Білім • 10 Желтоқсан, 2020

Мамандықтар арасындағы бәсекелестік – жоғары білім сапасын арттырудың жолы

855 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңадан мақұлданған мемлекеттік бағдарламасында қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсаты көзделген.

Мамандықтар арасындағы бәсекелестік – жоғары білім сапасын арттырудың жолы

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Мемлекет басшысы­ның Жолдауындағы тапсырмасына байланысты жоғары оқу орындарын тексеру жүріп жатқанын, нақты осыншама жоғары оқу орны жабылу керек деген меженің жоқ екенін, басты талап – сапалы білім екені, сол үдеден шыққандары қалады, қалғаны қысқарады деген сөзін ақпарат құралдары таратқан болатын. Енді, сол сапаны қалай қамтамасыз ету керектігі жөнінде сөз қозғамақпыз.

Жоғары білім сапасы еліміздің даму стратегиясындағы басымдық берілген бағыт екені белгілі. Адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігі әлемнің озық отыз елінің қатарына ену үшін рөлі ерекше. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орын­да­рының бәрі сапалы мамандар даярлауда деп айтуға әлі ерте сияқты.

Университет түлектерінің жұмысқа орналасу пайызының төмендігі, сапалы білім бермейтін, тек диплом берумен шектелетін жоғары оқу орындарын қысқарту туралы Президенттің өзі тапсырма жүктегені – мемлекеттік ма­ңызы мол мәселе екенін аңғартса ке­рек. Ендеше, Мемлекет басшысы көр­сет­кен көкейкесті мәселелерді жүзеге асы­руда бірінші болып қолға алынуы тиіс іс-шаралар қатарында білім бағдар­ламаларының сапасы, оның жұмыс беру­шілерді қанағаттандыруы болуы керек.

Соңғы кезде тапсырманы орындау аясында 2-3 университеттің жабылғаны және бірнеше жоғары оқу орынындағы 25 мамандықтың лицензиялары тоқ­та­тылғаны ақпарат құралдарында жария­ланған болатын. Алайда лицензиясы тоқ­татылды деген университеттер ми­нис­­трліктің шешімімен келіспей, сот­қа жү­гінуде. Яғни сот процестері жал­ғасуда.

Лицензия демекші, министрліктің уни­верситеттерге жоғары білім беру құқығын беретін Бас лицензиясының күшін тоқтатуы туралы түпкілікті шешімі көпшілік тарапынан түсінбеушілік тудыруда. Мысал ретінде, Кеңес Одағы кезіндегі Қазақстандағы темір жол саласы мамандарын даярлайтын жалғыз институт – бүгінгі Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиядан айыруды айрықша жағдай түрінде қабылдауға болады. Жарты ғасырлық тарихы бар, темір жолдың мықты мамандарын даярлаған, Орталық Азиядағы белгілі жоғары оқу орны аталған, маман­дандырылған материалдық базасы бар өзге академияны елімізден табу қиын. Сонда, жабылған академия студенттері еліміздің қандай мамандандырылған жоғары оқу орнына ауыса алады деген сұрақтар ата-аналарды мазалауда.

Біздің ойымызша, Білім және ғылым министрлігі университеттердің бас лицензиясын тоқтатпай, жұмыс берушілерді біліктілігі қанағаттандырмайтын маман­дақтардың лицензиясының күшін жоюдан бастағаны жөн болар еді деп есеп­тейміз. 50-60 мамандықтың ішіндегі талаптарға сай келмейтін 5-6 мамандық үшін жалпы жоғары оқу орнының лицензиясын алып қоюы көпшіліктің көкейінен шықпай отырғаны да рас.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы­ның орынбасары Олжас Ордабаевтың: «Білім бағдарламаларының 32%-ы ғана жұмыс берушілердің көңілінен шығады, 15,6%-ы іске жарамсыз, қалған 52%-ы күрделі өзгертуді қажет етеді. 29 универ­ситеттің білім бағдарламасының 80%-ы өзекті емес... 45%-нда қоғаммен қарым-қатынас орнату, командамен жұмыс істеу, өз ойын ашық жеткізу, сыни ойлау қа­білеті сияқты еңбек дағдылары жоқ», деген пікірі білім бағдарламаларына деген талапты күшейту керек дегенімізге дәлел екенін айтқан абзал.

