05 Желтоқсан, 2013

Ескіні жаңарта отырып, экологияны да ұмытпапты

247 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл қалада қыста жарық та, жылу да үзілмейді

Қыстың көзі қырауда үйіміз ұядай жылы және жарық болуы үшін жылдың төрт мезгілінде, тәулік бойы, мереке, демалыс демей тынымсыз жұмыс іс­тейтін адамдар бар. Өз ісін бес сау­сағындай білетін мұндай мамандар «Самұрық-Энерго» АҚ-тың еншілес ұйымдарында қызмет етеді. Қыс кіріп келе жат­қанда халықты үздіксіз жарық­пен, жылумен қамтамасыз етіп жатқан жандардың жұмысын, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ-тың еншілес компанияларында соңғы жылдары атқарылған жұмыстарды көру үшін бір топ журналист жолға шықтық.

Бұл қалада қыста жарық та, жылу да үзілмейді

Қыстың көзі қырауда үйіміз ұядай жылы және жарық болуы үшін жылдың төрт мезгілінде, тәулік бойы, мереке, демалыс демей тынымсыз жұмыс іс­тейтін адамдар бар. Өз ісін бес сау­сағындай білетін мұндай мамандар «Самұрық-Энерго» АҚ-тың еншілес ұйымдарында қызмет етеді. Қыс кіріп келе жат­қанда халықты үздіксіз жарық­пен, жылумен қамтамасыз етіп жатқан жандардың жұмысын, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ-тың еншілес компанияларында соңғы жылдары атқарылған жұмыстарды көру үшін бір топ журналист жолға шықтық.

Алдымен «Самұрық-Энерго» АҚ-тың Алматыдағы еншілес кәсіпорны – «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-қа қарасты  Алатау бөктеріндегі «Ерменсай» қосалқы стансасына келдік. Алматының оңтүстігін жа­рықпен қамтамасыз етіп отырған бұл стансаны еліміздегі ең заманауи стансаның бірі деп айтуға болады. Батыс Еуропадан әкелінген электр жабдықтары қай жағынан алсаң да тиімді. «Ерменсай» стансасының мүмкіндіктерімен «АЖК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Николай Тушинский таныстырып шықты. Сапалы құрал-жабдықтардың техникалық артықшылықтарын сипаттап, қалай басқарылатынын көрсетті.

– «Ерменсай»  2010 жылы іске қосылды. Осы күнге дейін  осындай 30 шақты қосалқы станса салдық. Заманауи технологиялармен жабдықталған стансаларды салу үшін өз қаражатымызды, жергілікті және республикалық бюджеттің қаражатын тарттық. Қазір Алматыны айналдыра 220 кернеулік электр шеңбері құрылып жатыр. Біз бұл күндері осы шең­берге кіретін барлық қосалқы стансаларды іске қосатын боламыз. Сол кезде қаланы 100 пайыз кепілдендірілген жарықпен қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Осы уақытқа дейін қалада 110 кернеулік стансалар қосылып тұрды. Бұл атқарылған шаралар – қаланы үздіксіз әрі сенімді түрде электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыруға мүмкіндік береді, – дейді «Алатау Жарық Компа­ниясы» АҚ атқарушы директоры Әнуарбек Қабылбеков.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-тың 207 электр стансасы бар болса, оның 73-і қала ішін­де, қалғаны облыс аумағында. Қазірге «АЖК» АҚ қала ішіндегі стансалардың 31-ін жаңалап үлгерген. Орасан қаражатты қажет ететін бұл жұмыстар алдағы күндері де жалғаса бермек.

Осыдан кейін біз қалада орна­ласқан Орталық диспетчер­лікке келдік. Жоғарыда атап өткендей, бұл мекемеде отырған мамандар жыл бойы күн-түн демей, бір сәтке де алып монитордан ұзамай, қаланы электрмен қамтамасыз етуді бақылап, басқарып отыр. Орталық диспетчерлік те қазіргі заман технологияларымен жабдықталған. Мәселен, біз барған «Ерменсай» сияқты барлық стансалардың жұмысы осы жерден қадағаланады. Компьютерлік технологиялар мегаполис қаланың әр тұсында тұрған электр стансаларына сабылып бармай-ақ, жұмысын осы жерден  басқаруға мүмкіндік беріп тұр.

Осылайша, шаңырағымызға жары­ғын шашып тұрған электр шамы үздіксіз жарқырау үшін жұмыс істеп отырған мамандармен тілдесіп, жаңа технологиялардың артықшылықтарын тамашалап, енді жылумен қамтамасыз ететін нысанға қарай саяхатымызды жалғастырдық.

Біз табан тіреген Алматыдағы нөмірі бірінші Жылу электр орта­лығын (ТЭЦ-1) ең байырғы мекеме деп айтуға болады. Сонау 1930 жылдары бой кө­тер­ген жылу орталығында екі ғасырға куә болған алып кешен қала тұрғындарын жылумен қам­тамасыз етіп келеді.

Енді екі жылдан кейін 80 жыл­дығын атап өткелі отырған ЖЭО-1 – «Алматы электр стансалары» АҚ-қа қарайды. Қаладағы ең ірі жылу беруші орталықтың да талай жабдықтар тоз­ғандықтан, мұнда да жаңарту жұ­мыстары  жүргізіліп жатыр екен. Өз қыз­метін өтеп болған ескі құрал-жаб­дықтар жаңасымен ауыстырылуда.

Мұнда бізді ЖЭО-1 басшылары жақсы жаңалықтарымен, толымды тірліктерімен қарсы алды. 1935 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан жылу орталығының көкейге қонатын ісінің бірі – көмірден газға ауыстырылған. Мұның экологиясы көкейкесті мәселелер қатарында тұрған мегаполис қаланың ауасын тазартуға тигізетін пайдасы өлшеусіз. Де­генмен, ЖЭО-1 – ерекше жылу электр орталығы екенін айтуға болады. Мұнда отынның үш түрін: көмір, газ, мазутты пайдалануға болады.

ЖЭО-ның басқарушы директоры Исахан Сырғабаев отынның үш түрімен де жұмыс істейтін мұндай орталық Қазақстанда жалғыз екенін, тіпті, ТМД аумағында да жоқтығын айтады.

Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін тек газбен жұмыс істеуге көшкен мекеме көмір мен мазутты төтенше жағдайлар орын алға­ндай болса, қауіпсіздік үшін ғана ұстап отырғанын айтады.

Қысқасы, кезінде қала шеті деп салынған ЖЭО-1 қазір қаланың қақ ортасында тұр. Мұнда қазір білікті мамандар қайта жабдықтау жұмыстарын қызу жүргізуде. Сол сияқты қылышын сүйретіп қыс келгенше «Самұрық-Энергоның» барлық еншілес компаниялары сақадай сай дайындалып үлгергенін көрдік. Мәселен, «Алматы электр стансалары» АҚ-тың барлық кәсіп­орындарында отынның қажетті пай­далану қоры жасақталып, 514 мың тонна көмір, 45 мың тонна мазут жинақталған. «АлЭС» АҚ-тың барлық энергия нысандарында жөндеу жұмыстары атқарылған. Атап айтқанда, 19 энергетикалық және 19 су жылыту қазандықтары, 13 бу турбинасы, 20 су турбинасы жөнделген. Жөндеу жұмыстарына керекті қаражат 3,9 миллиард деп жоспарланған болса, 10 ай барысында игерілген қаржы сомасы 3,71 миллиард теңгені (95 пайыз) құрайды.

Атқарылған жұмыстарды көз­бен көріп, көңілге түйгеннен ке­йін журналистік сапар соңында Са­мұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Валерий Ли баспасөз брифингін өткізіп, көптеген сауалдарға қатысты тың­ғылықты жауаптар берді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар