Қазақстан Елшісі А.Камалдинов Қазақстан мен Канада арасында қалыптасқан қатынастардың жоғары деңгейін және олардағы екі елдің парламенттері деңгейіндегі диалогтың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Қазақстандық дипломат Канада парламентінің төрағасына Қазақстандағы саяси өзгерістер мен Президент Қ.Тоқаевтың елде жүргізіп отырған демократиялық реформалар туралы хабардар етті, сондай-ақ 2021 жылғы 10 қаңтарға жоспарланған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің кезекті сайлауы өтетіндігін айтты. А.Камалдинов канадалық депутаттың назарын 2019 және 2020 жылдары Қазақстанда бірқатар заңдарға енгізілген түзетулер азаматтық қоғамды дамыту, көппартиялы жүйені құру, саяси бәсекелестікті және Қазақстандағы пікірлердің плюрализмін қамтамасыз ету жолында маңызды жетістіктер болып табылады деді.
Cұхбат барысында парламентаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасулар болды. Тараптар келесі жылы өтетін екіжақты іс-шаралардың күн тәртібіне, сондай-ақ Қазақстан-Канада парламенттік достық тобының қызметін қалпына келтіруге ерекше назар аударды.
Дж.Фьюри Қазақстанды Канаданың сенімді және тұрақты серіктесі деп атады және елдің саяси жүйесін жаңарту мақсатында жүргізіліп жатқан реформаларға оң баға берді. Оның айтуынша, Қазақстан Канаданың Орталық Азиядағы ең ірі серіктесі болып табылады және біздің елдеріміз тауар айналымын одан әрі арттыру үшін үлкен әлеуетке ие. Сенат Төрағасы сонымен қатар Қазақстан мен Канада арасындағы парламенттік диалогты дамытуға ықпал етуге дайын екенін білдірді.
Сұхбаттың соңында Дж.Фьюри жан-жақты пікір алмасқаны үшін алғысын білдіріп, келе жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 29 жылдығы мерекесімен құттықтады.