Қазақ пен әзербайжан ұлттарының арасында пәлендей айырмашылық та жоқ дейді өзі. Қайта көңілімен сараптауына қарағанда, түркі тілдес екі халықтың тілінде де, ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында да ұқсастық мол. Алдымен бауырмалдылығы, қонақжайлылығы, кеңпейілділігі.
Самир Жарқайың ауданының Гастелло ауылындағы мектепте білім алған. Білім ошағында оқып жүрген кезінде кілең қазақ балаларымен дос болыпты. Сол достығы арқылы тіл үйренген. Кейін ер жете келе, жергілікті жұрттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын меңгерген. Сөйтсе, өз отбасыларындағы ұстанымдарымен үндес екен. Әке-шешесінің айтуына қарағанда, түпкі тамыры бір екі халықтың салт-дәстүрі бір арнадан бастау алатындай. Қазіргі күні Самир Исмаиловты сөйлеген сөзіне, білім-білігіне қарап, қазақтың жігіті екен деп қалатындар да аз емес. Кез келген бейтаныспен тілдесе келгенде, әп-сәтте жақындасып кетеді. Өйткені өңінде болмаса тілінде айырмашылық жоқ. Осылайша, Самир Шабаноғлы жергілікті жұрттың көзайымына айналып кетті. Тіпті кейбір балалары орыс тілінде сөйлейтін ата-аналар қазақтың бай тілін мейлінше меңгерген біздің кейіпкерімізді жақсы қырынан мысал ете бастапты. Ал Самир Шабаноғлының өзі болса алдағы уақытта тілдерді оқыту орталығының арнайы курстарына жазылып, ағылшын тілін жетік меңгерсем дейді. Өйткені үш тілді меңгеру уақыт талабы деп санайды.
– Кеңпейіл қазақ халқының ізеті мен ізгілігіне қайран қаламын, – дейді Самир Шабаноғлы, – көшеде келе жатсаң бұрын көріп-білмеген, танымайтын адамдар қос қолын ұсынып амандасып, құрмет көрсетіп жатады. Ал көрші-қолаң, жора-жолдастардың үйіне бара қалсаң, «дәм ауыз ти» деп құшақ жая қарсы алады. Мұндай қонақжайлылық біздің әзербайжан халқында да бар. Дәм адамдарды жақындастырады. Ауыл қариялары «бір күн дәмдес болған адамдарға қырық күн сәлем беру керек» деген ертеден келе жатқан тәмсілді жиі айтады. Өз басым қазақтың асын ұнатамын. Ас соңында сорпа ішіп, ел тірлігі жайлы есті әңгімелер айтып, кейінгі балаларға жөн-жосық көрсетіп отырған қандай тамаша?! Біздің отбасымыз Арменияда тұрған. Ең алғаш Қарабақты от шалып, дүние дүрліккен кезде бейбітшілік нұры шалқыған Қазақстанға көш басын түзедік. Жалғыз біз ғана емес, Арменияда туып-өскен, талай әзербайжанның отбасы төрткүл дүниеге тарыдай шашылып, тоз-тоз болып кетті. Алыстан арып-ашып келгенде, қазақ жұрты ыстық құшағын жайып, мейір-шапағатын төгіп қарсы алды. Қазір бұл жерде жүздеген ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып жатыр. Менің айтар бір тілегім бар, осы Қазақстанда кіндік қаны тамған, осы елді Отаным деп санайтын кез келген өзге ұлт өкілі қазақтың тілін, салтын, дәстүрін мейлінше меңгеріп, құрметтеулері қажет.
Өзінің айтуына қарағанда, тонның ішкі бауындай араласатын достары – қазақ жігіттері өте көп екен. Олар әрдайым достық қолдарын ұсынып тұрады. Мәселен, қазір жалпақ дүниені жаман тұмау жайлаған кезде Самир Шабаноғлы жұмыссыз отыр. «Бөрі арығын білдірмес» дегендей, қиындыққа қайсарлықпен төтеп беріп келе жатса, қос қолтығынан демейтіндер қазақ достары. Оны өзі іштей имандай ұйыған ризашылығымен тәптіштеп тұрып айтады.
– Өмірде не болмайды? Ел тыныш болсын. Араздықтың ауыртпалығын біз көрдік қой. Тойға жетелік. Той демекші, маған Наурыз тойы өте ұнайды. Бұрын біз де тойлайтынбыз. Жалпы көрініс, ішкі мазмұн бәрі бірдей. Тек біз Наурыз байрам дейміз, өзгесінде айырмашылық жоқ. Сол тәрізді адамгершілікті ұлықтау, кісілікті пір тұту жағынан келгенде екі халықтың жан-дүниесі, таным-түйсігі егіз тәрізді,– дейді Самир Шабаноғлы.
Түтінін түзу ұшырып, суын ішіп отырған жерді құрметтеу ең алдымен парасаттың белгісі. Кеңпейіл қазақ даласын жайлаған өзге ұлт өкілдері осындай азаматтардан өнеге алса, қанекей!..
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы