Үкімет • 11 Желтоқсан, 2020

Баға мәселесі бақылауда болады

388 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Баға мәселесі бақылауда болады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қарастырылып отырған кезең­дегі экономика дамуының оң қар­қынын атап өтті. Құрылыс индус­трия­сы мен өңдеу өнеркәсібі жақсы дамып келеді. Сондай-ақ қызмет көр­сету секторындағы іскерлік бел­сенділік жақ­саруда, ұзақ мерзімді тауарларға сұраныс қалпына келтірілуде. «Нақты сектордың өсуі 2%-ға дейін жеделдеді. Қыз­мет көрсету саласының өсу қар­қыны минус 5,9%-ға дейін жақсарды. Осы жағдай ықпа­лымен ішкі жалпы өнімнің өсуі минус 2,8% деңгейінде қалып­тасты», деді Р.Дәленов.

Жағдайдың жақсаруының негізгі себептері – өндіруші емес секторларға тартылған инвестициялар, экономиканы кредиттеу, нақты сектордың өсуі және қызметтер саласының жандануы, сондай-ақ экономиканы қолдау бо­йынша іске асырылып жатқан шаралар. Тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялар 17,3%-ға өсті.

Қарашаның көрсеткіштері қызмет көрсету секторының жандан­ғанын көрсетті. Министр­дің айтуынша, сау­да 17,1%-ға, өнер, ойын-сауық және дема­лыс 17%-ға, техникалық қыз­­мет 15,9%-ға, тұру және тамақ­тану бо­йынша қызметтер 10,5%-ға, білім беру 7,6%-ға, бай­ланыс 4,5%-ға, техника мен бұ­йым­дарды жөндеу 3,5%-ға ұл­ғайды. Осылайша, қызмет көр­сету сала­сы­ның қалпына келуі жалғасуда. 10 айда сыртқы сау­да айналымы 70,5 млрд дол­лар­ды құрады. Экспорт 39,2 млрд, им­порт 31,3 млрд болды. Осылайша, 7,9 млрд доллар дең­­г­ейінде сауда теңгерімінің оң саль­досы сақталды. «Өңдеу өнер­кәсібінде 3,3% деңгейінде өсім сақ­талуда. Бұл ретте тау-кен өн­дірісі өнеркәсібі 3,4%-ға төмен­деді. Соның салдарынан өнер­кәсіптің нақты көлем индексі 99,2%-ды құрады», деді Р.Дәленов.

Министрдің айтуынша, құ­рылыс секторы өте жоға­ры өсімді көрсетіп отыр. Орын­дал­ған жұмыстардың кө­лемі 12,1%-ға өсті. Белсенді құры­лыс жұ­­мыстары Түркістан және Жамбыл об­лыс­­­тарында, сондай-ақ Шымкент қала­­сын­да байқалады. «12,1 млн шар­шы метр тұрғын үй пайдалану­ға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 9,3%-ға жоғары», деді Р.Дәленов.

Ведомство басшысы іскерлік белсен­ділікті қалпына келтіру бойынша қа­былданып жатқан шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті ат­қарушы органдар келесі мәселелерге назар аударуы қажет екенін атап өтті: Өңірлік тұрақтандыру қорларын пайдалану арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының мау­сымдық өсуіне жол бермеу. Өң­деу өнеркәсібі мен құрылыста қол жет­кізілген өсу қарқынын төмендетпеу. Жер­гілікті атқарушы органдар­дың инвес­тициялық жобалар пулын сапалы іске асыру. Дағдарысқа қарсы шара­лар бо­йынша қаражаттың тиім­ді игерілуін және жыл қоры­тын­дысы бойынша өсудің ныса­налы индикаторларына қол жет­­кізуді қамтамасыз ету. Жұ­мыс­­пен қамтудың жол картасы шең­берінде тұрақты жұмыс орын­дары­ның үлесін ұлғайту. Қаржы жылын толыққанды аяқтау және экономикаға қаражатты жылдам енгізу үшін келесі жылға арналған рәсімдерді дайындау.

 

Іскерлік белсенділік индексі өсті

Ұлттық банк төрағасы Ер­болат Досаев Қазақстанда биыл қарашада іскерлік белсен­ді­лік индексі 48,8-ден 49,4-ке дейін өскенін, бұл құрылыстың оң көрсеткішке жетуімен түсін­ді­рі­летінін, көрсеткіш 52,5 тар­маққа дейін, яғни 4,9 тармаққа өс­кенін айтты. Өнеркәсіпте және қызмет көрсету саласында жағ­дай өзгерген жоқ, индекстер тиісінше 49,6 және 48,7 болды. Қарашада жылдық инфляция бір ай бұрынғы 7,1%-бен са­лыстырғанда 7,3%-ға дейін жыл­дамдады. Азық-түлік инфляция­сы бағаның жалпы өсуіне ең көп үлес қосып, 10,8%-ға дейін ұл­ғ­айды. Азық-түлікке жатпай­тын инфляция киім бағасы өсуі­нің 5,6%-дан 5,7%-ға дейін үде­ді. Тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­­шылық реттелетін қызмет және мәде­ниет пен демалыс са­ласындағы қызмет бағасының өсуінен ақылы қыз­мет инфляциясы 3,7%-дан 4,1%-ға дейін өсті.

Бизнестің кредиттік порт­фелі жыл басынан бері 7,3 трлн теңгеге дейін 1,1%-ға ұлғай­ды. Жыл басынан жеке кәсіп­кер­лік субъек­тілерін қоса алғанда ха­лық­тың кредиті 7,2 трлн теңгеге дейін 7,5%-ға ұлғайды. Оның құры­лымында тұтынушылық қарыз­дар 4,3 трлн теңгеге дейін, 1,4%-ға, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар 2,2 трлн теңгеге дейін, 22,6%-ға өсті.

