Вице-премьер киностудияны жаңғыртудың жаңа бағдарламасымен танысты. «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев мемлекет бөлген қаражат аясында келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланғанын хабарлады. Үш жылдық кезеңде барлық нысандар жөнделеді, екі ангар салынады, инженерлік желілер және т. б. жаңғыртылады.
«Осы жұмыстардың арқасында біз киностудияны жаңа халықаралық деңгейге шығарып, Азия аймағында көшбасшы орынға шыққымыз келеді. Біз алтын мұраны сақтай отырып, алға сапалы қадам жасағымыз келеді. Қала әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде», - деді А.Сатаев.
Ералы Тоғжанов актерлер Асанәлі Әшімов пен Меруерт Өтекешеваны, сондай-ақ дыбыс операторы Қадыр Қосайды отандық киноиндустрияда ерекше орын алатын және миллиондаған көрермен мойындаған «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдерінің 50 жылдығымен құттықтады. Кинематографистерге «Қазақфильм» киностудиясы және «Қазпошта» АҚ шығарған арнайы пошта маркалары табыс етілді.
Кездесу барысында қазақ ақыны, журналист және редактор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Жазушылар үйінің негізгі ғимаратында жөндеу жұмыстары аяқталды, келесі сатыда - мәжіліс залы. Модернизациялау аясында нысанның тарихи келбетін сақтау көзделгенін атап өткен жөн.