Президент тапсырмасына сәйкес, жо­ғары оқу орындары лигасын құру бойынша критерийлерді анықтағанда, институционалды емес мамандықтар бойынша айқындалуы керек. Біздің ойымызша, бір университеттің өзі 50-60 мамандық бойынша, әлемдік деңгейде сапалы бі­лім беретін университеттер рейтингісі­не енуі өте күрделі екенін түсіну керек. Ке­­ңестік кезеңде «Нархоз» институты де­сек – экономистер, «КазГУ» десек – заң­­герлер мен журналистер, «КазПИ» десек – педагог мамандықтарының ұстаха­насы екендігі айтпаса да, жұртшы­лық жоғары бағалайтын. Қазіргі кезде, қандай университет қайсы маман­дыққа мамандандырылғанын айту өте қиын. Барлық университет жоғарыда айтқанымыздай – «әмбебап», яғни ма­ман­дықтар сапасы емес, саны көрсеткіш­ке айналып кеткен сияқты. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі Жоға­ры білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры қыз­метін атқару барысында, Қа­зақ­станд­а­ғы жоғары оқу орындарын оңтай­ландыру бағдарламасына сәйкес, ми­нистр Жан­сейіт Түймебаев басшы, біз қос­шы болып 35 жоғары оқу орны мен ­82 филиал­ды қысқартуға қол жеткізгеніміз­­ді айта кетсек артық болмас.

Президенттің жоғары оқу орындарын лигаға бөлу тапсырмасын орындау мақсатында Білім және ғылым ми­нистрлігі ЖОО-ны лигаға бөлу бо­йынша 4 санатты жариялағанын Қаз­Ақпарат агенттігі жұртшылыққа жет­кізді. Мұндағы бірін­ші санат – халық­ара­лық деңгейде бә­секеге қабілетті ЖОО-лар. Оларға қо­йы­латын басты кри­­терий ғылыми-зерт­теулердің жо­ғары дең­гейі болады. Яғни ғылым беру бағ­дар­­ламаларына үн қоса­тын ­жә­не мемле­кет­тік бағдарламаға сәй­кес ел эко­­­но­ми­касына ықпал ететін уни­верси­тет­­тер. Мұн­дай ЖОО-лар 100% ака­де­мия­­лық дер­бестікке ие болады. Оларды мем­ле­кеттік бақылаудан босату да тексеруге алаң­дамауға мүмкіндік береді. Толық сенім презумпциясы болатынын айтқан ми­нистрдің жоспарын жария етті.

Екінші санатта – ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті жоғары оқу орындары болмақ. Оларға да бірінші санаттағы жоғары оқу орындарымен бірдей академиялық еркіндік беріледі және тексерулерден босатылады. Үшінші са­натқа келсек, барлық өңірлік ЖОО-лар республикалық деңгейде бәсекелесе алмайды, алайда олар өңірлерде қалған студенттерге жақсы білім деңгейін бе­реді және «өздерінің» білім алушыларына қарай бағдарланады. Өңірлік немесе салалық жоғары оқу орындары (үшін­ші санат) академиялық еркіндіктің үл­кен көлемін иеленеді. Бұл ЖОО-лар тәуе­келдерді бағалау жүйесі бойынша ғана тек­серілетіні және аталған үш санатқа кірмейтін өзге оқу орындары төртінші санатқа топтастырылып, олар толық көлемде тұрақты мемлекеттік ба­қылауға алынатыны, олар үшін осы ЖОО-ларға деген сенім мен сапаның төмен деңгейіне байланысты көптеген талаптар мен нормалар қолданылатыны айтылды. Сондай-ақ жоғары оқу орындарын 4 санатқа саралаудың негізінде ЖОО-лардың білім мен ғылымның сапасын арттыру бойынша бәсекелестік жатқанын жеткізді. Ал біздің ойымызша, жоғары оқу орындарын бөлу мәселесін елімізде мамандандырылған университеттер құрудан бастау керек. Өйткені ма­мандықтар арасындағы бәсекелестік қана жоғары білім сапасын арттырудың төте жолы.

Мамандықтар бәсекелестігі негізінде рейтингісі ең жоғары оқу орны маман­дан­дырылған университеттің көшін бастап, әлемдік деңгейдегі университеттермен бақ таластыра алатынына сеніміміз мол.

Рейтингі демекші, Білім және ғылым министрлігі айқындаған, «Атамекен» палатасының жүргізіп отырған рейтингі анықтау ісіне «Жоғары оқу орындары қауымдастығы» қоғамдық ұйымын да жұмылдырсақ, жұмыстың жемісті болары күмән тудырмайды. Өйткені еліміздегі қайсы университеттің қандай деңгейде екенін бұл қауымдастық өте жақсы біледі. «Атамекен» жұмыс берушілердің пікірін жинақтап, талдау жүргізсе, ал «Жоғары оқу орындары қауымдастығы» біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындауда қо­сар үлесі мол болар еді.

Сондай-ақ жоғары оқу орындарын тек­сергенде, Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттік пен Ак­кре-

­диттеу және рейтингтің тәуелсіз агент­­тіктерінен жоғары баға алған универ­си­теттердің де жабылуы жағымсыз пікірлер қалыптастыруда. 2011 жылы Ұлттық бі­лім сапасын қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында құрылған, елімізде ғана емес, білім сапасын кепілдендіру бойынша агенттіктердің Еуропалық реестріне тіркелген, сондай-ақ көрші Қырғыз Республикасының Ұлттық реестріне ак­кредиттеу органы ретінде қосылған Қа­зақстандық рейтинг ұйымдарының ұйғарымы Білім және ғылым министрлігі тарапынан есепке алынбай ма деген сұрақтар туындауда. Бұл да ойластыратын мәселе. Мемлекеттік бақылаудан қоғамдық аккредиттеу жүйесіне жол тарт­қан жоғары білім сапасын айқын­дау­да қоғамның үні ерекше естілу ке­ре­гін естен шығармаған абзал. Бі­лім және ғылым министрлігінің елімізде білім сапа­сын қамтамасыз ету комитеті ЖОО-ды тексергенде, Ұлттық аккредиттеу орталықтары берген мамандық сертификаттарына назар аудару керектігі күн тәртібінен түспеу керек.

Жоғары білім сапасын қалай кө­тере­міз десек, шетелдік тәжірибеге мән бе­руі­міз керек. Әлемдік практи­када жо­ғары білім жөніндегі дип­лом сту­денттің мамандық бойынша оқу бағдарламаларын меңгергенін мең­зейді. Ал мамандыққа сәйкес немесе сәйкес еместігін біліктілік комиссия­сы айқындайды. Мысалы, бітіруші банк жүйесі мамандығын тәмамдайтын болса, әр­түрлі банк қызметкерлері, банк жұмы­сын реттейтін агенттік өкіл­дері және жоғары оқу орындарының оқыту­шыларынан құралған біліктілік комиссиясы оның банк ісі маманы деген қорытынды шығарып, біліктілік сертификатын береді. Жұмыс берушілер дипломға емес, сертификаттағы біліктілік қорытындысына сәйкес қызметке қабыл­дайды.

Еліміздегі жоғары білім жүйесіне бі­ліктілік сертификаттары енгізіліп, студенттерге мамандандырылған жоғары оқу орындарында жаңартылған, жұмыс берушілердің сұранысын қамтамасыз ететін оқу бағдарламалары негізінде білім беру талап етілсе, жоғары білім сапасы қамтамасыз етілері сөзсіз.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті