Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджеттік бағдарламалардың орындалмауының және олардың тиімсіздігінің негізгі себебін мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі олқылықтармен байланыстырған болатын. Төмендегі мақалада бір саланың жұмысын талдау арқылы жалпыға ортақ түйінді жайттар әңгімелен еді.
Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджеттік бағдарламалардың орындалмауының және олардың тиімсіздігінің негізгі себебін мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі олқылықтармен байланыстырған болатын. Төмендегі мақалада бір саланың жұмысын талдау арқылы жалпыға ортақ түйінді жайттар әңгімелен еді.
Облыстық тексеру комиссиясы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетімен бірлесе отырып облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы биылғы жергілікті бюджет қаражатын және республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану тиімділігіне бақылау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша 14 568,7 миллион теңгенің түрлі заң бұрмалаушылықтары анықталды. Бұл көрсеткіш бақылаумен қамтылған жалпы соманың 42 пайызын құрайды. Осы кезеңде кепілді тегін медициналық қызмет көрсететін ұйымдар 13 512,6 миллион теңгенің медициналық көмектің сапасы мен көлемін бақылаудың нәтижелерін ескерместен жүзеге асырғаны белгілі болды. Ал, жекелеген келісімдер бойынша тура және түпкілікті көрсеткіштер көлеміне толық қол жеткізілмеген, сөйтіп 335 миллион теңгенің трансферттері игерілмеген. 279,9 миллион теңгенің медициналық құрал-жабдықтары қоғам игілігіне тиімді пайдаланылмаған. Мәселен, «Кардиологиялық орталық» КМК-де 255,5 миллион теңгеге сатып алынған ангиографиялық рентген аппараты орнатылмаған. Денсаулық сақтау ұйымдары мен «Казмедприбор» ЖШС арасында жылжымалы медициналық кешен сатып алуға жасалған шарттар кешіктірілген. Жабдықтаушылар жеткізген жылжымалы медициналық кешендер техникалық бейіндерінде көрсетілген техникалық жағдайларға сәйкес келмеуі себепті келтірілген залал 241,6 миллион теңгені құраған. Облыс медициналық ұйымдарының медициналық жабдықтармен жинақталу жағдайы да қанағаттандырмайды. Аудандардың көрсеткіші – 63,1, тубдиспансерлерде – 51,4, фельдшерлік-акушерлік пункттерде – 43,8, дәрігерлік амбулаторияларда – 38,7, медициналық пункттерде 52 пайыз төңірегінде. Петропавл қаласында орналасқан қалалық және облыстық ауруханалар мен емханалар бойынша 60,4 пайыздан аспайды.
Президенттің төрағалығымен өткен Үкімет жиынында мемлекеттік сатып алу жүйесінде орын алған келеңсіздіктер сынға алынғаны белгілі. Мұндай теріс жайттар облыстың медицина саласында үйреншікті қалыпқа айналғаны байқалады. Мемлекеттік сатып алу тәсілін негізсіз қолдану, Қазақстан Үкіметі айқындаған тауарлық биржалар тізбесіне енбейтін тауарлық биржалардан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру салдарынан 170,8 миллион теңге шығын келтірілген. Тұтастай алғанда, жағымды өзгерістерге қарамастан, денсаулық сақтау саласында медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық қорлары, ауылдарда медициналық ұйымдарды облыстық, аудандық орталықтарда шоғырландыру есебінен медициналық қызметтерге бірдей қолжетімділік қалыптаспаған. Мұның өзі емделушілердің сапалы және жоғары технологиялы медициналық қызметтерге сұранысын елеулі түрде қиындата түсері сөзсіз. Сауалдамаға жауап берген науқастардың үштен бірі ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасына қанағаттанбайтындығын атаған. Денсаулық сақтау саласын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі де түпкілікті шешілмей келеді. Әсіресе, елді мекендер тәжірибелі мамандарға тапшы. Штаттық бірліктерді толықтыру дәрігерлердің басқа лауазымдарды қоса атқаруы есебінен өтелуі медициналық қызметтің сапасы мен тиімділігіне теріс әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті.
Елбасы Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде денсаулық саласына аса ауқымды қаржы бөлінетінін, соған қарамастан қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпейтінін атап көрсеткен еді. Тексеру барысы өңірдегі денсаулық саласындағы түйінді проблемалар қаржылық ресурстардың жеткіліксіздігінен емес, керісінше оларды пайдалану тиімділігінің төмендігімен пайда болып отырғанын көрсетіп берді.
Дулат ЕДІРЕСОВ,
облыстық тексеру комиссиясының
төрағасы.
Солтүстік Қазақстан облысы.