Биылғы 11 айдың қоры­тындысы бойын­ша мем­лекеттік бюд­жеттің атқа­ры­­лу көрсеткіштері туралы баян­­даған Қаржы министрі Е.Жа­маубаев аталған кезеңде мем­­ле­­­кет­тік бюджетке 8 трлн теңге кіріс кіріп, жоспар 104,7%-ға ат­қарылғанын айт­ты. Соның ішінде республикалық бюд­жетке 5 трлн 224 млрд теңге кіріс түсті, жоспар 101,4%-ға орын­далды. Мемлекеттік бюд­жет­тің шығыстары 97,8%-ға, рес­пуб­ликалық бюджеттің шы­ғыс­тары 98,9%-ға, жергілікті бюд­жет­тердің шығыстары 97,2%-ға ат­­қарылды. Республикалық бюд­жеттің шы­ғыстары 12 трлн 503 млрд теңгені құрады. 137 млрд теңге атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 15 млрд теңге, игерілмегені – 122 млрд теңге.

Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020 жылдың 11 айы­ның қорытындысында өң­деу өнеркәсібінде оң үрдіс сақ­тал­ғанын, саланың барлық секторында өсім бар екенін, соның ішінде жеңіл өнеркәсіп өндірісі 15,5% өскенін айтты. Бұл тоқыма бұйымдары өндірісі, киім және былғары өнімдердің ұлғаюына байланысты болды. Қағаз және қағаз өнімдері өндіріс көлемінің өсімі 14,6%-ын құрады. Ағаш және тығын бұйым­дары өндірісі көле­мінің өсімі 47,3%-ды құрады.

Энергетика министрі Нұрлан Но­ғаев­тың айтуынша, биылғы 11 айдың қорытындысында мұнай және конденсат өндіру көлемі 78,5 млн тоннаға жетіп (жоспарға 101%), 62,9 млн тонна мұнай экспортталды, жоспар 100% орындалған.

 

Негізгі салаларда өсім бар

Мәселені Үкімет басшысы қоры­тындылады. Оның айтуын­ша, биылғы 11 айдың қорытын­дысы бойынша экономиканың базалық салаларында оң өсім бай­қалады. «Елдегі эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ оны одан әрі сақтау экономиканың өсуін жақсартуға айтарлықтай ықпал етеді», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Павлодар, Түр­кістан, Ақтөбе облыс­тарын­дағы әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік тауар­лары бағасының өсу қарқынының арт­қанына назар аударды. Бағаның ең төмен өсімі Ақмола, Қызылорда, Сол­түс­тік Қазақстан, Шығыс Қазақ­стан, Маңғыстау облыс­тарында және Нұр-Сұлтан қаласында тір­келген. «Өңір әкімдері әлеу­мет­тік маңызы бар тауарлар мен тарифтердің бағасын тұрақт­ан­дыру бойынша шаралар қабылд­ауы тиіс. Бұл жұмысқа қажетті құ­ралдар бар. Баға мәселесі тұ­рақты бақылауда болғаны жөн», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету жө­ніндегі жос­парды 100% орындау, сондай-ақ қар­жы жылының соңына дейін бюджет қаражатын толық әрі тиімді игеру қажет екенін атап өтті.

 

Ағаштарды заңсыз кескендерге жаза күшейтіледі

Сондай-ақ Үкімет отырысында орман ресурстарын қорғау және қал­пы­на келтіру мәселелері қаралды. Эко­логия, геология және табиғи ресурс­тар министрі М.Мырзағалиев, Қызыл­орда облысының әкімі Г.Әбді­қа­лықова, Ақмола облысы­ның әкімі Е.Маржықпаев, Атырау об­лысының әкімі М.Досмұ­хам­бетов баян­дама жасады.

Мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы ел аумағының 11%-ын құрайды (30 млн гектардан астам). Респуб­лика­ның ор­мандылық көр­сет­кіші – 4,8%. Мемлекет басшысы бес жыл ішінде орман қорында 2 млрд ағаш және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл Қазақ­стан 2018 жылы қо­сылған «Бонн шақыруы» жа­һан­дық бастамасы аясында ор­мандылық деңгейін арттыруға және елдегі экологиялық жағ­­дай­ды жақсартуға мүмкіндік береді.

«Жасыл» қордың айтарлықтай өсімін қамтамасыз ету үшін жел­тоқсан айында Үкімет өсім­дік әлемі объектілерін сақ­тау және ұтымды пайдалану мәсе­ле­лері жөніндегі заң жобасын Парламент­­ке енгізеді. Бұл жасыл желектерді па­й­дала­ну кезінде заңдылық пен құқық­тық тәртіпті нығайтуға, сон­дай-ақ қатынастарды реттеуге бағытталған. Әкімшілік және Қылмыстық кодекс­терге ағаш­тарды заңсыз кескені үшін жауапкершілікті күшейтетін түзету­лер әзірленді. Сонымен бірге кесіл­ген ағаштардың орнына өтемдік ағаш отырғызу нормаларын ұлғайту көзделген.

Премьер-Министр экология, ауыл шаруашылығы, индустрия, қаржы министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, екі ай мерзімде Ормандарды қалпына келтірудің және ағаш өсірудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Өңір әкімдіктеріне елді мекендер мен мемлекеттік орман қорындағы жасыл желектерді мониторингілеу, түгендеу, жай-күйі мен пайдаланы­луын бақылау, орман қорғау қызметтерін материалдық-техникалық және кадрлық жарақтандыруды нығайту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.