің өзі 50-60 мамандық бойынша, әлемдік деңгейде сапалы білім беретін университеттер рейтингісіне енуі өте күрделі екенін түсіну керек. Кеңестік кезеңде «Нархоз» институты десек – экономистер, «КазГУ» десек – заңгерлер мен журналистер, «КазПИ» десек – педагог мамандықтарының ұстаханасы екендігі айтпаса да, жұртшылық жоғары бағалайтын. Қазіргі кезде, қандай университет қайсы мамандыққа мамандандырылғанын айту өте қиын. Барлық университет жоғарыда айтқанымыздай – «әмбебап», яғни мамандықтар сапасы емес, саны көрсеткішке айналып кеткен сияқты. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі Жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры қызметін атқару барысында, Қазақстандағы жоғары оқу орындарын оңтайландыру бағдарламасына сәйкес, министр Жансейіт Түймебаев басшы, біз қосшы болып 35 жоғары оқу орны мен 82 филиалды қысқартуға қол жеткізгенімізді айта кетсек артық болмас.
Президенттің жоғары оқу орындарын лигаға бөлу тапсырмасын орындау мақсатында Білім және ғылым министрлігі ЖОО-ны лигаға бөлу бойынша 4 санатты жариялағанын ҚазАқпарат агенттігі жұртшылыққа жеткізді. Мұндағы бірінші санат – халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ЖОО-лар. Оларға қойылатын басты критерий ғылыми-зерттеулердің жоғары деңгейі болады. Яғни ғылым беру бағдарламаларына үн қосатын және мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ел экономикасына ықпал ететін университеттер. Мұндай ЖОО-лар 100% академиялық дербестікке ие болады. Оларды мемлекеттік бақылаудан босату да тексеруге алаңдамауға мүмкіндік береді. Толық сенім презумпциясы болатынын айтқан министрдің жоспарын жария етті.
Екінші санатта – ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті жоғары оқу орындары болмақ. Оларға да бірінші санаттағы жоғары оқу орындарымен бірдей академиялық еркіндік беріледі және тексерулерден босатылады. Үшінші санатқа келсек, барлық өңірлік ЖОО-лар республикалық деңгейде бәсекелесе алмайды, алайда олар өңірлерде қалған студенттерге жақсы білім деңгейін береді және «өздерінің» білім алушыларына қарай бағдарланады. Өңірлік немесе салалық жоғары оқу орындары (үшінші санат) академиялық еркіндіктің үлкен көлемін иеленеді. Бұл ЖОО-лар тәуекелдерді бағалау жүйесі бойынша ғана тексерілетіні және аталған үш санатқа кірмейтін өзге оқу орындары төртінші санатқа топтастырылып, олар толық көлемде тұрақты мемлекеттік бақылауға алынатыны, олар үшін осы ЖОО-ларға деген сенім мен сапаның төмен деңгейіне байланысты көптеген талаптар мен нормалар қолданылатыны айтылды. Сондай-ақ жоғары оқу орындарын 4 санатқа саралаудың негізінде ЖОО-лардың білім мен ғылымның сапасын арттыру бойынша бәсекелестік жатқанын жеткізді. Ал біздің ойымызша, жоғары оқу орындарын бөлу мәселесін елімізде мамандандырылған университеттер құрудан бастау керек. Өйткені мамандықтар арасындағы бәсекелестік қана жоғары білім сапасын арттырудың төте жолы.
Мамандықтар бәсекелестігі негізінде рейтингісі ең жоғары оқу орны мамандандырылған университеттің көшін бастап, әлемдік деңгейдегі университеттермен бақ таластыра алатынына сеніміміз мол.
Рейтингі демекші, Білім және ғылым министрлігі айқындаған, «Атамекен» палатасының жүргізіп отырған рейтингі анықтау ісіне «Жоғары оқу орындары қауымдастығы» қоғамдық ұйымын да жұмылдырсақ, жұмыстың жемісті болары күмән тудырмайды. Өйткені еліміздегі қайсы университеттің қандай деңгейде екенін бұл қауымдастық өте жақсы біледі. «Атамекен» жұмыс берушілердің пікірін жинақтап, талдау жүргізсе, ал «Жоғары оқу орындары қауымдастығы» біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындауда қосар үлесі мол болар еді.
Сондай-ақ жоғары оқу орындарын тексергенде, Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттік пен Аккре-
диттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттіктерінен жоғары баға алған университеттердің де жабылуы жағымсыз пікірлер қалыптастыруда. 2011 жылы Ұлттық білім сапасын қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында құрылған, елімізде ғана емес, білім сапасын кепілдендіру бойынша агенттіктердің Еуропалық реестріне тіркелген, сондай-ақ көрші Қырғыз Республикасының Ұлттық реестріне аккредиттеу органы ретінде қосылған Қазақстандық рейтинг ұйымдарының ұйғарымы Білім және ғылым министрлігі тарапынан есепке алынбай ма деген сұрақтар туындауда. Бұл да ойластыратын мәселе. Мемлекеттік бақылаудан қоғамдық аккредиттеу жүйесіне жол тартқан жоғары білім сапасын айқындауда қоғамның үні ерекше естілу керегін естен шығармаған абзал. Білім және ғылым министрлігінің елімізде білім сапасын қамтамасыз ету комитеті ЖОО-ды тексергенде, Ұлттық аккредиттеу орталықтары берген мамандық сертификаттарына назар аудару керектігі күн тәртібінен түспеу керек.
Жоғары білім сапасын қалай көтереміз десек, шетелдік тәжірибеге мән беруіміз керек. Әлемдік практикада жоғары білім жөніндегі диплом студенттің мамандық бойынша оқу бағдарламаларын меңгергенін меңзейді. Ал мамандыққа сәйкес немесе сәйкес еместігін біліктілік комиссиясы айқындайды. Мысалы, бітіруші банк жүйесі мамандығын тәмамдайтын болса, әртүрлі банк қызметкерлері, банк жұмысын реттейтін агенттік өкілдері және жоғары оқу орындарының оқытушыларынан құралған біліктілік комиссиясы оның банк ісі маманы деген қорытынды шығарып, біліктілік сертификатын береді. Жұмыс берушілер дипломға емес, сертификаттағы біліктілік қорытындысына сәйкес қызметке қабылдайды.
Еліміздегі жоғары білім жүйесіне біліктілік сертификаттары енгізіліп, студенттерге мамандандырылған жоғары оқу орындарында жаңартылған, жұмыс берушілердің сұранысын қамтамасыз ететін оқу бағдарламалары негізінде білім беру талап етілсе, жоғары білім сапасы қамтамасыз етілері сөзсіз.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті