Елорда • 11 Желтоқсан, 2020

Елордада ірі сауда орталықтары тәулік бойы жұмыс істеуі мүмкін

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорданың ірі сауда орталықтарына тәулік бойы жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қалалық мәслихат отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада ірі сауда орталықтары тәулік бойы жұмыс істеуі мүмкін

«Біз қайтадан «қызыл» аймаққа кірдік. Бұл шектеу іс-шараларын одан ары да қатаң бақылауымыз керек деген сөз. Осы уақытқа дейінгі тәжірибемізді ескере отырып, бірқатар іс-шара қабылдайтын боламыз. Сонымен қатар жаңа тетіктер де қолданған жөн. Мәселен, дәліздерді тарылтып, супермаркеттерге 17-00 немесе 18-00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берудің логикасы дұрыс. Алайда, тәжірибе барлығы да сол уақытқа дейін сауда жасап үлгеруге тырысатындығын көрсетті және қарбалас туындайды», - деді А.Көлгінов.

Бұдан соң әкім елорданың бас санитарлық дәрігерімен және сауда орталықтарының басшыларымен бұл мәселені шешу жолдары талқыланғанын сөз етті.

«Ендігі кезекте аумағы 2 мың шаршы метрден асатын ірі сауда орталықтары тәулік бойы жұмыс істеуі үшін шешім қабылдайтын боламыз. Бұл қала тұрғындарының сауда орталықтарына қолайлы уақытта бара алуы үшін жасалмақ. Бұл жағдайда дәліздерді тарылтпаймыз және қарбалас та болмайды. Әсіресе, Жаңа жыл қарсаңында барлығы да дүкенге барып, үйіне қажетті заттар, енді біреулер балалаларына сыйлық алғысы келеді. Сондықтан осы мәселені бірлесіп шешуіміз керек», - деді Алтай Көлгінов.