Сервистік әкімдіктің ашылуына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов арнайы қатысып, жасалған мүмкіндіктермен танысып қайтты. «Open space» қағидатымен жұмыс істейтін орталықта 9 мекеме тұрғындарға жылжымайтын мүлік рәсімдеу, құрлысқа рұқсат алу, әлеуметтік төлемдерді тағайындау, электрондық цифрлық қолтаңба аштыру, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары және басқа да салалар бойынша жалпы саны 48 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Мұнда күту залы мен балаларға арналған шағын ойын алаңы бар. Қазірдің өзінде қызу жұмысын бастаған орталыққа келуші тұрғындар мұндағы электронды кезектің, қажетті қызметті бір жерге шоғырландырудың қолайлы екенін айтуда. Орталық қызмет алушылардың уақытын, күш-жігерін, қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов нысанның ашылуы кезінде:
- Бұл – Алматы облысында ашылып отырған 20-шы сервистік әкімдік. Осы жобалар халыққа жаны болуға, ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгін сервистік әкімдік ашу арқылы Талғар ауданының тұрғындарына қолайлы жағдай жасалып отыр. Мемлекеттік қызмет алу бойынша азаматтардың сауалдарына осында отырған мамандар жауап береді, тиісті қызмет көрсетеді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыру», - деді.
Сондай-ақ ғимаратта "Жетісу – адалдық алаңы" жобасымен жабдықталған азаматтарды қабылдау кабинеті орналасқан. Бұл жерде аудан әкімі, әкім орынбасарлары, мекеме басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізеді.