05 Желтоқсан, 2013

Даланың дара дүлдүлі

470 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ халқы өз мәдениет тарихында ұлы оқиғалар мен әйгілі есімдерді, тарихи тұлғаларды ешқашан естен шығарған емес. Олар жайлы ел аузында аңыз-әңгімелер, көптеген деректер қалып отырған. Өмір шындығын, қоғам шындығын айқын танытуда көркем әдебиеттің орны айрықша. Тарихи тақырыпта ой қозғап, қазақ елінің, қазақ ұлтының әр ғасырда әрқилы тағдыр кешкен ақтаңдақ, біртуар тұлғалардың ел тарихындағы орнына баға берген, олардың күрделі бейнесін көркемдік тұрғыдан жинақтаған қаламгерлер қазақ прозасы мен поэ­зиясын жаңа қырынан танытты.

Қазақ халқы өз мәдениет тарихында ұлы оқиғалар мен әйгілі есімдерді, тарихи тұлғаларды ешқашан естен шығарған емес. Олар жайлы ел аузында аңыз-әңгімелер, көптеген деректер қалып отырған. Өмір шындығын, қоғам шындығын айқын танытуда көркем әдебиеттің орны айрықша. Тарихи тақырыпта ой қозғап, қазақ елінің, қазақ ұлтының әр ғасырда әрқилы тағдыр кешкен ақтаңдақ, біртуар тұлғалардың ел тарихындағы орнына баға берген, олардың күрделі бейнесін көркемдік тұрғыдан жинақтаған қаламгерлер қазақ прозасы мен поэ­зиясын жаңа қырынан танытты.

Көркем шығармаларға өзек болған сондай тұлғалардың бірегейі – Иманжүсіп Құтпанұлы (1863-1931). Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев: «Иманжүсіп – көз жетер жердегі аса бір әйгілі де асқақ тұлға. Ол бүтін болмысымен аса зерделі суреткер, композитор, ұлы әнші-сазгер. Өзінің бітім табиғаты бойынша – нағыз дала көкжалы. Ол мүлде қайталанбас, қатардағы екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікке барып, адамдардың жүрегінен күні бүгінге дейін кетпейтін аңызға айналды. Ол өзінің адамгершілік айбынымен, кез келген астамшылық, үстемдікке бас ұрмайтын міне­зі­мен, қалың әлеуметке тізесі бат­қан кесір-кесапат атаулының қан­дайына да қасқайып қарсы шы­ғатын қасиетімен әлі талай келер ұрпақтың өкілдерін тамсантатын болады», – деп баға бер­ген Иманжүсіптің кім екенін, шығар­машылық мұрасын, дүниетанымын түсіну үшін оның өмір жолына, заманының хал-ахуалына, жүрген ортасына назар аударған жөн.

«Жүз қатыны қазақтың ұл тапса да,

Бәрібір Иманжүсіп бола алмайды!» –

дегендей, ол халқым деп өмір сүрген, ел-жұртын рухани бесікте тербету үшін жаралған сегіз қырлы, бір сырлы сері, дарын иесі. Тағы бірде Әбіш Кекілбаев Иманжүсіптің талантына бас ие отырып: «...Бір өкінішті жай сол, осындай айрықша бітімді ерекше тұлға біздің әдебиетімізде, өнерде өзінің лайықты, көркем бейнесін тауып, тарихшыларымыздың әділ бағасын ала алмай келеді», десе, академик Ахмет Жұбанов: «Иманжүсіптің бар тарихы архивте жатыр. Әлбетте, көп сөз ел ішінде әлі бар. Соларды жинау керек. Иманжүсіптің де күні туады әлі», деп көрегендік танытады.

Қазақ тарихы мен өнерінің бастау қайнарында тұрған сал-серілердің, ірі талант иелерінің бәріне ортақ қасиет – көп қыр­лы­лық. Балуан Шолақ, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай сынды өр мінезді өнер саңлақтарының Иман­жүсіп өмірі мен өнерінде сабақтастық, үндестік байқалады. Осы тұлғаларға қатысты жазылған шығармалар соның айғағы.

Иманжүсіпке қатысты көптеген ғылыми мақалалар мен зерттеу еңбектерінің авторы Оразбек Сәрсенбай былай дейді: «Саналы ғұмырында тағдырдың теперішін көп көрген Иманжүсіп күрескерлік өр үнін әндерінде танытады. Еркін жарық дүниені көруге зар болған Иманжүсіп сонда:

«Күнім қайда баяғы таңдай атқан,

Қараөткелдің көшесін дабырлатқан.

Бидайықтай ілуші ем аққу, қазды,

Жарғанат болғаным ба бұғып жатқан?» – деп, ...сұрапыл қайрат иесі Иман­жүсіп зорлықшы­лар­дың өзіне күш көр­сетуден тайынбаған. Мұрағат деректерінде оны жөнге салуға келгендердің талайы оңбай таяқ жеп, жарақаттанғаны айтылады. Оны ноян серінің өзі де жасырмайды.

Тумай жатып өш болды маған болыс,

Аударылды сол үшін талай қоныс.

Сатырлатып сабаушы ем, шеттерінен,

Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс!..».

Иманжүсіп өмірінің, қайсар ерлігі мен тума талантының ең тар­тымды да тағылымды тобы поэ­зия­лық жанрдағы көркем шығар­ма­ларда жасалған. Өлең, арнау, поэ­ма үлгісінде жазылған шығарма­лар­да Иманжүсіп Құтпан­ұлының алуан түрлі қасиет­тері, ол өмір сүр­ген заман шындығы қам­ты­лады. Оларды тұтастай алған­да, Иманжүсіп өмірінің көр­кем ше­жіресі деп сипаттауға болады. Батырдың шежіресін тарата­тын сондай шығармалардың бірі – Мәнсүр Бекежановтың «Иман­жү­сіпке хат» дас­таны.

Сегіз қырлы, бір сырлы өнер тарланы Жаяу Мұса Иманжүсіппен дос болған, оған өлең де арнаған.

Бүгінгі ақиық ақын Мұзафар Әлімбаев та «Қайсар» атты поэмасына желі етіп Иманжүсіп өмірін алған.

Ал дара дарын Кеңшілік Мыр­забеков «Иманжүсіп» поэмасында оны батырлық қырынан танытады. Бір шумағын оқып көрелік:

«Тік қарап, тура қарап, тік сөйлеген,

Жан емес бүгежектеп, бүкшеңдеген.

Даланың серісі еді білмейтұғын,

Не нәрсе басына іс түсті деген», деп келетін төрт жолда жанды сурет мен­мұндалап тұр.

Күрескер тұлғаға арналған жыр­лардың да шоқтығы биік. Бұл сө­зі­мізге дәлел – Ғалым Жайлыбайдың «Қараөткелдің бауырында қалың шұбар» атты өлеңі. Сол секілді Қа­сымхан Бегімановтің «Ақын ағаға сыры» Иманжүсіп рухымен тіл­дестіреді.

Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі – Серік Тұр­ғынбектің «Иманжүсіптің монологы» – Иманжүсіпке арналған өлең­дердің ішіндегі бірегейі. Моно­лог үлгісінде жазылған. Қазақ тари­хындағы шоқтығы биік тұл­ға бей­несін сөзбен сомдайды. Сәкен Сейфуллин мен Иманжүсіп Құтпан­ұлының арасында болған достық, сыйластықты:

«Түп-түгел ауылының мал мен басы,

Бар ептеп баяғыдан қалған кәсіп.

Дүниені дүрліктірген

Сол Имекең

Бұл күнде Сейфолланың  жан жолдасы», –

деп ой өрбітеді. Көкшелік ақын, манасшы-жыршы Баян­ғали Әлімжановтың «Балуан Шо­лақ пен Иманжүсіп» өлеңі К.Мыр­за­бековтің «Иманжүсіп» поэмасы, С.Тұрғынбектің «Сәкен мен Иман­жүсіп» атты туындыларымен үндес шығарма. «Азаттығын алтынға айырбастамайтын Ерейменнің еренінің» батырлығы жайлы ой толғай отырып, «жақсылықты жақ­тыр­ған, жамандықты жат қылған», ерлігі асқан Балуан Шолақ пен «бетпе-бет келгенді аттан жұлып алып, жыраға бүктеп-бүктеп бір-ақ тыққан» Иманжүсіп батырдың кез­десуі жайлы сөз етеді.

Көрнекті қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртаза: «Жалған дүниеден із-түзсіз кеткен жаман. Өмірде қанша зор болсаң да, артыңда іздерің, сұрарың қалмаса қор боласың. Иманжүсіп – Балуан Шолақ, Қа­жымұқан есімдерімен қатар тұратын қасиетті халық мақ­та­нышы. Ұлт намысының үлгісі. Қа­зіргі, бізден кейінгі ұрпақ бұл есімдерді ардақтай білсе, халқы­мыздың мерейі өсе түспек. Ел үшін, теңдік үшін, бостандық үшін жанпида болған ерлер алдында халық қарыздар. Оның өтемі: ерлер есімін өшірмеу», деп баға берген батыр есімінің қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихындағы орны ерекше. Дара тұлғалардың есімін әйгілеп, асқақтату, насихаттау – ұрпақтық парыз.

Иманжүсіп бойынан батыр­ларға тән қасиеттерді танып білеміз. Елінің бүтіндігі, тыныш­тығы мен тәуелсіздігі үшін, әділет­тілік үшін шайқасқан. Қазір біз тәуелсіздіктің ақ таңында бейбіт күн кешіп жатырмыз. Ол үшін Иманжүсіптей аруақты ерлер мен батыр бабаларымызға қарыздармыз. Жас буын, бүгінгі жастар Иман­жүсіптей сегіз қырлы, бір сыр­лы қасиетті бір бойына сіңіріп өссе, ел тәуелсіздігі мен ұлт айбыны асқақтай түсері сөзсіз.

Иманжүсіп Құтпанұлы – қазақ халқының бостандық алуы жолында өзіндік үлес қосқан азамат. Оның келер ұрпаққа қалдырған мұрасы да жетерлік. Тек оны әлде де зерттей түсу қажет. Жас ұрпақ осынау тұлғаны пір тұтып, өмірлік идеалына айналдырса, қазақ деген халықтың өсер тұғыры содан бастау алуға тиіс. Ел-жұртының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін өмірін қиған «нағыз дала көкжалы» Иманжүсіп Құтпанұлына қатысты телегей-теңіз мәселені толығымен зерттеп, игеру, жас буын өкілдеріне насихаттау – алдағы күннің еншісінде.

Раушан КӨШЕНОВА.

Соңғы жаңалықтар