Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2020

Экология министрі Каспий итбалықтарын зерттеу және қалпына келтіру орталығына барды

86 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болып, Каспий итбалықтарын зерттеу және қалпына келтіру орталығының жұмысымен танысты.

Экология министрі Каспий итбалықтарын зерттеу және қалпына келтіру орталығына барды

«Каспий итбалықтарын зерттеу және қалпына келтіру орталығына бардым. Мұнда жарақат алған, ауырған су сүтқоректілерді емдеп, мекен ету ортасына қайта жібереді. Министрлік өз тарапынан орталықты кеңейту, жабдықтандыру жұмысына қолдау көрсетуге дайын. Біз үшін әрбір итбалықтың өмірі қымбат»,- деп жазды министр Twitter парақшасында.

Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше , итбалықты емдеу жұмысы үшін тиісті мамандар даярлау мәселесін де жолға қою қажет.

«Жалпы, Қызыл кітаптағы итбалықты ұрып-соғу жағдайы бұдан кейін қайталанбауы тиіс. Сондықтан біздің мамандарымыз еріктілерді тартып, оқу курстарын өткізуді бастамақ»,- дейді министр.

Сонымен бірге М.Мырзағалиев Ресейдің Махачкала жағында итбалықтардың өліміне қатысты қазір орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің жергілікті инспекторлары теңіздің Қазақстан жағында сараптама жүргізіп жатқанын да хабарлады. Инспекция мамандарының мәліметінше, Қазақстан аумағында итбалық өлімі факторы тіркелген жоқ.

Айта кетейік, Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстау өңіріне сапары кезінде экологиялық депертаменті, «Қазгидромет» РМК, облыстық аумақтық орман шаруашылығы және өсімдіктер әлемі инспекция мамандарымен кездесті. «Қазазот» ЖШС өнеркәсіп орнын, Caspian Riviera балық шаруашылығы мекемесін аралап көрді.