05 Желтоқсан, 2013

Жүрек жылуы

1022 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мейірімділік – жаның сусағанда көңіліңе нұр құяр сәуле. Жай ғана жарық емес, үміт шамшырағы. Құла­ғанға демеу болып, мұқтаж жанға жақсылық жасағаннан артық не бар бұл өмірде?! Сүйініштісі сол, сол құндылықты шын пейілімен сыйлап жүрген жанашыр жандар ортамызда баршылық.

Мейірімділік – жаның сусағанда көңіліңе нұр құяр сәуле. Жай ғана жарық емес, үміт шамшырағы. Құла­ғанға демеу болып, мұқтаж жанға жақсылық жасағаннан артық не бар бұл өмірде?! Сүйініштісі сол, сол құндылықты шын пейілімен сыйлап жүрген жанашыр жандар ортамызда баршылық.

Соның бір айғағы осыдан бес  жыл бұрын Сара Алпысқызының тікелей ұйытқы болуымен өмірге келген «Ризашылық» күні. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын тапты. Осы ризашылық мерекесіне орай Астана қалалық балалар үйінде мерекелік шара өтті. «АССМ» мен «BI групп» компаниялары демеушілік етіп, балаларға асхана бөлмесі мен ойын алаңын сыйға тартты. Компания өкіл­дері бас дәрігер Гүлнар Ере­же­­қызына салтанатты түрде бөлме кілттерін ұсынды.

Шараға Балаларды қорғау де­пар­­­таментінің өкілдері, Латвия, Эстония, Чехия, Тәжікстан, Украи­на елдерінен келген қонақтар қатыс­ты. Шараның негізгі ұйымдас­ты­ру­шылары – Астана қалалық балалар үйі және Еуразия ұлттық университетінің «Сенім» ұйымының студенттері. Бүгінгі жастарымыздың мұндай қоғамдық әрі адамгершілік бағыттағы шараларға белсене араласуы көңіл қуантты. «Сенім» ұйымының мүшелері бір ай бойы аталған балалар үйіне келіп, кіш­кентай ғана бүлдіршіндермен жақсы қарым-қатынас орнатқан екен. Туғаннан төрт жасқа дейінгі балалар тәрбиеленетін балалар үйі мейірім шуағына толы. Үйдің әр бұрышында жақсылық нұры төгіліп тұрады. Әйтсе де, оларға жан жылуы керек-ақ! Осыны көздеген ұйым мүшелері бүлдіршіндердің көңілін көтеруге бар күштерін салды.

Бұл күні балаларға клоундар мен цирк өнерпаздары өнер көрсетіп, әрқайсысының көңілін көтерді. Бір айтарымыз, жетімін жылатпаған халықпыз ғой, мұндай шаралар тек атаулы күндерде ғана емес, жүйелі ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Камшат ЖҰБАТХАНОВА,

Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті.

Соңғы жаңалықтар